Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Цифрландыру неге төмен?

Қазіргі таңда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы төрт бағыт аясында іске аcуда. Соның бірінші бағыты – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру.

Газетіміздің 20 тамызындағы №34 санында «Интернет игілігін қашан көреміз?» атты мақаламыздың ауыр жүгі арқасынан әлі түспегендей. Неге? Себебі, оқырмандар тарапынан интернет мәселесі туралы шағым хат көптеп түсуде. Соның бірі мынадай:

«Мен, Бекшора Әділ – Сағыз ауылының тұрғынымын, бірінші топ мүгедегімін. Отбасымда желкілдеп төрт немерем өсіп келеді, үшеуі – мектеп жасында. Мектеп демекші, менің де айтайын деп отырған мәселем осы мектеп жайында. Жаңа оқу жылы басталып та кетті, әлі ауылымызда интернет мәселесі шешілген жоқ. Осы мәселе мені ата-ана ретінде қатты алаңдатады, келінім ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, үйде сабаққа дайындалатын компьютері бола тұрса да, интернет желісі ұстамайтын болғандықтан 300 метр қашықтықтағы төркініне барып, күн демей, түн демей дайындалып келеді. Қарап отырып, жаным ашиды. «Қазақтелеком» АҚ Сағыз байланыс бөлімінің монтері Н.Юниске екі мәрте арыз жазсам да, «бағанада бос жәшік жоқ» деп сылтауратады. Үш немереме бір-бірден ұялы байланыс алып берсем де, немерелерімнің былтырғы оқу жылының төртінші тоқсанындағы интернет кемшілігінен көп зардап шеккендері есімнен кетпейді. Табиғаттың сан түрлі құбылатын мінезін былай қойғанда, жайма-шуақ күндерде интернеттің нашарлығынан ымырт түсе сабақтан қайтқан баланың қай жерде келе жатқанын біле алмай дал болатынымыз қынжылтады. Қашықтан оқу бірінші сынып оқушысына тіпті де қолайлы емес, үйде әжесі мен атасының мейірімін көріп өскен бала алғашқы әріптер мен алғашқы жазуды жазғысы келмей, бұла еркелікке салатыны шындық. Желінің бірде – бар, бірде – жоғы әбден жүйкемізге тиіп, «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегеннің кебін кидік. Осы хатымды оқып отырған тиісті құзырлы мекемелердің, «Нұр-Отан» партиясы аудандық филиалының құлақтарына шалынып, үйімнің қасына бір бос жәшік орнатып берулеріне қолғабыстарын тигізсе екен деген тілегім бар».

Әрине, бұл бір ғана оқырманның хаты. Интернеттің жайын айтып, телеграмм, әлеуметтік желілерді шулатып жатқандар қаншама?! Соған сай, біз де журналистік зерттеу жүргізгенді жөн көрдік.

«Телефон желісін тартып беріңізші»

Қызылқоға желілік техникалық учаске басшысы Ақылбек Тәжіғұлдың түсіндіруінше, аудан бойынша 223 телефон және 407 интернет нүктесі қойылған. Ауданнан, елді мекендерден түскен сұраныстар толықтай зерделеніп, техникалық мүмкіндігіне орай қарастырылатын болады. Округ орталықтарына актив, билайн 3G желісі, ал Миялыда актив 4G, алтел желілері қосылды. Жаңадан орнатылған ықшам аудандарда, көшелерде техникалық мүмкіндігі жоқ болу себебінен желі тартылып жатқан жоқ. Болашақта үй-үйлерге желілер тартып, телефон мен интернет желісін орнату үрдісі қалып, керісінше заман талабына сай интернет желісін ұялы байланыс операторлары арқылы жүзеге асыру жұмыстары бастау алатын болады.

- Көп тұрғындар үйіме телефон линиясын тартып бер деп өтініш білдіреді. Ол үшін кеңейту жұмыстарына материалдар бөлініп жатқан жоқ. Кабельдердің түр-түрі болады. Мысалы, қатар тұрған екі үйдің біріншісіне кабель тартылып, екіншісіне кабель тартылмай қалуы мүмкін. Оның себебі, бір кабель көп жүкті, яғни 20 кабель болса, ол тек 20 үйге ғана тартылады. Көп тұрғындар ток көзінің желісімен шатастырып жатады. Ток көзін бір кабельден бірнеше желі тарта беруге болады, ал телефон желісінде бір кабельдің өзінің шектік мөлшері бар. Жыл басынан бері 300-ге жуық үйге телефон нүктесі орнатылса, аудан бойынша қыркүйек айында мектеп басшыларының берген тізімі бойынша 50 үйге телефон нүктесі қойылған, - дейді Қызылқоға желілік техникалық учаске басшысы Ақылбек Тәжіғұл.

Жауапсыз қалған хат

Жалпы қашықтықтан оқыту қолға алынғаннан бері интернет мәселесін шешу хақында арыз-шағым, ұсыныс-пікірлер көбейіп, алды аудан басшыларына да жетті. Сондықтан аудан әкімі Н.Бисембиевтің қолымен «Қазақтелеком» АҚ филиалы – Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының бас директоры А.М.Қадірәлиевке былайша хат жолданды: «Қазақстан Республикасының Үкіметімен қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, бірінші бағыт бойынша ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру деп көрсетілген. Қызылқоға ауданындағы 18 мектептің 16-ы интернет желісімен қамтылған. Алайда Кенбай елді мекенінде орналасқан Т.Жанұзақов атындағы бастауыш мектебі мен Тасқұдық елді мекеніндегі Тасқұдық бастауыш мектептері қазіргі уақытта техникалық мүмкіндіктердің жоқ болуына байланысты интернет желісіне қосылмаған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасында пандемияға қарсы енгізілген шектеулерге байланысты 2020-2021 оқу жылының бірінші тоқсанындағы сабақтарды қашықтықтан оқыту әдісімен жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Бұл Қызылқоға ауданының көптеген елді мекендеріндегі ұялы байланыс желісіндегі интернет жылдамдығының төмендігінен сапалы білім беруге кедергі келтіру қауіпі бар. Осыған байланысты, Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында жоғарыда аталған мектептерге интернет желісін қосудың техникалық мүмкіндіктерін қарастыруға және Қызылқоғаға қарасты елді мекендерді «Altel» байланысымен (4G жылдамдығымен) қамтуға ықпал етуіңізді сұраймын» Әйтсе де, аталмыш дирекциясының бас директоры А.Қадірәлиев «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дегендей, «Кселл» АҚ басқарма төрағасы К.Кукелиске, «Мобайл Телеком – Сервис» ЖШС Р.И.Володинге хат жолданғандығын мәлімдеп, шығарып салма жауаппен қоя салады.

Шешілу жағы қарастырылу керек

Елбасы - Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Біз тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. Қазір дамыған озық 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сондықтан Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда Үшінші жаңғыру жөнінде жарияладым, яғни оның негізі цифрландыру болып табылады» деген болатын.

Бұл ретте, аудандық мәслихаттың депутаты Айбар Алтыбаев:

- Ауданымызда интернет мәселесі әлі де өзекті мәселеге айналып отыр. Соның ішінде, Сағыз ауылы тұрғындарының өтініш-тілектерін ескере отырып, осы жылдың шілде айында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ.Б.Есекеевке хат жолдадым. Алайда, хат негізінде «Қазақтелеком» АҚ филиалы – бөлшек бизнес жөніндегі дивизионның бас директоры И.Е.Погребицкий: «Атырау облысы Қызылқоға ауданының Сағыз ауылы ішінара сымды телекоммуникация желілерімен қамтылған. Ірі қаржылық салымдардың қажеттілігін ескере отырып, сіздің хатта көрсетілген аудандарда «Қазақтелеком» АҚ филиалы – Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының 2020 жылға даму жоспарларында қосымша сым желілерінің құрылысы қарастырылмаған. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 24 ақпандағы №171 бұйрығымен бекітілген байланыс қызметтерін ұсыну ережелеріне сәйкес, қызмет көрсету туралы шарт техникалық мүмкіндік болғанда жасалады. Байланыс желілерін жүргізу құрылыс-монтажды жұмыстары, өздігінен қаржыландыру схемасы бойынша «Қазақтелеком» АҚ техникалық талаптарды ала отырып, өтініш берушілердің есебінен жүзеге асырылуы мүмкін екенін қосымша хабарлаймыз» деп жауап берді. Әйтсе де, халық мұқтажын аяқсыз қалдырмау мақсатында Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Б.Мусинге хат жолдадым. Хатқа жауап әлі келе қойған жоқ. Осы жылдың 10 айы ішінде Сағыз ауылдық округінде 2 АТС автоматты телефон станциясы, 910 телефон нүктесі, 815 интернет желісі жеке тұлғаларға қосылды. Техникалық мүмкіндік бар жерлерге сұраныс бойынша 59 телефон, 80 интернет нүктесі орнатылды. Сондай-ақ телефон, интернет желісін орналастыруға түскен 155 сұраныстар (оның ішінде: Мұқанғалиев көшесі 27, Лесхоз ауылы 21, Абдулин (Билайн ы/а) 50, Военный част 16, Бисенов 15, Керейұлы 3, Маханов 10, Улетов 3, С.Бейбарыс 6, Қ.Жайлыбаев көшесі 4) қосымша кабельді желінің (линия) болмауынан орындалмаған. Аудандық желілік техникалық учаскесінің тарапынан, көшелерге жаңа кабельді желілер тарту схемалық жобасын Атырау облыстық жергілікті желілер техникалық торабына тапсырыла тұра әлі күнге дейін орындалмай келеді. Қалай болғанда да «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқандай, еліміз дами түсу үшін цифрландыру мәселесін шешу жолын қарастырғанымыз жөн деп есептеймін,- дейді.

Сайып келгенде, ғылым мен технологияның дамыған кезінде халықты интернетпен қамту – бірінші кезекте тұру керек. Алайда, бұл мәселенің жақын арада оң шешімін таба қоюы қиын. Сондықтан, жоғарыда айтылған мамандар жұмысындағы кедергілер жойылып, азаматтарды интернет және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз еткен абзал. Сонда ғана цифрлық теңсіздік жойылады.

Елдімекен атауы     Телефон      Интернет

Жанкелдин               79%            67%

Жасқайрат               78%            68%

Қоныстану               80%             69%

Тасшағыл                 77%             68%

Қаракөл                   87%             69%

Қарабау                   80%             52%

Тайсойған                 84%            73%

Сағыз                       61%             51%

Мұқыр                      73%             50%

Соркөл                     91% -

Жантерек                 83%             77%

Кенбай                    9% -

Жамансор                58%              43%

Тасқұдық                 46% -

Бұқар -

- Миялы                   89%              64%

Әйгерім ШАЯХМЕТОВА

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521