Гендер - бұл ерлер мен әйелдердің мінез-құлқын, сондай-ақ олардың арасындағы әлеуметтік өзара қарым-қатынасты айқындайтын, олардың әлеуметтік және мәдени нормалары мен рөлдерінің жиынтығы. "Gender" сөзі ағылшын тілінен аударғанда жыныс (еркек, әйел) дегенді білдіреді.
"Гендер" термині әлеуметтік процестерді түсінуге арналған талдау құралы болып табылады. Гендерлік саясат - қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет. Гендерлік теңдік - әлеуметтік функцияларды орындау кезінде жыныстық тегіне қарамастан әйелдер мен ерлердің ресурстар мен игіліктерге тең дәрежеде қол жеткізуі. Гендерлік тең құқықтылық - әйелдер мен ерлердің заң алдындағы тең құқықтығы гендерлік теңдікке жету жолдарының бірі болып табылады. Мемлекет кепілдік беретін, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен басқа да заңнамалық актілерінде бекітілген, азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және басқа да құқықтарды жүзеге асырудың әйелдер мен ерлер үшін тең құқығы бар екенін біле жүрген жөн. Мемлекет басшысы бекіткен гендерлік теңдік стратегиясы негізінен ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізу мақсатындағы билік пен қоғамның өзара тиімді әрекет етуіне бағытталып шығарылған заң.
Қазіргі кезеңде азаматтық қоғам ұлттық гендерлік саясатты жүзеге асыруға және өмірдің барлық саласында гендерлік теңдікке қол жеткізу тетігін жасауға белсенді түрде, кең көлемде жұмыстар жүріп жатыр. Біздің елімізде бұл мақсаттағы жұмыстарға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. Бұрын «әйел теңдігі ұғымы мәселе болса, бүгінгі күні ол «гендерлік теңдік» деген үлкен саясатқа ұласып, Мемлекет басшысының қолдауымен осы гендерлік теңдік аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заң қабылданды. Бұған қоса Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді. Қазақстанның тәуелсіз қыздары әлемдік деңгейде дамып, өркениеттік мәдениеттен тиесілі өз орындарын тауып, саясатты да, бизнесті де, ғылымды да жан-жақты меңгеріп, қоғамның барлық саласына ер азаматтардан қалыспай, белгілі дәрежеде ірі қайраткерлер есебінде қызметтер атқаруда. Елімізде ер мен әйелдің тең құқылығы тәуелсіздік алған жылдардан бастап ілгерілей түскенін, 1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылғанын, БҰҰ-ның «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» және «Тұрмыс құрған әйелдің азаматтығы туралы» конвенциялары бекітілгенін, қарап отырсақ, мұның барлығы мемлекетіміздің әйелдер мәселесіне бейжай қарамай отырғандығының белгісі екенін көруге болады. Гендерлік саясат – бұл, бәзбіреулер айтып жүргендей, «әйелді төрге, еркектің басын көрге сүйрейтін» саясат емес екенін, гендерлік саясат- бұл, қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет екенін, сондықтан әлі де болса гендерлік білімді жетілдіру, гендерлік саясат жұмысын насихаттау шараларын жүзеге асыруды жалғастыра беру қажет.
Базаргүл АБДУАЛИЕВА,
Қызылқоға аудандық сот әкімшісінің бас маманы