Бұрыннан бері айтылып жүргендей, елдегі даудың сотқа дейін алдын алу мақсатында «Татуласу:сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасын, билер кеңесін, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар жұмысын іске қосты.
Алайда, дауды тек «сот шешеді» деген қате сананы қалыптасқандар отбасындағы, ағайын-бауыр, достар, көршілер арасындағы даулардың шешімін сұрап әлі соттың табалдырығын тоздыруда. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының төрағасы Ж.К.Асановтың өкімінің негізінде сот жүйесіне азаматтық істерді қарау барысында «Соттағы татуласу рәсімдері» пилоттық жобасы енгізілді. Жоба процестік әрекеттердің Алгоритмі бойынша жүргізілуде. Сотқа талап арыз түскеннен кейін судья бес жұмыс күн өткенге дейін тараптарды татуласу рәсіміне шақырады. Тараптар өз бетімен татуласу рәсіміннің түрін таңдайды. Жоба шеңберінде шарттық міндеттемелерді орындаумен, материалдық және моральдық залалды, шығынды өндірумен, еңбек қатынастарымен, тұтынушылардың құқықтарын қорғаумен, тұрғын үй мәселелерімен және тағы да басқа даулар реттеледі. Қазіргі таңда, көптеген азаматтық істер бойынша тараптар пилоттық жоба аясында медиация тәртібімен татуласу рәсімдеріне қол жеткізіп, дауды қысқа мерзімде шешудің тиімділігін көрсетті.
Даулардың тез арада шешімін табуы жобаның басты артықшылығы. Пилоттық жоба арқылы татуласқан тарап ештеңесін жоғалтпайды. Керісінше, татуласу арқылы уақытын үнемдейді, материалдық-моральдық шығындарына ұшырамайды, мемлекеттік баж төлемін қайтарып алады. Сот, заңгерге кететін және жол шығындарынан құтылады. Тез арада шешімін тауып, дос, қызметтес немесе туыс пен көршілер арасындағы сыйластыққа нұқсан келмейді. «Бір күн ұрыстың қырық күндік қырсығы бар» дегендей, дауды жеңудің ең тиімді әдісі– татуласуды қолданып жүргенге не жетсін, ағайын?!
Рақымжан БАУЫРЖАНҰЛЫ,
аудандық соттың аға сот приставы