Бүгінгідей технология қарыштап дамып, жаһандану дәуірі орнаған заманда атқа мініп, малдың артында жүретін жандар некен-саяқ. Тіпті, мал бағуды ескі заманның күнкөрісі деп санайтындар да бар. Оның қасында тасшағылдық Махамбет Қуанғалиевтің жөні басқа.
Олай дейтін себебіміз ол мал шаруашылығымен соңғы үш жылда ғана айналысып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған еңбекқор жан. Өзінің айтуынша, 2004 жылы Тасшағыл орта мектебін бітірген уақытта үйінде бір де бір бас мал болмаған. Соған қарамастан, мектеп кезінде көрші-көлемнің малын қарасып, өзін еңбекпен шынықтыра берген. Ал, мектеп бітіргеннен кейін өзгелердей оқуға кетпей, ауылдағы «Тасшағыл» өндірістік кооперативіне құрылысшы болып жұмысқа кіріп, сол жерде қора салу, құдық қазу, мал бағудың қыр-сырын үйренеді.
Кооперативте бір жыл қызмет етіп, біраз дүниені көңіліне түйген ол кейіннен өзін басқа қырынан сынап көру үшін вахталық әдіспен жұмыс жасағанды жөн санайды. Сөйтіп 11 жылдай әртүрлі компанияларда жұмыс жасаған Махамбет қолына түскен жалақысына мал сатып ала берген. Елден жырақта жүріп, қанша табыс тапса да көңілі даланы аңсап тұрған ол 2019 жылы су жаңа «Уаз» автокөлігін сатып алып, жиналған азын-аулақ малымен шаруашылығын бастайды. Алғашында «Тасшағыл» өндірістік кооперативінің жерін уақытша пайдалануға сұрап алып, сол жерде бір жылдай мал бағады. 2020 жылдың аяғында Тасшағыл ауылынан 22 шақырым жердегі «Қойкөң» деген алқапты аукцион арқылы ұтып алып, келесі жылы кенже ұлының атына «Ернар» атты шаруа қожалығын құрады. Сол уақыттан бастап аукционнан алған 400 гектар жерге баспана, аула, қора салып, тұрақты түрде орнығады.
– «Көз қорқақ, қол батыр» деген рас екен. Бұрын мал шаруашылығымен айналысып көрмегендіктен, алғаш қожалықты ашарда жүрексіндік. Алайда, қорқып отыра берген адамға мал біте ме?! Сөйтіп тәуекелге бел буып, қожалықтың жұмысын бастадым. Аллаға шүкір, қазір қожалық жұмысы бір ізге түсіп келеді. Былтыр шаруа қожалығын құрсақ, биыл лизингпен су жаңа трактор алдым. Сол трактормен шөп шауып, қысқа қажетті 400 орама шөп жинап алдым. Қожалықты ашқан бойда алға қойған мақсатым малды асылдандыру болды. Сол мақсатта асылтұқымды ақбас бұқа алып, табынға қостым. Соның арқасында асылтұқымды малға, шөпке субсидия алып, мемлекеттің қолдауын сезініп отырмыз. Қазіргі таңда, қожалықта 100 бас ірі қара, 50 бас қой, 30 бас жылқы бар, - дейді кейіпкеріміз.
Әрине, мал баққасын оның өзіндік бейнеті мен қиындығы да болады. Сондай сынаққа Махамбет 2019 жылдың қысында тап болды. Ол уақытта кооперативтің жерінде уақытша мал бағып отырғандықтан жылы қора, кең аула салынбаған. Әрі сол жылы қар қалың, қыс ұзақ болды. Әсіресе, көктем шығады деп күтіп отырған наурыз айында бір апта ақ боран соққан. Сондай сәтте малдарға әр үш сағат сайын шөп салып, қар көмген ауланы әлсін-әлсін тазалап, барынша боранмен алысып баққан. Нәтижесінде, ешқандай мал шығыны болмаған. Сол қыстан кейін аукционнан алған жеріне көшіп келген Махамбет тұратын кәріз жүйесі қазылған баспана, кең аула, ұзындығы – 40, ені – 8 метрлік қора салады. Одан бөлек, өз қаржысына ток көзін беретін күн панелін, ұялы байланыс құрылғысын, телехабар тарататын «Отаu.тv» қондырғысын алып, қыстақ басына барлық жағдай жасап алды. Сол сияқты қожалықта трактор, «Уаз» автокөлігі, 3 мотоцикл, мал бағатын мініс аттар бар. Адал еңбекпен күнін көріп отырған шаруашылық иесі қайырымдылық іс-шаралардан да тыс қалған емес. Жыл сайын ірі қара мал сойып, етін тұрмысы төмен отбасыларға таратса, одан бөлек жергілікті әкімдік ұйымдастырған түрлі акцияларға да өз қол ұшын беріп келеді.
Өз еңбегімен мал тауып, қожалық ашқан Махамбеттің қазіргі ең басты мақсаты – қожалық жерін үлкейту. Қазіргі отырған қожалығының көлемі бар-жоғы – 400 гектар. Ол жер қой, сиыр, жылқы бағып отырған адамға өте аз. Оның үстіне малдары жайылып жүріп, өзге қожалықтың жеріне кіріп кетеді. Бір жақсысы – көрші қожалықтармен тату. Сондықтан оларда бір-бірінің малын қуып, айдап шығу жоқ. Сонда да өз малың қожалық аумағында жайылғанға не жетсін?! Екінші мәселе – шабындық жер жоқ. Биыл өзге шаруагерлермен келісіп, қысқы мал азығын дайындап алған ол «Келесі жылы қайтемін?» деп уайымдауда. «Сондай-ақ, аудандағы барлық шаруагерге ортақ мәселе – дизель отыны. Шаруашылықтың негізгі жұмысы тракторға байланысты болғандықтан бізге жанармайдың осы түрі ауадай керек. Әсіресе, қысқы дизель отыны удай қымбат. Бір литрінің бағасы – 450 теңге. Ал, жазғы жанармаймен трактор қызбайды. Сондықтан үкімет тарапынан дизель отынына субсидия берілсе деген ұсыныс бар» дейді ол. Бұдан бөлек, қожалық иесінің алдағы мақсаты – қой басын көбейтіп, асылдандырып сол бағытта тағы бір қожалық құру.
Қысы-жазы жұмысы бітпейтін қожалықты ұстап тұру үшін де үлкен күш керек. Бұл орайда, Махамбетке өзінің отбасы қолғабыс етіп отыр. Жәрдемші болып жұмыс жасауға жастар келмегендіктен қыстақ басында өздері тірлік етуде. Тасшағыл ауылында анасы Шарипа балаларға ақыл-кеңесін айтып отырса, қара шаңырақтағы Азамат атты інісі қолы қалт еткенде ағасына көмектеседі. Ал, негізгі күш ерлі-зайыпты Махамбет пен Асылшаға түседі. Сонымен қатар, Тасшағыл орта мектебінде 9-сынып оқитын Бекарыс пен 7-сыныпта оқитын Бексұлтан атты ұлдары да шаруаға жарап қалған. Оларды әр аптаның жұмасы күні кешке қыстақ басына алып кетіп, жексенбі күні кешке ауылға анасының қолына әкеліп тастайды. Сол сияқты 6 жастағы Ерназар мен 4 жасар Ернары әке-шешесінің қолқанаты болып өсіп келеді.
Осылайша, аудандағы ең жас шаруагерлердің бірі саналатын Махамбет Қуанғалиев ауыл шаруашылығы саласын дөңгелетуде аянбай еңбек етіп келе жатқан азамат. Ендеше, кәсіптен нәсібін тауып отырған оған тек қана жемісті еңбек тілейміз.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН