Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тәуелсіздік мерекесін қалай тойлаған дұрыс?

Азаттық жолында жан аямай күресіп, ат үстінде күн кешкен бабалардың талай жылғы аңсаған арманы орындалып, бүгінде тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жыл толып отыр. Тарих таразысына салсақ бұл аса көп жыл емес. Десе де, отыз жылда елімізде жеткен жетістік, атқарған жұмыстар жетерлік. Жетпіс жыл бодандықта болған ата дін мен ана тіліміз қайта оралып, жаңа астанамыз бой көтерді. Алыс ауылдарға көгілдір отын, ауызсу тартылып, тақтайдай жол салынды. Экономикамызды нығайтып, Орта Азияның көшбасшысына айналдық. Расымен де мұның бәрі мақтануға тұрарлық нәтижелер. Осы орайда, «Осынау толағай табысты бүгінгі ұрпақ жете түсіне ме, жалпы 30 жылдық мерекені қалай тойлаған дұрыс, тәуелсіздіктің мәнін қалай арттырамыз?» деген заңды сауал туындары анық. Соған сай, аталмыш сауалдарды көзі қарақты оқырмандарға қойып, пікірлерін білгенді жөн санадық.

Жастардың санасына сіңіру керек

Әрине, Тәуелсіздік ең қасиетті де, қастерлі мереке. Жас ұрпақ мұның қадіріне жетіп, мағынасын жете түсінуі керек. Ол үшін жастар көп отыратын әлеуметтік желілер мен Ютуб арналар арқылы Тәуелсіздік хақындағы бейне-роликтерді көбейткен дұрыс. Себебі, екі мыңыншы жылдары туған жастар егемендік жайлы аса көп біле бермеуі мүмкін. Өйткені олар ес біліп, көзін ашқанда біздің тәуелсіз ел атанғанымызға он жылдан асты. Ал, жастарға мұны қалай жеткіземіз, бойына қайтіп сіңіреміз? Ол үшін оларға тарихты қинап оқытудың қажеті жоқ. Жай ғана Тәуелсіздік жолында жан аямай күрескен батырларымыз бен тұлғаларымыз жайлы қысқаша мультфильм мен киноларды көбейту керек. Мысалы, қазіргі балалар «Өрмекші адам», «Бетмэн», «Халк» сынды шетелдің кейіпкерлерін жатқа біледі, соларға еліктейді. Сол сияқты, біз де «Алпамыс», «Қобыланды» секілді өзіміздің идеологиялық кейіпкерлерді көбейтуіміз қажет. Соларды компьютерлік ойындарға қоссақ тіпті керемет болады. Сондай-ақ, жастар арасында интеллектуалдық ойындарды көбейткен жөн. Себебі, қазір жастар арасында спорттық және мәдени сайыстар ғана ұйымдастырылып жүр. Осыған интеллектуалдық ойындарды қосып, ойын барысында Тәуелсіздік бағытындағы сұрақтарды жиірек қойған дұрыс. Сонда жастардың көкірек көкжиегі ашылып, егемендік жайлы толығырақ біледі. Қорыта айтқанда, Тәуелсіздігіміз ғұмырлы да, тұғырлы болуы үшін ең бастысы жастардың санасына сіңіру парыз.

Жәния ІЗБАСҚАН,

ауданның Құрметті азаматы

Түйін.

Тәуелсіздік мерекесі – егемендік алғалы бері жеткен жетістіктерімізді бағалайтын, атқарылып жатқан істерге шолу жасап саралайтын, келешекке жоспар құрып бағдарлайтын кезең. Ол үшін біз осынау қастерлі мерекені ерекше тұрғыда атап өтуіміз керек. Жылдағы бір сарын іс-шараларды азайтып, тың дүниелерді қосқан дұрыс. Сонда ғана елдігіміз тұғырлы һәм ғұмырлы болмақ.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT