Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор, нағыз маман болып қалыптасу идеясын көздейді. Үкімет жұмысшы қоғамдағы еңбек адамының мерейін өсіріп, ынталандыру үшін жұмысшы мамандықтар жылында қолға алынатын іс-шаралар жоспарын бекітті.
Қазіргі таңда техникалық және кәсіби білімге басымдық берілуде. Биыл сала мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға артып, 65 пайыз техникалық мамандықтарға бөлінген екен. Өңірлерде әлемдік деңгейде беделді оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Жыл сайын шамамен 500 ғалым шет елде машықтануға мүмкіндік алды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі!»- деген еді.
Біз тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келдік, егемен еліміздің ұрпақтарымыз. Әжем өткен күндерді есіне алып, сол кезеңдегі еңбек еткен мамандар жайындағы естеліктерін айтып отыратын. «Кеңес заманында шопан, сауыншы, тракторист, құрылысшы, механик, аспаз, монтер, телефонист, медбике, шаштараз, тігінші, кітапханашы, мұғалім ең керемет аса қадірлі мамандық болды. Кеңшарлар мен ауылдарда олар таптырмас мамандар еді. Ауылдарда мамандарға арнап үйлер де салынды. Ол кезде автоклуб, клуб, кітапхана меңгерушілері де қадірлі мамандық иесі болды. Автоклубпен шопандар ауыл, шалғай елді мекен, қыстақтарды аралайтын, кино қоятын, концерт беріп, кітапханашы кітабын тарататын. Кейде оған автодүкен де қосылып, шалғай малшы қыстақтарын аралап, қат тауарлар мен азық-түлік өнімдерімен қамтитын. Ол заманда тігінші, шаштараз, сағат жөндеуші, етікші, суретке түсіретін фотограф – бәрі аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында еселі еңбек ететін. Қашан барсақ та ол жерде жұмыс қайнап жататын. Дүкендерде киім-кешек тапшылығынан, ел- жұрт тігіншіге тапсырыспен киім тіктіретін», - дейді әжем. Ал бүгінде базар, сауда үйлері, дүкен толы киім-кешек. Таңдағаныңды сатып аласың. Балалар киімі дүкендері де жетерлік. Соған қарамастан тігіншілер де жетерлік. Оның үстіне тігін құралдары да заман талабына сай жаңаша түрленген. Біздің Есбол ауылында Айна Жайсаңбаева есімді бесаспап тігінші жұмыс жасайды. Бүгінде ауыл тұрғындарының сұранысына сай барлық киім- кешекті өз қолымен тігіп береді.
Соңғы кездері кей ауылдарда қар күрейтін техника жоқ дегенді естиміз. Кей аймақтарда, тіпті ауылдық жерлерде техника жүргізетін адам жоқ деп те жатады. Механизатор да қат жұмысшы мамандығының бірі.
Соңғы жылдары жастарымыз заңгер мамандығына көп оқитын болды. Ал диплом алғандары, мамандыққа сай жұмыс жасамай, күзетші болып жүр. Одан да осындай тапшы жұмысшы мамандықтарға баратын жастар көбейсе жақсы болар еді. Сонымен қатар, ауылда да, қалада да сұранысқа ие тұрмыстық техникаларды жөндейтін мамандар әлі де керек деп ойлаймын.
Әжемнен бір естігенім, бұрындары теледидар, тоңазытқыш, сағат, аяқ киімдер жөндейтін мамандар көп болды. Тұрмыс қажетін өтеу комбинатына барсақ, сол мамандар толып отыратын. Техниктер автокөліктерімен ауылдарды аралап, теледидар, тоңазытқыштар жөндейтін. Ал қазіргі кезде тоңазытқыш, салқындатқыш, Отау- ТВ қондырушылар бар. Керек кезде қоңырау шалсаң, жетіп келеді. Демде Отауыңды, салқындатқышыңды қондырып тастайды. Қалалық жерде тұрмыстық техникалар- мұздатқыш, салқындатқыштарды, алтын-күміс бұйымдарды жөндеу, сағат жөндеу, кілт жасату шеберханасы бар. Ал шопан, сауыншылар шаруа қожалықтарында жұмыс жасауда. Ауылымызда мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер бар. Есбол ауылында мектеп, балабақша, медпункт, ауылдық клуб, тойхана, дүкендер бар. Бәрі де халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Биылғы жұмысшы мамандықтар жылында осы салада қызмет етіп жүрген жандардың мәртебесі арта берсін.
Айзада БАЙҒАЛИЕВА,
аудандық мәслихат депутаты