Таяуда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отбасыларды, оның ішінде ана мен баланы әлеуметтік қолдау шарасына ерекше басымдық беріп, нақты тапсырмалар жүктеді. Осы ретте, Президент жуырда ғана ана мен бала құқығын қорғау жүйесін жетілдіру үшін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты күшейтілген заңға қол қойды. Бүгінде біздің алдымызда отбасы институтын дамыту міндеті тұр.
Ол үшін еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды адал азаматқа тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеудің жаңа сапасын қалыптастыру керекпіз. Жанұяда отбасылық құндылықтар сақталуы тиіс. Осы бағытта ауданымызда 2024 жылдың 23 қыркүйегінде аудан әкімі Қанат Әзмүхановтың №199 бұйрығымен Қызылқоға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімі жанынан аудандық «Отбасын қолдау орталығы» ашылды. Аталмыш мекемеге басшы болып Ақмарал Құсанова тағайындалды. Орталық былтырғы жылдың 18 қазанынан бастап өз жұмысын бастады. «Отан отбасынан басталады» деген қазақтың нақыл сөзі бекер айтылмаған. Өмірге сәби келгеннен бастап, оның тәрбиесіне, қажеттіліктеріне толықтай ата-ана жауапты. Бала ұясында не көрсе, ұшқанда соны іледі.
Алайда кез-келген ата-ана баласының жақсы тұлға болып қалыптасқанын қалайды. Сонда, қоғамда болып жатырған қылмыстарды, жаман іс-әрекеттерді кім жасап жатыр?
Бәрі де анадан, әкеден тарағаны табиғи құбылыс. Міне, осындай қоғамда, қазіргі уақытта аталмыш орталықтың халыққа тигізер пайдасы орасан зор. Олай деуімнің себебі, ашылғанына жарты жылдай уақыт өтсе де, 20-дан астам адам орталық көмегіне жүгінген. Оның ішінде аяқталғаны да, әлі де жүргізіліп жатқан жұмыстар бар. Ауданымызда осындай әлеуметтік сала бағытындағы орталық ашылғалы, барлық аудан тұрғындарының назарын аудартып, қызығушылықтарын туғызды. Орталықтың жұмыс жасаудағы негізгі мақсаты қандай? Тек некеге қатысты ма? Зорлық-зомбылық көрген жандар паналайтын орын ба, деген сияқты сұрақтар туындағаны белгілі. Бұл ретте, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жан-жақты қолдау көрсетудің интеграцияланған моделі – ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мақсатында уәкілетті мемлекеттік органның үйлестіруімен мемлекеттік органдардың қатысуын көздейтін ұйымдастырушылық және функционалдық тәсіл екенін айта кеткен жөн болар. Жалпы орталық:
1. ҚР Конституциясы;
2. ҚР Әлеуметтік Кодексі;
3. «Неке (ерлі-зайыптылық ) және отбасы туралы» ҚР Кодексі;
4. ҚР Мәдениет және Ақпарат министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы №256-НҚ бұйрығымен бекітілген Отбасына қолдау көрсету орталықтарының қызметін жүзеге асыру қағидалары;
5. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы №192 бұйрығымен бекітілген өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жан-жақты қолдау жөніндегі жұмысты үйлестіру қағидалары;
6. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 21 маусымдағы №211 бұйрығымен бекітілген Медициналық – әлеуметтік есепке алуды жүргізу қағидалары;
7. «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылдары мен жасөспірімдер үйлері туралы» ҚР 2000 жылғы, 13 желтоқсанындағы Заңы ;
8. 2024 жылғы 15 ақпандағы Туғаннан үш жасқа дейінгі жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, туғаннан төрт жасқа дейінгі психикалық және физикалық дамуы бұзылған балаларға арналған денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы ереже;
9. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары 2022 жылғы 31 тамыз;
10. Жасөспірімдер үйі туралы үлгі қағидалар; 2022 жылғы 17 наурыздағы №101;
11. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандарты 2023 жылғы 29 маусым;
12. Стоционар жағдайында халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарты 2023 жылғы 29 маусым;
13. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 24 қазандағы №408 бұйрыққа қосымша стандарт ;
14. ҚР 1997 жылғы 16 сәуірдегі №94 Тұрғын үй қатынастары туралы Заңы сынды құқықтық негіздерді заңдылыққа алады. Одан бөлек, аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың 2024 жылғы 14 қарашадағы №294 «Өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топ құру туралы» өкіміне сәйкес аудан бойынша денсаулық, ішкі істер бөлімі, білім, ауданға қарасты ауылдық округ әкімдері, және әлеуметтік сала мамандарынан туратын, құрамы 100 адамға жуық мобильдік топ құрылды. Мобильдік топ мүшелерімен бірігіп қарқынды жұмыс жасалуда. Жоғарыда айтылғандай орталық ашылғаннан бері 20-дан астам тұрғын өтініш білдірген. Олар құжат мәселесі, мүгедектік алу жөнінде, алимент мәселесі, жұмысқа орналасу сынды мәселелер. Алдағы уақытта да жоспарға сай қарқынды жұмыс жасалатын болады.
Ақнұр ДҮЙСЕНҒАЛИ