Еліміздегі төтенше жағдайдың орын алуына байланысты аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев онлайн-қабылдау жүргізіп, тұрғындардың ауыл шаруашылығы, жер мәселесі, кәсіпкерлік бойынша сұрақтарына жауап берді. Бүгінгі санда қойылған сұрақтар мен берілген жауаптарды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
– Өткен жылы конкурс арқылы Ойтаң алқабынан жер алып, шаруа қожалығын құрдым. Құжаттарымды заңдастырған соң биыл көктемнен бастап отбасыммен мал бағуға шықтым. Шағын баспана салып, аула-қораны сайлап, құдық қаздырдым. Алға қарай су тапшылығының алдын алу үшін ұңғыма (скважина) құдық қазуды қажет етеді. Сондай-ақ, жақын маңдағы шаруа қожалықтары мемлекеттік бағдарлама арқылы қазіргі заманғы күн панельдерін орнатып, электр қуатының қызығын көріп отыр. Мен де, мемлекет тарапынан беріліп отырған көмектерді пайдаланып, күн панелін орнатып, ұңғыма құдық қаздырсам деймін. Соның шарттары мен жолдары туралы білгім келеді.
– Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 3 қазандағы «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіп кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» №540 бұйрығына сай, «Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету» жобасы бойынша құрамында аккумуляторлы батареясы, инверторы, қадағалағышы бар, қуаты 2кВт-тан басталатын күн панельдерін орнату және шекті тереңдігі 50 метрге дейін болатын ұңғыма құдықтар, шекті тереңдігі 20 метрге дейін болатын шахталы құдықтар қаздыру үшін арнайы лицензиясы бар жеке кәсіпкерлермен келісімшартқа отыру арқылы орнатуға мүмкіндігіңіз бар. Аталмыш жоба бойынша бұған жұмсалған шығыстардың 80 пайызы мемлекет есебінен субсидияланады. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы ұңғыма құдық қазумен айналысатын лицензиясы бар кәсіпкерлермен байланысуға болады. Бір ескеретін жайт, шаруа қожалығының жері міндетті түрде электронды цифрландыру картасы дерекқорына енгізілген болуы тиіс.
– Төтенше жағдай маусымдық мал азығын дайындау науқанына кедергі келтірмей ме? Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникаларын (тракторлар, тіркемелер) техникалық байқаудан өткізу қалай жүзеге асырылады?
– Төтенше жағдай кезінде егіс егу, шөп шабу науқаны жұмыстарын жүргізуде ешқандай мәселе туындамайды. Ал, ауыл шаруашылығы техникаларын байқауға ұсыну үшін өзіңіздің жеке электронды сандық қолтаңбаңыз (ЭСҚ) арқылы электронды түрде өтініш бере аласыз. Өтініш түскеннен кейін арнайы маман тұрғылықты жеріңізге барып техникалық байқау жүргізеді. Өтініш беру тәртібі туралы бейне ролик дайындалып, әлеуметтік желілерде (фейсбук, инстраграм, телеграм) жарияланады. Сонымен қатар, мамыр айынан бастап ауылдық округтерді аралап, техникалық байқау жұмыстарын жүргізетін болады.
– Мен жұмыс жасаймын, жеке кәсіпкерлігім де бар. Кәсібімді кеңейту үшін қандай бағдарлама арқылы несие алуға болады?
– Егерде жұмыс жасасаңыз, онда жергілікті бюджеттен «Ауылдық жердегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы несие алуға мүмкіндігіңіз бар. Жеті пайызбен берілетін несиенің көлемі 8000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі соманы құраса, қаржыландыру мерзімінің ұзақтығы бес жылға дейін. Ал, айналым қаражатын толықтыруға 3 жылға дейін уақыт беріледі. Несиелеудің басым бағыттарына ет, сүт, жеміс және көкөніс, балықты қайта өңдеу және одан өнімдер өндіру, жиһаз жасау және жөндеу, көліктік және жүк тасымалдау, сондай-ақ түрлі салада қызмет көрсету орындарын ашу секілді кәсіптің түрлері жатады.
– Шаруа қожалығымды құрғаныма үш жылдан асты. Енді мал басын көбейту үшін несие алуым керек. Бұл ретте, несие беретін қандай бағдарлама бар екенін, және шарттары қандай екенін білгім келеді?
– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қабылданған «Мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы арқылы несие алуға болады. Несиені көлемі 4 миллион теңгеге дейін, ал қалыптасқан шаруа қожалығына 12 миллион теңгеге дейін алуға болады. Ол үшін жері, қорасы, мал басы болуы шарт. Алты пайызбен берілетін несиеге жылқы, түйе, мүйізді ірі қара, ұсақ қой малдарын және ауыл шаруашылығы жануарлары, құс, бал арасы, балық алуға болады. Қаржыландыру мерзімінің ұзақтығы 6,5 жылға дейін.
– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің мерзімін қалай ұзартуға болады?
Қазақстан Республикасының «Жер Кодексінің» 37 бабының 2 тармағына сәйкес, жер учаскесінің шекаралары өзгермеген жағдайда, жер учаскелерін игерген жағдайда, осы кодекстің 43-бабында көзделген тәртіппен жаңа мерзімге шарт жасасуға құқығыңыз бар. Уақытша өтеулі жер пайдаланушы (жалға алушы) осындай шарт жасасу ниетi туралы жалға берушiнi жалға алу шартында көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетілмесе, онда жалға алу шартының қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеті.
– Көп балалы анамын. Мал алып, кәсіппен айналысқым келеді. Соған қандай бағдарламамен несие алуға болады және көп балалы отбасыға арналған жеңілдіктері бар ма?
– Негізінен кәсіпкерлігін ашып, мал шаруашылығымен айналысамын деген жандар үшін мемлекеттік «Мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы бар. Аталмыш бағдарлама арқылы берілетін несие негізінен алты пайызды құрайды, ал көп балалы отбасыға төрт пайыз жеңілдікпен беру қарастырылған. Ұзақтығы 6,5 жылға дейін берілетін несие 4 миллион теңгеге дейін беріледі.
– Біраз жыл бұрын жер алып, шаруа қожалығын құрған едім. Қазіргі таңда техникаларым ескірген. Сондықтан оларды жаңа ауыл шаруашылығы техникасымен алмастырғым келеді. Техника алуға мемлекет тарапынан қандай көмектер болады?
– Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 3 қазандағы №540 бұйрығына сай, ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға республикалық бюджет есебінен 25 пайызы субсидияланады. Яғни, жаңа техника алуға жұмсаған қаржыңыздың 25 пайызын мемлекет кері қайтарып береді. Сондай-ақ, аталмыш бұйрыққа сай, жергілікті бюджет есебінен өтеу үлесін қосымша 10 пайыз арттыруы мүмкін.
– Ауданда кәсіпкерлік мақсатта жерді қалай алуға болады?
– Кәсіпкерлік мақсатында жер алу сауда-саттық (аукцион) арқылы жүргізіледі. Биылғы жылдан бастап сауда-саттық өткізу электронды форматқа көшірілуде. Яғни, биыл өткізілетін аукциондар gozreestr.kz (госреестр) сайты арқылы өтетін болады. Жеке және заңды тұлғалар жеке электронды сандық қолтаңба арқылы аталған сайтқа тіркелген жағдайда ғана қатынаса алады.
– «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы арқылы қандай бағыттарда грант беріледі?
– «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында мемлекеттік гранттар моноқалалардың, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердің шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен жас кәсіпкерлерге, сондай-ақ әйел азаматтарға, мүгедектерге және 50 жастан асқан тұлғаларға салалық шектеулерсіз, экономиканың басым секторларында және өңдеуші өнеркәсіп салаларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Бір кәсіпкер үшін ең жоғары грант сомасы 3 миллион теңгеден аспайды. – Шаруа қожалығын құрып, жер алып, мал өсіргім келеді. Жерді қалай алуға болады? – Шаруа қожалығын құру, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелеріне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру Қазақстан Республикасы «Жер Кодексінің» 43-1 бабы мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 20.06.2018 жылғы №518 бұйрығымен бекітілген қағидаға сәйкес, конкурс негізінде беріледі. Конкурсты өткізу туралы хабарлама жергілікті баспасөз бетіне және Atyrau.gov.kz ресми сайтына жарияланады. Толығырақ ақпаратты аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміне немесе 8(71238) 2-16-89, 2-15-18 байланыс телефондарына хабарласып ала аласыз.
Дайындаған: Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ
сурет: ашық дереккөзден