Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Әскерге шақырылған азаматтың жұмысты сылтауратуға хақы жоқ»

Соңғы жылдары әскерге барудан жалтарып, шақыртуды елемей, түрлі сылтау айтатын жастар қатары көбейіп отырғаны жасырын емес.

Осы орайда «Ондай жастарды әскери өмірге қалай қызықтырамыз, шақыртуды елемейтіндерге қандай шара қолданылады?» деген заңды сауал туындайтыны анық. Соған сай, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Анарбек Муталяповпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Анарбек Кәдірұлы, бүгінгі әскер – еліміздің айбыны ғана емес бет-бейнесі, абыройы екені түсінікті. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына кімдер шақырылады, әскери борышты өтеу қай жастағы азаматтарға міндеттелген?

– Жалпы кез-келген ер азамат аяғына керзі етік, үстіне шинель киіп, қолына қару ұстап әскери өмірдің дәмін татып көру керек. Біріншіден бұл Отан алдындағы борышың болса, екіншіден сенің азамат болып қалыптасар мектебің.

Ал, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561- IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 15 мамырдағы №620 «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қаулысына және Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігінің 2017 жылғы 24 қаңтардағы №28 «Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Бұйрығына сәйкес жүзеге асады. Әскерге 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар жылына екі рет яғни күз бен көктем мезгілінде шақыртылады. Алдымен медициналық тексеруден өтеді, егер денсаулығы жарамды болса Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына алынады.

Әскер қатарына аттанатын сарбаздарды аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге шақырту қалай жүзеге асады, шақыртуға келмеген жастарға қандай шара қолданылады?

– Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру және хабардар ету аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім мен жергілікті әкімдік арқылы жүзеге асады. Шақыру қағазы әскерге шақырылушылардың өз қолына табысталады, ал, өзі болмаған жағдайда жақын туыстарына беріледі. Егер әскерге шақырылушы азамат жұмыс жасайтын болса ұйым басшысының қолын қойғыза отырып, шақырылады. Бұл шақыртуды елемеген азаматтарға заң жүзінде шара қолдану көзделген.

Мәселен, әскерге шақыру комиссиясының жолдамасы бойынша медициналық тексерілуден жалтарған әскери міндеттілер бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлесе, әскерге шақырылушыларға ескерту беріледі немесе үш айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады. Сонымен қатар, әскерге шақыру қағазын ала отырып, дәлелсіз келмей қалғандар мен шақыру қағазын таратқанда тұрғылықты мекен-жайында болмай шыққан азаматтарды жергілікті қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастықтары іздестіру үшін аудандық полиция бөлімдеріне хабарлайды.

Осы орайда, әскерге шақырылушының бөлімге уақытылы келуіне кедергі келтірген адамдар да қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жауапкершілікке тартылатындығын айта кеткен жөн. Ал, егер әскерге шақырылушы мекен-жайын ауыстыратын болса немесе басқа бір аймаққа үш айдан астам уақытта сапарда болса, сол жердегі халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеті жұмыс күні ішінде әскери есеп қою туралы өтініш беруі керек. Егер бұл талапты орындамаса оған бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Қазір көптеген жас әскерге жасап жатқан жұмысын сылтауратып, барғысы келмейді. Осындай жағдайда оларға қандай шара қолданылады, мекеме басшысы өз қызметкерін медициналық тексеруге жіберуге міндетті ме?

– Еліміздегі кез-келген 18-27 жас аралығындағы ер адам әскерге шақырылатындықтан олар жұмысты сылтауратуға хақы жоқ. Әрине, оған мекеме басшысы да араласа алмайды.

Себебі, заңда көрсетілгендей әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар жұмыс істейтін ұйымдардың басшылары өз құзыреті шегінде әскерге шақырылған қызметкерін жұмыстан босатуға және жергілікті қорғаныс істері жөніндегі бөлімге мекемесінде жұмыс жасайтын әскери міндеттілер туралы сандық және сапалық құрамын растайтын құжаттарды беруге міндетті.

Бұл заңдылықты орындамаған жағдайда әскерге шақырылушы азамат та, мекеме басшысы да жауапкершілікке тартылады.

Оқу орнында оқып жатқан студенттер әскер қатарына алына ма, әлде оларға жеңілдік бар ма?

– Жоғары немесе арнаулы оқу орнынының күндізгі бөлімінде оқып жатқан студенттер әскери есепке алынады, бірақ оқуы аяқталғанша әскерге шақырылмайды. Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561- IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 35-бабы, 3-ші тармағының 2-ші тармақшасына көрсетілгендей білім алуды жалғастыру үшін студент оқып жатқандығы жөнінде анықтама тапсырса, оны әскерге шақыру кейінге қалдырылады. Оқуын аяқтаған бойда ол азамат әскерге шақыртылады.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына шақыртылудан кімдер босатылады, отбасы және басқа да жағдайларына байланысты кейбір азаматтарға жеңілдік қарастырылған ба?

– Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561- IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 35-бабында әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтың отбасы жағдайына байланысты, білім алу, денсаулық және басқа да маңызды себептер бойынша жүзеге асырылады.

Мысалы, әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, зейнет жасына толған бірінші, екінші топтағы мүгедек санатына жататын атасы мен әжесінің асырауында болса, өзі жетім әрі он сегіз жасқа толмаған іні қарындастары бар, өзі жартылай жетім, үйінде он сегіз жасқа толмаған бірінші, екінші топтағы мүгедек санатына жататын азаматтар мен әскерге шақырылушы отбасында жалғыз ер бала болған жағдайда әскерден босатылады.

Биылғы жылы аудан бойынша неше сарбаз әскерге аттанады, жылдық жоспар орындала ма?

– Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының 2020 жылдың 21 ақпандағы №1406/448 нұсқауына сәйкес аудан бойынша 54 азамат әскерге аттануы тиіс. Қазіргі таңда, әскерге шақыру бойынша қызу жұмыстар жүргізілуде. Жылдың аяғына дейін жоспар жүз пайыз орындалады деп отырмыз.

Қазіргі таңда, неше қызылқоғалық өз әскери борышын өтеп жүр және олар одан әрі әскери қызметші болып қала ала ма?

– Бүгінде әскер қатарында 129 қызылқоғалық сарбаз қызмет етуде. Олар еліміздің әр өңірінде өз борышын өтеуде. Әрине, әрбір сарбаз әскери борышын өтегеннен кейін әскери қызметкер болып қала алады. Жалпы ауданымызда азаматтарды әскери қызметке тарту мақсатында жүйелі жұмыстар жасалуда. Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сай аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі 19-35 жас аралығындағы жұмыста жоқ азаматтарды Атырау қаласы, Ақтау қалаларының әскери бөлімдерден келіп түскен тапсырыстар бойынша келісімшарт негізінде әскери қызметке жіберуде.

Сөз соңында жастарды әскер өміріне қызықтыру, ынталандыру мақсатында бөлім тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды айта кетсеңіз...

– Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім тарапынан жастарды әскер өміріне қызықтыру мақсатында көптеген жұмыстар жасалуда.

Мәселен біз аудандағы барлық мектептің алғашқы әскери дайындық пәндері мұғалімдерімен тығыз байланыс орнатып, сол арқылы жоғары сынып оқушыларын әскери оқу орындарына шақыру мақсатындағы іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруды қолға алдық. Мектепте оқитын оқушылардан бастап, жоғары оқу орнын немесе арнаулы оқу орнын бітірген жастарды әскер қатарына тарту мақсатында аудандық «Қызылқоға» газетінде ай сайын әскери өмір мен оның маңыздылығы туралы мақалалар жарияланып келеді.

Әскери оқу орнында оқып жатқан студенттер мен әскерден келген сарбаздар жасөспірімдерге ақыл-кеңестерін айтуы үшін түрлі кездесулер ұйымдастырылуда. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан,

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT