Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Үкімет оқу жылын қорытындылап, жазғы демалысты дұрыс ұйымдастыру мәселесін пысықтамақ

фото Kazinform
фото Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін сағат 10:00–де Үкіметтің кезекті отырысы өтеді. Күн тәртібіне оқу жылының аяқталуы және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелесі шығарылып отыр. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев негізгі баяндама жасайды.

Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясында:

    Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев
    Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап береді.

2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметтеріне сәйкес, елімізде барлығы 8 мыңнан астам мектеп бар, онда 4 млн-ға жуық оқушы білім алады. Биыл 9-сыныпты 364 мыңнан астам бала аяқтайды. Олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ 217 мыңнан астам түлек 11-сыныпты тәмамдайды.

Өткен жылы тұңғыш рет барлық мектепте оқыту тіліне қарамай қазақ тілі және әдебиет пәнінен аралық емтихандар енгізілді. Аралық емтиханды 5, 6, 7, 8, 10-сынып оқушылары 27-31 мамыр аралығында тапсырады. Оған 1,7 млн оқушы қатысады. Бұл емтиханның мақсаты - оқушылардың мемлекеттік тілді оқып-үйрену деңгейін анықтау және білімдерін шыңдауға дағдыландыру. Бұл емтихан халықаралық CREF стандартына сәйкес негізінен 4 бағытта өтеді: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым.

Еліміздің орта білім беру ұйымдарында 412 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Бұл - былтырмен салыстырғанда 14 мыңға артық. Олардың 73 пайызға жуығы – жоғары біліктілік санатына ие. Педагогтер санының артуы - еліміздің орта білім беру жүйесінде кадр тапшылығының толығымен жойылуына ықпал етті. Қазақстан тарихында алғаш рет биылғы оқу жылында екі педагогке Президент Қасым Жомарт Тоқаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсырды. Сондай-ақ, 36 педагог мемлекеттік наградалармен марапатталды, 64 мұғалім «Үздік педагог» атағын иеленді және оларға мемлекет тарапынан 1 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы тағайындалды.

2024-2025 оқу жылының ең басты жетістіктерінің бірі — халықаралық олимпиадаларға қатысқан әрбір екінші қазақстандық оқушының елге жүлдемен оралуы. Ұлттық құрама қоржынында — 362 медаль, оның ішінде 41 алтын бар. Бұл — Қазақстан білім сапасының халықаралық деңгейде жоғары бағалануының айқын дәлелі.

Осы оқу жылында 40 пайыздан астам оқушы республикалық және халықаралық деңгейдегі зияткерлік шараларға қатысты. Оның ішінде Қазақстан оқушылары Азия және әлемдік олимпиадаларда білімдерімен ерекше дараланып, беделді марапаттарға ие болды. Олар лингвистикадан — «Ең үздік қатысушы», физикадан — «Ең үздік қатысушы қыз бала», химиядан — «Ең үздік практик», информатикадан — «Ең үздік информатик» атанды. Химия пәнінен ең беделді халықаралық олимпиадада — екі дүркін, First Global Challenge робототехника чемпионатында үш дүркін әлем чемпионы болды.

Қазақстан — олимпиада жүлдегерлерін қаржылай ынталандыру жүйесін енгізген бірден-бір ел. 2024 жылы халықаралық беделді олимпиадаларда топ жарған 26 оқушыға және оларды дайындаған педагогтерге ақшалай сыйақы берілді.

Айта кетейік, 13 мамырда өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және вегетациялық кезеңді өткізу мәселелері талқыланған болатын. Онда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, сондай-ақ бірқатар өңір әкімі баяндама жасады.

Ауыл шаруашылығы министрі келтірген дерек бойынша, 2025 жылы еліміздегі жалпы егіс алқабы - 23,7 млн гектар, бұл - өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға артық. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру нәтижесінде екі жыл ішінде бидай алқабы 750 мың гектарға қысқарды, бұл ретте мал азықтық және майлы дақылдар алқабы 3,3 млн гектарға жеткізілді. Бұл ретте күнбағыс алқабы 1,4 млн гектарға, дәнді және бұршақты дақылдар 16,6 млн гектарға, мақта алаңы 135 мың гектарға жетеді.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ауа райы болжамдарын баяндап, құрғақшылық болуы мүмкін өңірлерді атады және егін егу жұмыстарын ертерек бастауды ұсынды. Оның айтуынша, мамыр айы елдің көп бөлігінде ыстық және құрғақ болады, алайда астық егетін өңірлерде, тау бөктерінде және оңтүстікте жауын-шашын көлемі климаттық нормаға жақын мөлшерде болады деп болжанып отыр. Сондай-ақ, мамырда Қостанай облысының оңтүстігінде, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының оңтүстік-батыс бөлігінде, Қызылорда облысының солтүстік-батысында, Алматы және Жамбыл облыстарының солтүстігінде, Қарағанды облысының оңтүстігінде, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Абай және Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында құрғақшылық болуы мүмкін.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ылғалды талап ететін дақылдарды қысқарту Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының басымдықтарына тікелей сәйкес келетінін айтты. Соған сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарының құрылымын әртараптандыру көзделген. Индикативтік көрсеткіштерге сәйкес, 2025 жылға қарай күріш пен мақта егіс алқаптары кемінде 41 мың гектарға қысқартылуы тиіс.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT