Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында инвестиция тарту – басты стратегиялық міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Бұл – еліміздің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, өңірлік салалардың да дамуына серпін беретін маңызды бағыт. Осы тұрғыдан алғанда, балық шаруашылығы секторы үшін инвестициялық ахуалдың жақсаруы – жаңа мүмкіндіктер кезеңінің бастауы деуге толық негіз бар.
Жайық-Каспий аймағында орналасқан балық шаруашылығы субъектісі ретінде соңғы жылдары біз айтарлықтай өзгерістерді байқап отырмыз. Біріншіден, мемлекеттік қолдау құралдары мен жеңілдетілген қаржы көздеріне қол жеткізу жеңілдеді. Екіншіден, экологияны сақтай отырып, балық өсіру мен өңдеу технологияларын жаңартуға мүдделі шетелдік және отандық инвесторлар пайда болды.
Атырау өңірі – еліміздің негізгі балық ресурстары шоғырланған аймақтың бірі. Бүгінгі таңда біз тек табиғи су айдындарынан аулау жұмыстарымен шектелмей, балық өсірумен де белсенді айналысып келеміз. Бұл – тұтыну нарығын тұрақты өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт әлеуетін арттыруға да жол ашады. Мысалы, соңғы жылдары біздің шаруашылық бірнеше инновациялық жобаны іске асырды. Инкубациялық цех жаңартылып, балық шабақтарын қолдан өсіру көлемі артты. Қайта өңдеу желісі іске қосылып, дайын өнім түрлері Еуропа мен Ресей нарығына экспорттала бастады;
Қызметкерлер саны көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылды.
Әрине, бұл жобалардың іске асуына мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстың және инвестиция тартудың нәтижесі себеп болды. Статистикаға сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы жеті айында негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 9,9 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 16,1%-ға артқан. Бұл – оң динамиканың нақты көрсеткіші.
Балық шаруашылығы – экологиямен тығыз байланысты сала. Сондықтан инвестиция тарту барысында біз үшін экологиялық талаптарды сақтау, су ресурстарын қорғау және балық түрлерін сақтау – басты басымдық. Осыған орай, біз қоршаған ортаға зиян келтірмейтін, тұрақты даму қағидаттарына негізделген жобаларды ғана жүзеге асырудамыз.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары мен халықаралық рейтинг агенттіктерінің елімізге берген жоғары бағасы шетелдік серіктестермен өзара сенімді нығайтып, жаңа бастамаларға жол ашуда. Біз, сала өкілдері, инвестиция арқылы өңірлік экономиканы дамытуға, экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып, халықты сапалы балық өнімімен қамтамасыз етуге әрі елімізді экспорттық әлеуеті жоғары балық шаруашылығы державасына айналдыруға үлес қоса береміз.
Айгүл ӘМІРҒАЛИЕВА,
“Амангелді” ЖШС құрылтайшысы, Атырау облыстық мәслихатының депутаты