Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

САУЫҒЫП КЕТ, САЛАМАТ!

Өзін емес өзгенің саулығын ойлап, елге қалтқысыз қызмет еткен жандардың өзі кейде ауыр сынаққа тап болып жататыны белгілі. Осы орайда, талай адамды ажалдан алып қалған ауданға белгілі білікті дәрігер, аудандық мәслихаттың IV шақырлым депутаты Саламат Есқайыров бүгінде ауыр дертке шалдығып, Түркия елінде емделіп жатыр. Шет елде емделудің бағасы өте қымбат болғандықтан дәрігердің жерлестері бүгінде оны қолдау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, әркім қал-қадірінше көмек қолын созуда. Бұл ретте «Шұғыла» мәдениет үйінде жергілікті мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толуына орай аудандық мәслихаттың IV шақырлым депутаты, білікті дәрігер Саламат Есқайыровқа арналған «Өзгеге өмір сыйла...» атты қайырымдылық концерті өтті.

Оған жергілікті тұрғындардан бөлек аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, аудандық орталық аурухана директоры Айнұр Тілемісова, бұрынғы және қазіргі шақырылымның депутаттары арнайы келіп қатысты.

Концерт А. Өміров атындағы балалар өнер мектебінің жанынан құрылған ансамбілінің күмбір күйімен ашылса, артынша жергілікті өнерпаздар Ғибадат Тұрғали, Рафхат Бекболат, Нұрболат Баяш, Ришат Шыңдыбаев, Алтынбек Боранбай, Жанна Макиева, Амантай Қабдығалиев, «Арман» триосы, Рысты Нұрсанова, Мейрам Сұлтановтар тамылжыта ән шырқады. Ал үлгілі «Айдана-ай» би ұжымы мен Сағыз орта мектебінің жас бишілері мың бұрала билеп, концерт шырайын кіргізе түсті. Сонымен қатар жас ақын Нұрман Жолдас білікті дәрігерге арналған жыр жолдарын оқыса, Саламат Есқайыровтың жолдасы Жанар Құрманғалиқызы Түркия елінен онлайн түрде сәлем жолдап, қолдап жатқан барша ағайынға алғысын жеткізді. Сол сияқты концерт барысында Сағыз жастарының «Біз Сізбен біргеміз» атты арнайы дайындалған бейнебаяны көрсетілді. Концерт соңында шараға келген қонақтар арасынан аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, ауданның Құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың V шақырылымының депутаты Құлмағамбет Қоданов, Сағыз ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарушы Бекнұр Әжіғалиевтар сөз сөйлеп, өздерінің әкелген қаржылай көмектерін қайырымдылық жәшігіне салды. Осылайша, қайырымдылық концерті өз мәресіне жетіп, одан түскен қаражат Саламат Есқайыровтың еміне аударылды. Концертте көтеріңкі көңілге бөленген көрермен "Сауығып кет, Саламат!" деген тілекпен үйлеріне тарқасты.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT