Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ӘСКЕРИ БОРЫШТАН ЖАЛТАРУ БОСТАНДЫҒЫҢДЫ ШЕКТЕЙДІ

сурет ғаламтордан алынды
сурет ғаламтордан алынды

«Әскер – әлімжеттіктің ордасы, жүгенсіздік жиілеген, тұнған тәртіпсіздік, одан қалды адам шығыны». Бұл менің пікірім емес, қазіргі қоғамдағы басты тақырып, қызу мәселе. Иә, әскер жалдамалы жендеттердің ошағына айналған, солай қалыптасқан деген пайым-түсінік те бар. Ендеше, сіз, біз әскерден жалтарсақ, қашып жүрсек, әскерге бармаудың түрлі айла-шарғысын ойлап тапсақ, шегенделген шекара, бейбіт тәуелсіз елдің тұтастығына кім жауап береді? 

Қазір көшеден немесе жұмыс орындарынан әскерге күштеп алып кету, полициямен бірлесе әрекет жасап, қорғаныс істері жөніндегі бөлімге жастарды сүйреп жатады. Бұның қаншалықты заңды немесе заңсыз екенін дөп басып айту қиын. Көптеген фактор себеп: шақыру билетін елемегендер мен әскерге құлшынысы болмай, қашып жүргендер күштеу мен қудалауға ұшырап жатады. Ал ата-ананың бұған көзқарасы қандай? Мәпелеп өсірген баласын бәз біреулер күштеп алып кетуі дұрыс па? Бұл ретте пікір білдірген ата-ананың бірі Қайрат Елеусінов:

– Біз де әскерде болдық, етік кидік, сапта тұрдық. Бірақ бізді ешкім соңымыздан қуып, болмаса күштеп апарған жоқ. Отан қорғау – азаматтық міндет екенін білдік, ол жақта қиын болатынын да түсіндік. Бардық, көрдік, көндік, елге аман-есен келдік. Әлеуметтік желіден көріп жатамыз, тіпті анау масқара сұмдық – қолын қайырып, болмаса қуалап жүреді. Бұл дұрыс емес, ниеті жоқ жасты жөн-жосықсыз күштеп алып кету. Бармады ма, айыппұлын салсын, әке-шешесін шырылдатып, бастырмалап алып кеткенде не болады? Бірақ жастар да "Отан қорғау – ер азаматтың алдындағы  парыз, міндет екендігін білу керек. Сондықтан әскерден қашуды да, күштеп алып кетуді де мен құптамаймын. Заң не үшін? Заң бар ғой бізде. Екі ұлым да өз еріктерімен әскерге барып келді. Шақырту келді – жібердік. Бәрі заң аясында болуы тиіс. Жастардың арасында негізінен идеология дұрыс емес, әскерді насихаттау аз,- деп пайымдайды.

Әскерге кел, қалқатай!

 Жалпы елімізде әскери қызметке шақырудың өзіндік тәртібі мен ережесі бекітілген. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561 «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңы мен 2012 жылғы 15 мамырдағы №620 қаулысына сәйкес жүргізіледі. Жыл басынан бері  ауданнан 100 азамат әскерге аттанған. Оның 43-і көктемде, ал 57-сі күзгі шақырылымда әскери міндеттерін өтеген. Әскери қызметке шақырылатын жас ерекшелігі – 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар. Сонымен қатар, заңға сәйкес запастағы офицерлер де 2 жыл мерзімге шақырылуы мүмкін. Ал әскери билет алудың тәртібі қандай, әскерден жалтарып жүрген жастарға қандай шара қолданылады?

-    Әскери билет беру тәртібі денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтарға қатысты іске асырылмайды. Денсаулық туралы қорытынды аудандық және облыстық медициналық комиссия шешімі негізінде қабылданады. Әскери билет тек мерзімді әскери қызметті өтегендерге беріледі. Әскери қызметтен босату негіздері Заңның 35 және 36-баптарына сәйкес, бір немесе одан көп баласы барлар, денсаулық жағдайы бойынша жарамсыз деп танылғандар. Отбасының асыраушысы болып саналатындар. Арнайы мемлекеттік органдарда қызмет ететіндер.
Шақырудан жалтару мәселесіне келетін болсақ, кейбір азаматтар жұмысын сылтау етіп, медициналық тексеріске келмейді. Заңға сәйкес мекеме басшылары қызметкерлерін тексеріске жіберуге міндетті. Бұл орындалмаған жағдайда, оларға жауапкершілік жүктеледі. Әскери қызметке шақырылған азаматтардың біздің бөлімге уақытылы келуіне кедергі келтірген адамдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады. Әскерден жалтарушыларды іздестіру жергілікті әкімдік пен полиция бөлімдерімен бірлесіп жүргізіледі. Егер шақырту қағазын алып, медициналық тексеріске келмеген азаматтар болса,  Қазақстан Республикасы "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 648-бабына сәйкес әкімшілік айыппұл салу үшін аудандық полиция бөліміне жіберіледі. Сонымен қатар, әскерден жалтарған азаматтарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, дәлелсіз себеппен шақыртуға келмеген азаматтарға айыппұл салынады. Егер азамат әскерге шақырудан қасақана жалтарса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес оған 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, түзету жұмыстарына тарту, 1 жылға бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Егер азамат тергеу органдары істі сотқа бергенге дейін өз еркімен шақыру пунктіне келсе, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады,- дейді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Анарбек Муталяпов.

Әрине, заң қатал.  Әскери борыштан қашу бас бостандығыңды шектеуі де мүмкін. Дегенмен, мемлекет аталған саланы жан-жақты зерделеп, әскери борышын өтеген азаматтарға бірқатар жеңілдік  қарастырып қойған. Мысалы, әскерге барған азаматтың кәсіптік немесе жоғары оқу орындарына тегін немесе ақылы негізде түсу мүмкіндігі мол. Жоғары оқу орындарын бітіргендерге магистратураға емтихансыз түсу мүмкіндігі (2 жыл ішінде) қарастырылған. Әскери кафедраларға сынақсыз түсіп, әскери борышын өтегендер Ішкі істер органдары мен Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдарына кіші құрам бойынша мемлекеттік қызметке сынақсыз қабылдана алады.
Заңды айналып өткісі келетіндер көп. Әскерге барғысы келмей, түрлі айла тауып, қашып жүрген жастар да жетерлік. Көбі тұрғылықты мекенжайын ауыстырып, болмаса оқуын алға тартады, кейбірі шақыру билетін елемей, ескермей жатады. Ең соңғысы, әскер үшін некеге отырып, отбасын құру, тіпті соңғы жылдары жалған неке тіркеу деректері де кездескен. Кейбірі "Әскердегі әлімжеттік пен әлеуметтік желідегі жағдайлар әскерге деген құлшынысымды жойды"  деген де пікірде.  Бұл да ақиқат. Әскердегі әлімжеттікті жасыру да, оны ақтап алу да қиынға соғып тұр. 

Әскерге барғым келмейді

-Әскер дегеніміз не? Елімді қорғау, бойыңдағы патриоттық сезімді саналы түрде сезіну. Ал қазіргі әскерден осы аталған әрекеттерді көре алмаймын. Қоғамда өзім секілді өрімдей жастардың әскерге барып, өліп құшып жатқанына қынжыламын. Дегенмен, бұл әскери міндеттен құтқармайды, жалтаруға да мүмкіндік бермейді. Мен 4 жыл білім алдым, оқыдым, әскерге барсам, оқыған 4 жылым, әскердегі 1 жылдың астында қалып, білгенімнен жаңылып, үйренгенімді ұмытуым мүмкін. Өзім әскери билетімді денсаулық жағдайыма байланысты жасаттым. Иә, менде баруға мүмкіндік болды, бірақ бармадым. Ата-анам да құптамады, ал қазір мамандығым бойынша қызмет жасап жатырмын, лауазымда өстім. Әскерге бару немесе бармау меніңше, әркімнің құзырындағы дүние деп есептеймін. Керек болса, әскери кафедрада оқи саламын. Қалғаны кезең-кезеңімен бола жатар. Қысқасы  сол, әскерге барып, уақыт өлтіргім келмейді, - деген уәжін алға тартады жас мамандардың бірі  Азамат Жексенов. 

Қазіргі буынның әскерден құтылудың бір жолы әскери кафедрада оқу деп қарастырады. Бұл да дұрыс, білімнің артық немесе кемі болмас, негізінен кафедраның мақсатын білген жөн. Әскери кафедраның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының запастағы офицерлері мен сержанттарын даярлау. Жалпы өңірдегі әскери кафедра – Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне тиесілі  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 10 маусымдағы №344 қаулысы негізінде құрылған. Кафедра құрылғаннан бері 615 түлекке Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен «запастағы лейтенант», 201 түлекке Атырау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының бұйрығымен «запастағы кіші сержант» әскери атақтары берілген. Қазіргі таңда 258 студент білім алуда (оның ішінде запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша – 155, запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша – 103). Әскери кафедра студенттер арасында запастағы офицерлер мен сержант бағдарламалары бойынша әскери дайындық жүргізеді. Мұнда студенттер негізгі мамандығымен қатар, әскери дайындықтан да өтіп, екінші (әскери) мамандық алып шығады деп айтуға болады. Яғни, университетті бітіргеннен кейін түлектер Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрамында да қызмет етуге мүмкіндік алады. Сөз төркініне оралайық әскери кафедрада оқу әскерге бармаудың балама жолы ретінде қарастырылып жатады. Иә, әскери кафедрада оқыған азамат мерзімді әскери қызметтен босатылады. Бірақ әскери кафедра түлектері әскерге барған жағдайда запастағы офицер немесе сержант ретінде қызмет атқарады. Бір сөзбен айтқанда, қалай болғанда да, етік киіп, қару асыну, ел қорғау міндетінен құтыла алмайды.
Ел басына күн туса, етігімен су кешетін есіл елдің ұрпағы ел қорғау ісіне құлықсыз. Қоғамдағы түрлі факторлар патриоттық сезімді әлсіретті. Кінә кімнен, айып неден – белгісіз. Ұлтарақтай жер үшін жан алып, жан берген кешегі батыр елдің ұрпағына шынымен нәубет заман туды ма? Геосаяси жағдай құбылған дәуірде, құрыш білікті жігіттер әскерден қашса, қулыққа салынса, көк байрақты кім күзетеді? Сан сауалдың жауабы – біреу: «Әскерге барғым келмейді». Бір анығы – ел шетіне жау тисе, бүгінгі қашып-пысып жүргендер, амалын тауып әскери міндеттен құтылғандар, әскерде борышын өтегендер – барлығы бір шепте сап түзейді. Сол сәтте қынадай қырылып, еріксіз опат болмайық. Әскер – бұл бір жылдық қиындық емес, Отан қорғауға деген өмір бойғы дайындығың. Ал Отан – отбасыдан басталады. Отан дегеніміз – сенің тамырың, рухың, елдігің. Жау жоқ деме, жар астында.
Сайып келгенде, патриоттық сезімді өшірмеу – әрбіріміздің борышымыз. Жастардың рухын көтеріп, ел қорғау идеясын санаға сіңіру – бүгінгі күннің басты талабы. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Самғат ҚАЙРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT