Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Секер туралы тың деректер

Соғыстың шығыны міндетті түрде көп болады. Қан төгілген жерде отыра қалып, әр адамның неден өлгенін сараптауға уақыт жоқ. Әйтпесе біреудің орнына – онның, жүздің орнына – мыңның опат боп кетуі ғажап емес. Адамзат тарихында пенденің қаны судай аққан сұрапыл 1939, әсіресе 1941 жылдан басталғаны әмбеге аян. 1418 күн мен түнге созылған кескілескен шайқастың соңғы бірнеше күнінде алдыңғы әскери операциялардан гөрі әлдеқайда көп шығын болғанын енді ғана біліп жатырмыз. Әйтпесе әскери тарих – біздің жылнамамыздағы жабық шежірелердің бірі. Бүкіл күшті Берлинге салған Кеңес қолбасшылығы фашистік Германия ордасының шетіне жеткен соң Вермахт командованиесін қолында ойнатып отырды. Алайда олар да өліспей беріспеуге даяр нағыз арийлер еді.

Не десе де, Сталиннің 1946 жылы «7 миллиондай адам шығын болды» деп мәлімдеуі мүлдем өтірік статистика болатын. Өйткені КСРО-да 1941 жылдың ортасындағы есеп бойынша Одақта халық санының өсуімен қоса алғанда 178,7 миллион адам болған екен. Ал 1946 жылы бұл көрсеткіштің 19 миллионнан астам адамға кемігені анықталған. Кейін тарихшылар соғыс шығыны 27 миллион екенін айтты. Егер осыншама боздақтың әрқайсысының рухына бір минут үнсіз тағзым ететін болсақ, бізге шамамен 50 жыл уақыт керек екен. Соңғы уақытта бұл жөнінде басқа да дәйектер айтылып қалып жүр.

Демек соғыстың соңғы күндері Қызыл Армия сапындағы мыңдаған, тіпті миллиондаған сарбазды опат қылғаны бұлтартпас ақиқат. Оған белгілі қолбасшылардың соғыстан соң жазған мемуарлары мен деректі шығармалары айғақ.

***

Секер Айтжанов!..

Бұл есімді біз алғаш рет бұрынғы Пионерлер үйінде орналасқан редакция ғимаратының үнемі қаракөлеңке болып тұратын дәлізіндегі осынау қарақоңыр тақтадан оқыған едік. Секер деген есімі де жадыда жылдам жатталды. Содан ба, өзгелеріне құлақ қоймай, әуелі Секер марқұмның мәліметтерін іздестірдік. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің «Память народа» сайтына да есім-сойын жазып, бұрын-соңды жарияланбаған біршама мағлұматты таптық. Соғыстан кейін ұжымда 70-80-ге дейін қызметкері болған «Атырау», бұрынғы «Социалистік құрылыс» («Коммунистік еңбек») газетінің алдыңғы легінде еңбек еткен Секер туралы бүгінде құлағы түрік бірер адам болмаса ел-жұртқа есімі танылмаған. Өйткені ол Берлинде Жеңіс туы желбіреуіне небәрі үш-ақ күн қалғанда ауыр жарақаттан қыршын кетті.

Ол Чехословакия елінің Ратибор округінің Болотице селосы маңындағы ұрыста ауыр жараланған да, 170-медициналық-санитарлық батальонының госпиталіне түскен. Бұл кезде Берлин көшелерінде әрбір шаршы үшін жан алысып, жан беріскен шайқас жүріп жатты. Адам қаны суша ағып, Қызыл Армияның да, герман әскерлерінің де қатары сәт сайын сирей берді, соған қарамастан Сталиннің де, Гитлердің де «тоқталайық» деуге қырсықтығы жібермеді, әлде жүрегі дауалаған жоқ.

1941 жылғы 23 шілдеде әскер қатарына Гурьев қалалық әскери комиссариаты арқылы алынған жиырма сегіз жастағы жігіт бірден жанып жатқан отқа түскендей болады. Себебі бұл кезде ол құрамында болған Батыс, Брянск, Воронеж, Орталық, І және ІV-Украина майдандарының ұрыс алаңдары нағыз қасапхана іспетті еді. Амал не, бұған айғаққа тартатын көзі тірі куәгер қалған жоқ, тек архив құжаттары ғана дәлел.

Мұны Секер марқұм да талай рет бастан өткізген шығар, өйткені құжат бойынша І-Белоруссия майданының құрамында жүргенде 1943 жылғы 21 қаңтардағы ұрыста аяғынан оқ жарықшағы тиіп, жеңіл жараланған.

Секер туралы алғашқы шап-шағын мағлұматты берген жергілікті әскери тарихшы, жазушы Жұмабай Доспанов болатын. Оған көңіліміз көншімегесін одан әрі тереңдетіп іздегенде, pamyat-naroda.ru сайтындағы С.Айтжановтың ныспысы әртүрлі жазылғанына көз жеткіздік. Тапқан жеті құжаттағы кейіпкеріміздің есім-сойы сан түрлі: 1. Айтжанов Секир; 2. Айджанов Сакир; 3. Аитжанов Секир; 4. Айтжанов Сакир; 5. Айтжанов Секер.

Аға сержант Секер (Секир) Айтжанов Сталинград облысының Малая Ольшанка деревнясындағы ұрысқа қатысқанда, олардың құрамасы 1-атқыштар корпусының құрамындағы 204-атқыштар дивизиясының 700-атқыштар полкіне бағынышты болатын. Соғыс жағдайындағы жаяу адамның жүрісімен есептегенде Урюпинск ауданындағы шағын ғана осы хутор облыс орталығы – Сталинградтан 320 шақырым, Москвадан 700, ал Украинаның ең жақын қаласы – Луганскімен арасы 400 шақырымдай еді. Қырық үштің ақпандағы аязына шыдамаған фашистер Сталинградтан серпіле қашып, Ольшанка маңында шегінгенін мойындағысы келмей, қарсы шабуылға шығады. Екі жақ та өліспей беріскісі жоқ: немістер – намыстан, қызыл әскерлер – енді ғана күш ала бастаған. Мұндайда кеңес қолбасшыларының тактикасы – атқыштар құрамын, яғни жаяу әскерді алға шығарып, олардың «уралаған» дауысымен қашқан жаудың зәресін ұшыру. Осы кезде 3-атқыштар батальонының бөлімше командирі С.Айтжанов жаудың күші басымдығына қарамай-ақ 15 неміс автоматшысын нысанаға алады. Қарамағындағы қаруластары бекініп алған соң өз позициясына жайғасқан ол автоматын қыса ұстап, фашистердің жақынырақ келуін күтті. Еңгезердей неміс автоматшылары оқ жететін жерге келгенде шүріппені басып қалды, олар ажалдың қай жақтан төнгенін аңғарып та үлгерген жоқ. Егер солардың бірі алда-жалда аман қалып, Секер жатқан нысанаға граната лақтырса мұның да опат болары сөзсіз еді.

Осылайша көзсіз ерлікпен 15 неміс автоматшысын бір демде жайратып салған аға сержант Секир Айтжановты І-Украина майданының құрамындағы 3-гвардиялық армияның 81-калинковичилік атқыштар дивизиясына бағынышты 519-атқыштар полкінің командирі, гвардия полковнигі Рубаков КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының атынан 1944 жылғы 11 маусым күнгі №41/н бұйрығымен үкімет наградасы – «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалімен марапаттайды.

Қисынға салғанда он бес адам аса тегеурінді күш болмауы да мүмкін. Алайда 15 автомат асынған қаныпезердің соғыс жағдайында өз ортасына қаншалықты қауіп төндірерін осындай қатерді бастан өткерген жан ғана түсінсе керек.

Үкіметтік награда алған күннен кейін арада бір ай бір апта өткенде, қашқан жауды өкшелей қуған 519-атқыштар полкінің 3-атқыштар батальоны Украина мен Польшаның шекарасына жақын тұрған Волын (қазіргі Львов) облысының Ульвивек селосы маңында да қиян-кескі шайқастың бел ортасында болды. Батыс Буг өзенінен өту кезінде батальонның минометшілер бөлімшесінің командирі С.Айтжанов тағы да 10-нан астам неміс солдаты мен офицерін жер жастандырып, 2 пулемет ұясының көзін жойды. Мұндай ержүректігі үшін жауынгерлік тапсырманы үлгілі орындаған 25 кіші офицер мен жауынгердің қатарында Сакир Айджанов (дұрысы – Секер Айтжанов) та «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. 19 шілдеде жасалған айбынды ерлік дивизия командирі, полковник Матусевичтің 25 тамыздағы №142/н бұйрығымен қатталғанына архивте айғақ бар.

1944 жылы 3-20 тамыз аралығында Польшаның Якубовицы селосы маңында Висла өзенінің сол жағалауына өту кезінде жаудың бірнеше шабуылын тойтаруда батылдық танытып, көзсіз ерлікпен жаудың 4 пулеметі мен 30-ға жуық әскерінің көзін жойған 519-атқыштар полкі 3-минометшілер ротасының көздеушісі, аға сержант Секер (Секир) Айтжанов 4 қыркүйектегі №145/н бұйрыққа сай ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, 12 қазан күні Словакияның Краснаск ауданы Гавронец селосына бекінген жау шебін бұзып өтпек мақсатта минометтен оқ жаудырып, жаудың 4 пулемет ұясы мен 30-ға жуық офицері мен солдатының көзін жойғаны үшін 519-полктің 2-атқыштар батальонының минометшілер командирі Секер (Сакир) Айтжанов 31 қазандағы №55/н бұйрықтың негізінде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Ал 1945 жылдың 19 қаңтарында Польша жеріндегі Краков облысының Малая Весь, Струш елді мекендері үшін ұрыста взвод басшылығын қолға алған IV-Украина майданына қарасты 211-Қызыл тулы Чернигов атқыштар дивизиясының 887-Қызыл тулы атқыштар полкі 2-атқыштар ротасы құрамындағы взвод командирінің көмекшісі, аға сержант С.Айтжанов елді мекендерге бірінші болып басып кіріп, 15-ке жуық неміс әскерінің көзін жойды және жаудың 3 солдатын тұтқындап, 1 қаруын қолға түсірді. Осы қаһармандық әрекеті үшін оған 31 қаңтардағы №04/н бұйрықпен «Қызыл жұлдыз» ордені берілген.

Осындай ержүрек майдангерге тағдыры Жеңіс күнін тойлауды жазбапты. 121-атқыштар дивизиясына қарасты 170-дербес медициналық-санитарлық батальонының госпиталінде алған жарақатының ауырлығынан 1945 жылдың 27 сәуірінде қайтыс болған. Ресей Қорғаныс министрлігінің pamyat-naroda.ru сайтында Секер Айтжановтың мүрдесі Чехословакияның Ратибор округіне қарасты Болотице (Болотище) селосындағы №8 зиратқа жерленгені (Секир Айтжанов, место рождения – Гурьевская обл., Демецк-Усинский (Жилокосинский) р-н, а.Прирванский (Прорвинский); место призыва – Панобишвинский (Жилокосинский) рВК) жазылыпты. Соған қарап, бұл жазбалар соғыс кезінде штабтағы құжатпен шұғылданған қызметкерлердің нақтылықтан гөрі өз түсінігімен немесе сауаттылығына қарай толтырылғанын айқын аңғаруға болады.

***

Орыс тілінде толтырылған бұл құжаттағы жазбаны мұқият зерделесек, екінші дүниежүзілік соғыстың боздағы Секер Айтжанұлы – 1913 жылы Гурьев (Атырау) облысы Жило-Коса (Жылыой) ауданының Прорва ауылдық кеңесінде туған. Білімі – негізгі, Қаратон бастауыш мектебін (1931), Орал милиция қызметкерлері (1933), газет қызметкерлері курстарын (1936) және партия мектебін (1937) бітірген. БЛКЖО мүшесі (1930-1939), кәсіподақ мүшесі (1931), БК(б)П мүшесі (1940). БЛКЖО аудандық комитетінің пленум мүшесі, конференция делегаты, насихатшы.

1923-1927 жылдары Амангелді аауылдық кеңесінің (№33 ауыл) ізіндегі аумақта қоныстанған Нармағамбет, Темірбай Шыңдауылов және №35 ауылдың ізінде болған Дәулетбай Шолақовтың малын бағады. 1927-1931 ж.ж. – Қаратон мұнай кәсіпшілігінің теміршісі (ұстаның көрікшісі), Жылой аудандық атқару комитетінің курьері, 1931-1933 ж.ж. – Жылыой аудандық милициясы қылмысты іздестіру бөлімінің аға милиционері және хатшысы, Ұялы ауылыныдағы «Қожағайыр» шағын серіктігінің төрағасы.

1933-1934 ж.ж. – Жылыой аудандық «Социалды ауыл» (қазіргі «Кең Жылой») газетінің тілшісі, редакцияның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшысы. 1934-1935 ж.ж. – Гурьев облыстық «Социалистік құрылыс», Батыс Қазақстан облысының «Комсомол ұрпағы», «Екпінді құрылыс» газеттерінің тілшісі. 1937 ж. – Гурьев облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің штаттан тыс тұрақты тілшісі.

1938-1941 ж.ж. – Гурьев облыстық «Социалистік құрылыс» газеті редакциясының мәдениет-тұрмыс бөлімінің меңгерушісі, әдеби қызметкері, жұмысшы-ауыл тілшілері бөлімінің меңгерушісі.

Жылыой аудандық атқару комитетінің және ауатком жанындағы Қазақ өкіметінің 15 жылдық мерекесін өткізу жөніндегі конкурстық комиссиясының мақтау грамоталарымен марапатталған.

Армия қатарына шақырылғанға дейін Гурьев қаласындағы Большая көшесі, №51 үйде тұрған С.Айтжановтың отбасында Прорва ауылдық кеңесінің 1950 жылдың 20 желтоқсанындағы №264 анықтамасы бойынша 1887 жылы туған әкесі Айтжан Тұрғанбаев, шешесі – Тұрғанбаева Т. (1922 ж.т.), қарындасы – Айтжанова Б. (1945 ж.т.), інісі – Айтжанов Ә. (1948 ж.т.) болған. Қосымша мәліметтер бойынша әйелінің аты-жөні – Қымбат Айтжанова.

Редакцияның бұрынғы қызметкері, бар болғаны алты сыныптық білімі бар С.Айтжановтың соғыстағы ерлік істері туралы мәліметтерді біз pamyat-naroda.ru сайтынан алдық. Оның «Кең Жылой» және «Атырау» газеттерінің редакциясында еңбек еткені туралы нақты мәліметтер Атырау облыстық мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Райса Тастемірованың көмегімен архив қорындағы ресми құжаттар негізінде анықталды.

Бір қуаныштысы, журналист Секер Айтжановтың жеке ісінде бұрын-соңды табылмаған дүние – фотосуреті де бар екен. Сол құжатта сақтаулы «Өнегелі өмір» атты очеркінде белгілі қаламгер Қабиболла Сыдиықов Секердің байыпты жазатын журналист болғанын, артында ұрпағы да қалмағанын көрсеткен.

***

Сол кезде «Социалистік құрылыс» атауымен шыққан қазіргі «Атырау» газетінің редакциясында жұмыс істеп жүріп майданға аттанып, Отан қорғау жолында опат болған С.Айтжановтан өзге Сабыр Батырбаев, Сибат Ғабдуллин, Ғайса Ізтелеуов, Ақантай Сарқұлов, Мұқан Қанатов, Мұстах Шайхимовтардың соңында іздеушісінің бар-жоғынан да бейхабармыз. Бірақ олар туралы дерек-мәліметті іздестіруді өзіміздің парызымыз деп қабылдадық.

Назарбек ҚОСШИЕВ,

жазушы, документалист

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT