Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

КҮМБІРЛЕ,  КҮЙ КҮМБІРЛЕ!

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында ауданда майдангерлерді еске алу бағытында бірнеше шара  қолға алынды. Солардың бірі – Мұқыр ауылдық округінде ұйымдастырылған «Жауынгерлік қызметі үшін» медалінің, «Отан  соғысы»  орденінің иегері майдангер-ұстаз Ғиниятолла Есенғалиевті еске алуға арналған «Күй ғұмыр» атты жас домбырашылардың аудандық байқауы.

    Айта кетсек, 1923 жылы Қызылқоға топырағында, қарапайым шаруаның отбасында өмірге келген кейіпкеріміз әуелі Махамбет ауданы, Таңдай ауылында бастауыш мектепте оқыса, 1941 жылы Орал облысы (қазіргі Батыс Қазақстан облысы), Чапаев ауданы, Шалқар ауылынан орта мектепті бітіреді. Жастайынан еңбекке араласып, өмір ауыртпалығын арқалаған ол мектепті бітіргені сол еді, Ұлы Отанның соғысы басталады. Он сегізге толған жас жігіттің бойында жауға деген өшпенділік оянып, аудандық әскери комиссариатқа барып қайта-қайта майданға сұранғанымен оның өтініші келесі жылы ғана  қанағаттандырылады. Яғни, 1942 жылдың қаңтарында Чапаев аудандық әскери комиссариаты арқылы əскер қатарына шақырылып, Отан қорғауға аттанып, алдымен  Оренбург облысындағы Бугуруслан селосында 737-ші атқыштар полкі, І батальоны, 2-ші ротасының минометшілер взводында үш ай соғыс ісіне оқып, үйренеді. Сәуір айында аталмыш полкті майдан даласына аттандырады. Алайда, соғыс ісін үздік меңгерген және орта білімі бар сарбаздарға сержант атағы беріліп, жаңадан әскерге шақырылғандарды үйрету үшін бөлімше командирі  етіп  қалдырады. Солардың ішінде майдангер Ғиниятолла Есенғалиев бар еді. Маусым айында Воронеж  майданы  құрамында  соғысқа  аттанған полк зұлым жаумен бетпе-бет кездесіп, соғысқа кіреді. Воронеж қаласын немістерден азат ету үшін болған ұрыста кейіпкеріміз аяғынан жараланып, Борысоглевск  қаласында  емделіп шыққан соң қайтадан майданға аттанады. Бұл жолы Воронеж майданының  60-шы  армиясы  штабынан телефонистер дайындайтын үш  айлық  курста оқып, артиллерист-телефонист мамандығын алып шығады да  армияның  артиллерия  штабы батареясында телефонист болады. Майдан даласында қарша бораған оқтың астында алдыңғы шептегі жаяу әскердің артиллеристермен байланысын үзбей, мүлтіксіз қызмет етеді. 1943  жылдың қысында І Украина  майданы  құрамында Украинаның Виница, Киев, Львов, Ровно облыстары үшін болған шайқастарға қатысып, оларды неміс  басқыншыларынан тазартады. Бір жылдан соң Өзбекстанның Ферғана қаласына эвакуацияланған Харьков  артиллерия  училищесіне біржылдық оқуға барып, оны бітірген соң лейтенант шені беріледі. І Беларусь майданының құрамында взвод командирі болып, Германияның Штендаль, Зальцведель қаласын фашистерден азат ету ұрыстарына қатысып, жеңісті сол жерден қарсы алады. Соғыс аяқталғаннан кейін де жаңадан келген  солдаттарды  соғыс ісіне  үйретуге  қалдырылып, екі жылдан кейін, яғни 1947  жылдың  мамырында әскер қатарынан босатылады. Елге келген соң Орал  педагогикалық училищесін, Гурьев педагогикалық институтын  бітіріп, 1949  жылдан  1985  жылға  дейін    мұғалім  болып  еңбек етті. Оқушыларға білім нәрін себе жүріп, музыка  өнеріне  баулыды. Ұл-қыздарын да өнерге баулып, Есенғалиевтар отбасылық ансамблін құрады. Отбасылық ансамбль 1982  жылы Қазақстан  кәсіподақтарының  ХІІ  съезі  делегаттарына  өнер  көрсетіп, бір жылдан кейін Алматы  қаласында  шығармашылық концертін берді. Мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін ансамбль жетекшісі Ғиниятолла  Қазақ Республикалық  кәсіподақтар кеңесінің Құрмет грамотасымен, Қазақ КСР Мәдениет министрінің  дипломымен  марапатталып, «Құрмет белгісі» орденін, «Еңбек ардагері» және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 25, 30, 40» мерекелік медальдарын иеленді.

Мұқыр ауылдық клубының ұйымдастырған байқау шымылдығы Ғиниятолла Есенғалиевтің өмір жолына арналған деректі таныстырылыммен ашылып, көрермендер арнайы жасақталған көрмемен танысты. Байқау ережесіна сай екі кезең бойынша сынға түскен үміткерлер бірінші кезеңде еркін тақырыпта музыкалық шығарма немесе жәй ырғақты шертпе күй орындаса, екінші кезеңде дәстүрлі қазақ күй өнерінің жауһарлары саналатын төкпе күйді орындады. Нәтижесінде, бас жүлдені Тасшағыл ауылдық округінен келген үміткер Әскер Қуаныш жеңіп алса, І орынды миялылық Нұрперзент Смағұл, ІІ орынды сағыздық Самат Жаһаншах иеленді. Ал ІІІ орынды Айдана Мұхамбетжан (Мұқыр а/о.), Ерназар Қуанышбекұлы (Көздіғара а/о.) және Фариза Асыланқызы (Жанкелдин а/о.) еншіледі.  Байқау жеңімпаздары ұйымдастырушылар атынан арнайы диплом, Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Осылайша майдангер-ұстаздың соғыс жылдарында көрсеткен ерліктері, одан кейінгі кезеңдердегі еселі еңбектері күй арқылы тағы бір мәрте ұлықталды.

Бауыржан ОҚАСҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT