Сағыз ауылындағы А.Өміров атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары енді жаңа ғимаратта шығармашылығын шыңдаса, ауыл жастары да жаңа ғимаратта бос уақыттарын тиімді өткізіп, тың идеяларымен бөліседі.
Дарынды дирижер, білікті басшы Аманбай Өміровтің бастамасымен 1977 жылы төрт бөліммен ашылған саз мектебінде тек төрт бөлім, яғни домбыра, қобыз, баян, фортепиано сыныбы болды. Дербес ғимараты болмаған өнер ұжымы алғашқыда Кенбай орта мектебінің, басқа да мекемелердің ғимараттарында орналасып жұмыс жасады. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін төрт жылдан соң аудандық мәслихат сессиясының шешімімен мектепке А.Өміровтің аты берілсе, 1998 жылы аудан әкімінің өкімімен жалпы көлемі 156 шаршы метр, 60 орындық Сағыз ауылдық емханасының ғимараты оңтайландырылып, саз мектебінің ғимаратына айналды. Осыдан кейін өрлеу жолдары басталған мектепте бүгінгі күні бөлім саны 12-ге көбейіп (домбыра, шертер, жетіген, дәстүрлі ән, қобыз, қыл қобыз, баян, фортепиано, хореография, вокал, қолөнер, сурет), аудандағы іргелі өнер мектебінің біріне айналды. Өнер мектебінде 245 оқушыны 21 мұғалім өнерге баулып, 10 қызметкер еңбек етеді. Аталмыш мектептен білім алған шәкірттер өнер саласындағы жоғары оқу орындарын бітіріп, қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде мамандықтары бойынша еңбек етуде. Жаңа ғимаратта арнайы аспап кабинеттерімен бірге дыбыс жазу студиясы, қолөнер, сурет және акт залдары қарастырылған. Айта кетсек, мердігер мекемелер екі нысанға 50 миллион теңге көлемінде демеушілік жасап, музыкалық аспаптар, қажетті құрылғылар алып берді.
Сейсенбі күні қос ғимараттың ашылу салтанатында құттықтау тілегін білдірген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Ауданымыздың қай округінде де соңғы уақытта әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымын жетілдіруде көптеген жұмыс атқарылуда. Мұның барлығы аудан тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартып, өмір сүру сапасын арттыру үшін жасалуда. Өткен жылдың аяғында Сағыз ауылында жаңадан полиция ғимараты ашылып, пайдалануға берілсе, бүгін – облыс әкімінің қолдауымен Аманбай Өміров атындағы балалар өнер мектебі мен жастар орталығына жаңа ғимараттар берілуде. Бұл тұрғындардың көптен көтеріп жүрген мәселесі еді. Алдағы уақытта өнер мектебі мен жастар орталығынан талантты өнер иелері мен бастамашыл жастар шығуына тілектеспін. Баршаңызды ауылға аса қажетті екі ғимараттың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! - деді.
Салтанатты шарада облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов пен аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын қос ғимараттың ашылуымен құттықтаса, ардагер ұстаз, Аманбай Өміровтің жұбайы Күләш Мерғалиева: «Жолдасым Абекеңнің бастамасымен ашылған саз мектебі бүгінгі таңда өнер мектебіне айналып, арманы орындалды. Енді бүгінгі күні ұжымның арманы орындалып, жаңа ғимарат беріліп отыр. Өнерлі оқушыларды дайындап, тәрбиелеу мақсатында жаңа ғимарат тарту етіп отырған облыс, аудан әкімдігіне ризашылығымды білдіремін. Жаңа ғимараттан білім алған шәкірттер өз орындарын тауып, еліне қызмет етуіне тілектестігімді білдіре отырып, жас дарындарға сара жол көрсетіп, талабын ұштап жүрген өнер ұжымына шығармашылық шабыт тілеймін» деді.
Құттықтау тілектерден соң аудан әкімі Қанат Әзмұханов, облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов, Сағыз ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Амангелді Сапаров, ардагер ұстаз Күләш Мерғалиевалардың қатысуымен екі мекеменің лентасы қиылып, басшыларына символикалық кілт табыс етілсе, қазақы дәстүрмен әжелер шашу шашты. Шарадан соң қонақтар жаңа ғимараттарды аралап, жұмысымен танысты.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ