Жақында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин, ақын, сазгер, әнші Қалидолла Ізекен, Жаңашаруа орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жайғали Өтеуғали және осы жолдардың авторы болып көрші Индер ауданына жол тарттық.
Мақсат біреу – сол Индер ауданының орталығы Индербор кентінде салтанатты түрде ашылатын зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы мен бард ақын Табылды Досымовтың ескерткішіне куә болу. Жол ұзақ. Жол қысқарсын деп Қалидолла Ізекенұлы әңгіме тиегін ағытты.
- Мұрат Мөңкеұлына кезінде: Тез жетіліп қарағайдай бой алған, Шыңға шырқап Саркөлдегі ояңнан. Он жасында көмейіне жыр қонып, Домбырасын қолына алып оянған. Осылайша басталатын сапардан, Жырдың көшін көш ілгері апарған. Он бесінде мықтылармен айтысып, Елге әйгілі Есет биден бата алған, - деп басталатын өлең шығарғанмын. Ол 2013 жылы шыққан «Мизам шуағы» атты таңдамалы өлеңдер жинағыма енді. Табылдымен сонау 90-шы жылдардан бері ағалы-інілі болып сыйласып келдік. Ол Миялыға келсе ең әуелі біздің үйге келіп, арқа-жарқа болатынбыз. Даусы қандай керемет еді? Өз әнін өзі ғажап орындайтын. Қайтарының алдында бір апта бұрын біздің үйге келіп, мәз-мейрам болып отырғанбыз. Сол шақта жүзі солғындау көрінді. Көп кешікпей қайтқанын естігенде ауданнан бір топ делегация барып топырақ салдық. Оған арнап бірнеше өлең шығардым. Бүгінде, бір өлеңімді арнап бара жатырмын, - деп Қалидолла Ізекенұлы ағынан жарылды.
Қалекеңнің әңгімесін зор ықыласпен тыңдай отырып, Индербор кентіне қалай жетіп қалғанымызды білмей қалыппыз. Орта жолда дәл сол күні таңғы шәйімізде ішіп отырғанда бір деммен оқып шыққан филология ғылымдарының докторы, Мұраттанушы Бауыржан Омарұлының фейсбук парақшасына жариялаған «Екі ескерткіш» атты эссесіндегі: «Бүгін қасиетті Дендер топырағында еңселі екі ескерткіш ашылады.
Бірі – қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, әйгілі ақын Мұрат Мөңкеұлының тұғырға қойылатын ескерткіші. Екіншісі – тау тұлғалы Табылды Досымовтың түрегеп тұрған бейнесі. Ел-жұрттың қадір-құрметіне бөленген бұл екі ақынның жас айырмасы – жүз жиырма екі жыл. Екеуі екі ғасырдың тұлғасы. Бірі – ағыл-тегіл қазақ жырының алтын дәуірі – он тоғызыншы ғасырдың өкілі. Екіншісі – біздің замандасымыз. Күні кеше ғана арамызда жүрген хас талант. Осы екі ақынды байланыстыратын не нәрсе? Екеуінің де жырлары елдің аузынан түспейді. Екеуі де туған өлкесін шексіз жақсы көрді. Сай-саласына, өзен-көліне, тау-тасына, төбе-жазығына, асу-беліне, қыр-адырына дейін тынбай жырлады. Екеуіне де заманы тарлық етті. Екеуі де қос ғасырды тоғыстырып барып өмірден өтті. Екеуі де еркіндіктің жыршысы еді.» деген пайымдауы еске түсті. Осыдан-ақ, екі ақынның ұлылығы бір-бірімен үндесіп тұрғандығын байқау болады. Шара түстен кейін ақын Мұрат Мөңкеұлының ескерткішінің ашылуымен басталды.
Оның авторы Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі Құттыбек Жақып. Биіктігі жеті метр болатын, таза қоладан құйылған ескерткіштің салтанатты түрде ашылуында сөз сөйлеген Атырау облысы әкімінің орынбасары Серік Шапкенов алдымен аймақ басшысы атынан бүгінгі айтулы мерекемен құттықтап:
- Қазақтың зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлын танымайтын қазақ жоқ. Өзінің рухқа толы өлеңдерімен халық жадында мәңгілікке сақталды. Біздің міндетіміз - ұлы тұлғаларымызды ұлықтау. Осы арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Ашылғалы тұрған ескерткіш құтты болсын,-деді.
Одан кейін құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов:
- Мұрат Мөңкеұлының туған жері Қызылқоға ауданының Қарабау ауылы. Сондықтан, ол жаққа да ақынның ескерткішін орнатса артық болмас еді. Дегенмен, батыр ортақ, ақын ортақ, жақсы ортақ. Ал, ақынның жерленген жері Индер ауданы. Бүгінгі шара талай ұрпаққа тағылым сыйлайтындығында сөз жоқ, - деген тілегін білдірді. Бұдан соң, ескерткіштің ақ матасы ашылып, әжелер шашу шашып, термешілер жыр арнады. Осынау игі шара аяқталған бойда жұртшылық бард ақын Табылды Досымовқа қойылған ескерткіштің ашылу салтанатын көруге асықты. Биіктігі екі метр 60 сантиметр болатын ескерткіш таза қоладан құйылып жасалған. Сәулеттік өнер компазициясы Табылды ақынның 45 жасында дүниеден өтуін білдіретін 4,5 метрлік гранит тасқа өлеңдері жазылса, Табылды мұрасының кейінгі ұрпаққа жалғасуын бейнелейтін граниттың ұшар басына құстар бейнеленген. Ескерткіштің авторы Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі Бақытбек Мұхаметжанов. Шарада Атырау облысы әкімінің орынбасары Серік Шапкенов құттықтау сөз сөйлесе, ақын Светқали Нұржан таланттарды тірі кезінде бағалай білейік дей келіп, Табылды досына арнаған өлеңін тебірене тұрып оқып берді.
Ал, Табылды ақынның ізбасарлары әндерін шырқап берсе, шараға қатысушылар ескерткіштің қасына фотоға түсіп, ақын мұралары кейінгі ұрпаққа жалғаса берсе игі деген тілектерін білдіріп, «Мұраттан Табылдыға дейін. Ұлылар үндескен күн» тақырыбындағы сахналық қойылым мен концерттік бағдарламаны тамашалау үшін аудандық мәдениет үйіне ат басын бұрды. Сахналық қойылымда зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы мен Табылды ақынның өлеңдері оқылса, елімізге белгілі әнші Сәуле Жанпейісова, Елена Әбдіхалықова, Есенбай Құлиевтер Мұрат пен Табылдының әндерін тамылжыта шырқап берді. Сондай-ақ, Табылдының ізбасарлары, жас термешілер де өнер көрсетсе, сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, Табылды ақынның курстасы Арман Сқабылұлы, Табылды Досымов атындағы қордың төрағасы Бижан Қалмағанбетовтер құттықтау сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Сөйтіп, қос ақынға қойылған ескерткіштің салтанатты түрде ашылуына арналған шаралар өз мәресіне жетті.
Бауыржан СИСЕНОВ
Суретті түсірген: Саламат БАЗАРБАЕВ