Суицид – өте қауіпті дерт. Бұл адам үшін өмірдің мән-мағынасының жойылуы. Өмірге деген құштарлығының төмендеуі. Әсіресе психологиялық қиындықтарға қарсы тұру қиын. Басына қиыншылық түскен адам өзін әртүрлі ұстайды. Біреулер уайым-қайғыға салынып, бойындағы үрей мен қорқынышты жеңе алмай, ақыры аяғында о дүниеге аттанады. Ал, кейбіреулері психологиялық ауыртпалықты жеңіп, көп жағдайда өз өмірлерін құтқарып жатады.
Жасөспірім шақта кездесетін қиындықтарды көтере алмау, айналадағылармен тіл табыспау, психологияның толық қалыптаспағандығы. Әртүрлі себептерден өскелең ұрпақ арасында суицид артып отыр. Ауыр дерттің алдын алу үшін ата-ана, мұғалімдер, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер, салауатты өмір салтын қалыптастырушы мамандар, бұқаралық ақпарат құралдары бірлесе жұмыс атқаруы керек. Яғни жасөспірімдер мен жастар арасында осы тақырыпта дәріс, әңгімелесу, сұхбаттасу, кеңес беру, сұрақ-жауап сынды шаралардың көбірек жүргізілгені абзал.
Суицидке баратындар көбінесе ішкі жан күйзелісін басынан кешіреді. Психикалық аурулар, көңіл-күйдің құбылмалығы, депрессиядан зардап шегеді. Сайып келгенде оларды болашақ өмір қызықтырмайды. Қандай жағдайға тап болса да, тығырықтан шығудың жолын таба білу керек. Күйзелісте жүрген адам тығырықтан шығар жолды көрмейді. Күйзеліспен күре білу жастардың бойында төмен. Жалпы ата-ана баламен сырласып, әңгімелесе білгені жөн. Қазіргі таңда көбі күнкөрістің қамымен күндіз-түні жұмыста жүреді де бала қараусыз қалады. Баланы бала деп қарамай, қандай мәселелері бар сұрап сырласып отыру қажет. Көп ата-ана күйзелісте жүреді де баладан өшін алып, ұрып-соғады. Кейде қатты сөздер айтып жанын жарайды. Күнде ұрыс-керіс көрген бала, әрине жылулықты өзгеден іздейді. Баланың аты бала, бірнәрсе бүлдіріп алуы мүмкін. Соңында «Ата-анам естісе өлтіреді мені, аямайды» деп өкінішке ұрынады. Сондықтан, ата-ана баласымен барынша сырласып, оның ойын тыңдай білу керек. Тығырықтан шығар жол – өз-өзіне қол жұмсау емес екендігін білген жөн. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші баланы бала деп қарамай үнемі назарда ұстап, болмашы қателігі үшін айқайға баспай, кешіре білген жөн.
Айнұр ТӨЛЕУБАЙҚЫЗЫ,
психолог


