Дағыстан Республикасының Хасавюрт ауданына қарасты Муцалаул ауылында тұратын Омарасхаб Ахмедов туған жерінде өз дүкенінің ескі қоймасын еркін күреске арналған нағыз спорт залына айналдырып жатыр. Ол бұл жерде тек Дағыстанның жас спортшыларын ғана емес, Қазақстаннан келетін меймандарды да көргісі келеді.
«Біз қазақстандық спортшылардың бізге жиынға келіп, жаттығып, мәдениетімізбен, дәстүрімізбен танысқанын қалаймыз. Сол сияқты біздің балалар да Қазақстанға барып, оқып, араласып, достасса дейміз. Осындай сапарлар кез келген сөзден артық — ағайындықты нығайтады», — дейді Омарасхаб.
Жаңа залда барлық жағдай жасалады: татами, киім ауыстыратын бөлмелер, жаттығу алаңына қарайтын асхана, жарыстар мен оқу-жиындар өткізуге мүмкіндік бар. Ең бастысы — бауырмалдық пен рухтың атмосферасы. Спорт залдың құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. «Біздің салт-дәстүріміз бойынша әр ұл бала білім алуы, спортпен айналысуы, дұға жасап, қоғамға пайдалы болуы керек. Сонда ғана біз мықты да дені сау ұрпақты тәрбиелей аламыз», — деп есептейді Ахмедов. Еске сала кетейік, 2024 жылдың көктемінде Омарасхаб Ахмедов Қазақстанда нағыз батыр ретінде танылды. Атырау облысындағы су тасқыны жағдайын естісімен, еш ойланбастан көмекке ұмтылды. Түнгі сағат екіде қоймасын ашып, 50 мың қапты газеліне тиеп, Астрахань арқылы Қазақстанға жол тартты. Келесі күні-ақ бұл қаптар Жайық жағалауын бекітуге жұмсалды. Осы ерлігі үшін оны Қазақстан Журналистер одағы алтын медальмен марапаттады. Ал қарапайым қазақстандықтар оған шын жүректен алғысын білдіріп, құрмет көрсетті. Енді ол халықтарды спорт, достық пен өзара қолдау арқылы қайта жақындастырып жатыр. Және бұл жолы да шынайы ниетпен.
Алия Жамитова