Ауызсу – кез келген тірі жан үшін ең қымбат және қалпына келтіре алмайтын табиғи қор. Мәліметтерге жүгінсек, қазіргі кезде тұщы су мәселесі халықаралық дәрежеде үлкен мәселенің біріне айналып отыр. Дүниежүзі денсаулық ұйымының санағы бойынша шамамен 1,2 миллиард адам су тапшылығын өз бастарынан өткізуде. Әсіресе ауызсудың гигиеналық көрсеткіштерінің жылдан-жылға төмендеп, нашарлай түсуі адамдардың денсаулығына зиянын тигізуде. Ел арасында әртүрлі аурудың пайда болу себебі де осы ауыз санитарлық нормаға сәйкес келмеуінен болады.
Жер бетінде су көп, алайда адамзат тұтынатын тұщы су көлемі гидросфераның үш-ақ пайызын құрайды екен. Жалпы жер беті мен адам ағзасының 2/3 бөлігін су құрайды. Сондай-ақ, адам және жануарлар ағзасы қанының құрамы мұхит суы құрамына ұқсас келеді. Одан бөлек ағзадағы лимфаның болуы, қанның 90 пайызы, бұлшық еттің 75 пайызы судан тұрады. Сүйектің өзінде су 28 пайыз. Егер адам ағзасы 12-15 пайызға сусызданса, зат алмасу үрдісі бұзылады, ал, 25 пайызға сусызданса өлім қаупі туады. Судың құрамында неғұрлым минералды тұздар көп болса, ол соғұрлым кермек, тұзды, ащы дәмі басым болады. Бұл өте қауіпті. Мұндай су ішуге жарамсыз. Біріншіден, адамның ас қорыту жүйесінің бұзса, екіншіден, тамақ тез піспейді, кір ашылмайды, сабын көпірмейді, тіпті мұндай суды көліктерге де құюға болмайды.
Адам денсаулығы ауызсудың сапасына тікелей тәуелді. Осыған байланысты ауызсуға мемлекеттік санитарлық талаптар қойылады. Олардың негізгілері: иісі мен дәм көрсеткіші 2 балдан аспауы керек. Мөлдірлігі 30 сантиметрден артық, лайлығы 2 мг/литрден аз, кермектілігі 7-100 ммоль болуы керек. Ауыз судың кермектігін анықтайтын кальций, магний тұздары аз болса, адам сүйегінің морттылығы өсіп кетеді. Фтордың ауызсудағы мөлшері төмен болуы – флюороз және кариес, темірдің, мыстың жетіспеуі – анемия, бордың аз болуы асқазан, никельдің кем болуы – көз ауруларына шалдықтырады. Ауыз судың температурасы 8-150С аралығында, минералдығы 1 г/литрге дейін болуы тиіс. Сондай-ақ, ауыз суға нитраттар мен нитридтердің мөлшері, 1 литр судағы ішек таяқшаларының саны (коли-индекс) бойынша да. талаптар қойылады. Қазіргі таңда, ағын сулар, көлдер мен бөгендердің ластануына, олардың табиғи гидрологиялық және гидрохимиялық режимдерінің антропогендік өзгеруіне байланысты Қазақстанның көптеген өлкелерінің (Арал өңірі, Батыс, Орталық Қазақстан) тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы орайда, тұрғындар да ауызсуды тұтынғанда қайнатып, барынша қауіпсіздік талаптарын сақтаған жөн.
Назерке МАҚСОТОВА,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының бөлім басшысы