Соңғы кездері облыс мектептерінде оқушылар арасындағы әлімжеттік, ақша бопсалау, зиянды өнімдерді қолдану, сабақтан себепсіз қалу сынды құқықбұзушылықтар көбейген. Тіпті жаңағыдай оқиғалар әлеуметтік желілерге жарияланып, бүкіл елге тарады. Осындай келеңсіз оқиғалар енді қайталанбауы үшін облыс әкімінің тапсырмасымен 17-21 қазан аралығында облыстағы барлық білім беру ұйымдарында жалпы ата-аналар жиынын өткізіп, мәселелер ашық талқылануы керектігі айтылды. Соған сай, сейсенбі күнінен бастап аудан мектептерінде де жалпы ата-аналар жиыны өте бастады.
Б. Аманшин атындағы орта мектепте өткен жиынның басты ерекшелігі – қатысқан әкелер саны басым болды. Жиынды мектеп директоры Зада Жаңабаева ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Бұдан кейін ата-аналар сөз алып, бала тәрбиесі хақында өз ойларын ортаға салды. Әсіресе, немерелері осы мектепте оқитын Жайғали Шанғалиев көтерген мәселесі өзекті.
– Қазір балалар суға езіп ішетін ұнтақты құрлай жеп, денсаулықтарына зиян келтіруде. Бұл тек үлкен қалаларда болатын жағдай шығар десек, ауылда да сондай оқиғалар орын алыпты. Бір қызығы жаңағы «Юпи» деген ұнтақ елу-ақ теңге. Яғни, бағасы қол жетімді. Соны балалар сатып алып, сол күйінде жейді екен. Бұл біріншіден баланың денсаулығына қауіпті, екіншіден мұның арты наркотикалық өнімдерді қолдануға ұласуы мүмкін. Сондықтан дүкен иелері жаңағы ұнтақ сусынды балаларға сатпаса игі деген ұсыныс бар. Ал, баланың тәртібі мен тәрбиесі бір-біріне сілтемей мектеп те, ата-ана да жауапты болуы тиіс, – деді ол.
Ал, ата-ана Амангелді Бағдаров: «Оқушылар түнгі уақытта тойханаларда даяшы болып жүреді. Мұның алдын алу үшін рейдтік жұмыстар ұйымдастыру керек» деген пікір білдірді. Ал, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Жарылғаған «Бәйсеу» ықшам ауданынан көлкіпен тасымалданатын оқушылардың ата-аналары балаларын көлік жүретін жерге алып келіп, алып кетіп отырғаны жөн екендігін айтты. Одан бөлек, жиында балалардың мектепке ұялы телефон алып келетіндігі, «Хлопушка» деп аталатын атылғыш заттармен ойнайтындығы сөз болды. Жиынды қорытындылаған мектеп директоры айтылған ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізіліп, алдағы жұмыс барысында ескерілетіндігін, алайда, бала тәрбиесіне ата-аналар да бей-жай қарамаса деген ойын жеткізді.
Жалпы ата-аналар жиналысы Сағыз ауылындағы №9 орта мектепте «Бала тәрбиесіне байыппен қарайық» деген тақырыпта өтті. Жиынға ата-аналардан бөлек Сағыз ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ақылай Қалиева, учаскелік полиция инспекторы Нұрболат Әбуов, Сағыз ауылдық емханасының учаскелік дәрігері Балсая Мақсотовалар қатысты. Жиынды ашқан мектеп директоры Еркін Сұлтанов қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, мектептің жалпы ахуалы туралы баяндама жасады.
Бұдан соң ата-аналар атынан сөз алған Гүлзада Әлмембетова оқушылардың мектеп формасын сақтау, қыздар тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі хақында пікір білдірсе, Гүлсім Смадиряова: "Кешкі уақытта балалар көшеде, вокзал маңында топтасып жүреді. Мұның алдын алу бойынша мектеп, ата-ана, учаскелік полиция қызметкері болып бірлесе жұмыс жасау керек" деген ойын ортаға салды. Өз кезегінде сөз алған учаскелік полиция инспекторы Нұрболат Әбуов:
– Қазір ауылда мотоцикл айдайтын оқушылар көп. Бұл баланың өмірі үшін өте қауіпті. Тәртіп сақшылары қанша мәрте ескерткенімен бұл мәселе тиылмай тұр. Бала мотоциклді қайдан алады? Әрине, үйінен айдап шығады. Демек, ата-ана баласының мотоцикл айдайтындығын біледі. Сондықтан ата-аналар осы мәселеге баса назар аударуы керек, – деді. Сағыз ауылдық емханасының учаскелік дәрігері Балсая Мақсотова электронды темекенің зияны, ұнтақ сусынды суға езбей жеудің өмірге қауіптілігі жайында түсіндірме жұмысын жүргізді.
Жалпы ата-аналар жиыны аудандағы барлық мектепте бекітілген кестеге сай өтуде. Қалған мектептердегі жиын туралы газетіміздің келесі санында кеңірек тоқталатын боламыз.
Дулат БЕРІК
ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНЕ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАМАЙЫҚ!
- Информация о материале
- Қоғам
- : 805