«Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған.
Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды». (Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауынан) Құрманғазы ауданының аумағымен өтетін «Атырау-Астрахан» тасжолының құрылысы сағызша созылып кеткені рас. Бұл ретте, құрылысқа қажетті материалдың тапшылығы қолды байлаған болатын. Айталық, Қарағандыда қиыршықтас жол жиегінде жатса, ал, Атырауға оны Ақтөбеден теміржолмен тасуға тура келеді екен.
Сондай-ақ, көп жағдайда мердігер мекемені анықтауға да біраз уақыт кетіп қалады. Өз кезегінде ол тапсырысты арзан бағаға орындаймыз деп тендерді ұтып алады. Кейін сәйкесінше арзан жұмыс күші мен техниканы тауып жұмысқа кіріседі. Сапалы отандық материалдардың орнына арзан қытайлық өнімдерді алады. Бұдан бөлек, жобалау кезінде қателіктер кеткені анықталып, қайта түзетіліп жатады. Міне, осындай факторлар елімізде жол құрылысының баяу жүруіне себеп болып отыр. Осылай жүргенде қажетті материалдардың құны да аспандап кетеді. Мысалы, жанар-жағармай да екі есе қымбаттап шыға келеді. Битум мен қиыршықтас та солай. Сөйтіп, мердігерлер ақшаны үнемдеуге көшіп, сапа жағын мүлде ескермей қалады. Ендеше, атыраулықтар аңсап күткен жол қашан толық қолданысқа беріледі?
Осы орайда, біз еңбек ардагері, Қазақстан Республикасының Құрметті жолшысы Сейітжан Молдашевтің пікірін білген едік. – Бұл – еліміз үшін өте маңызды жол болып саналады, - дейді ол. – Сондықтан ол сапалы салынуы қажет. Былтыр Атырау-Астрахан трассасын су шайып кеткені бейнеленген видео тараған еді. Ал, жолдың ең басты жауы – су. Жолдың астына барған су қыс мезгілінде мұз болып қатып, асфальтты жарып жібереді. Жол саларда жергілікті климаттық жағдайды да ескеру қажет. Өзге дамыған елдерде қолданылып жатқан технологиялық әдістердің бәрін біздің жолдарға тықпалай беруге болмайды. Ол біздегі табиғат жағдайына сай келе ме, жоқ па, соны тексеріп алу керек алдымен. Мұнымен арнайы жол зерттеу институты айналысады. Қазір топырақ құрамын нығыздайтын қоспалар қолданылып жүр. Асфальтты бетон құрамына модификатор қосылады. Бұл – жаңа технологиялық әдістер. Бірақ кез келген жаңа әдіс бес жылдан кейін ескіріп кететінін де ескеру керек. Атыраудың өзін алсақ, былтыр күн өте ыстық болды, сәйкесінше, асфальт та 80 градусқа дейін қызды. Көрдіңіз бе, жол сапасына әсер ететін фактор өте көп. Бұл орайда жол салушылар «Қазгидрометпен» де тығыз байланыста жұмыс жасауы керек.
Сондай-ақ, жол құрылысында жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігіне де қатты мән берілуі тиіс. Өйткені, сапасыз жол жол-көлік оқиғаларының орын алуына да әсер ететінін ұмытпаған абзал. Иә, маман сөзінің жаны бар. Атырау – еліміздің мұнайлы өлкесі. Десек те, қара алтынмен аты шыққан қалалармен салыстырсақ, артта қалған тұстары да баршылық. Соның ішінде экономиканың күретамыры саналатын жолдың жыры бітер емес.
– Мен жол саласына 2000-жылдардың басында келдім, - дейді ол.
– Ол уақыт жол құрылысы әлі қарқын ала қоймаған кезең. Елде қаржы тапшы, жол құрылысына қажетті техника да қат. Қазір сең қозғалып, жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынып жатыр. Қажетті құрылғылар, техника да баршылық. «КДМ» көліктері, автогрейдерлер әкелінді. Дегенмен, салынған жолдың сапасы тез сыр береді. Әлеуметтік желі, басылым беттерінде жол салуға қажетті құрылыс материалдары тапшы дегенді көп оқып жүрмін. Бұл жолдың сапалы, әрі уақытылы салынуына кедергі келтіретіні жасырын емес. Әсіресе, асфальтты-бетонның уақытылы жеткізілмеуі, қолдан жасалатын битум тапшылығы біраз қолбайлау екені ақиқат. Оған кейде материалдардың сапасыздығын, ескі жолдардың төменгі қабатын алмай, асығыс салуын және материал бағасының күннен-күнге қымбаттауын қосыңыз. Ал, сапалы салынған жолдардың да ұзаққа шыдас бермей тез тозуына әсер ететін бірден бір фактор – күтіп ұстау жұмыстарының мардымсыздығы дер едім. Мәселен, Атырау облысы аумағындағы ұзындығы 3047 шақырым жолдың 1125 шақырымы республикалық, ал 1927 шақырымы облыстық және аудандық деңгейде. Осы жолдардың 1272 шақырымы ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, яғни сапалы жол жартысына да жетпейді. Бір қарағанда, тақтайдай тегіс көрінетін жолда әп-сәтте-ақ ойық-шұңқырлар пайда болады. Оның басты себебі – күтіп-ұстау жұмыстарының салғырттығы. Тиісті талап бойынша қайта жаңғыртылған немесе жаңадан салынған, күрделі жөндеуден өткен жол бірнеше жылға шыдас беруі шарт. Тек ауа температурасының құбылуына байланысты түрлі деңгейдегі жарықшақтар пайда болуы мүмкін. Оны ерте көктемде анықтап, шұғыл шайыр құю керек. Егер әлгі көрініп тұрған жарық уақытылы бітелмесе, көктемгі қар мен жаңбырдың суы асфальттың астыңғы қабатына өтіп кетеді. Салдарынан жолда ойық, тіпті кейбір жерлерде апан шұңқырлар пайда болады.
Сонда не істеу керек?
Сарапшылардың пайымдауынша, салынған жолдың әп-сәтте жарамсыз болып, көлік қозғалысына қауіп туғызбауы үшін әуелі оның сапасына, сосын талапқа сай күтіп-ұсталуына баса көңіл бөлген дұрыс. Яғни, жолдың сапасы жақсы болуы үшін оған күтім керек. Кез-келген жаңадан салынған нысан күтім болмаса тозып, қирайды. Жол да солай, қаншама көлік жүріп өтеді...
– Бүкіл дүние жүзі қабылдаған нормативтер бар, жолдар әр бес жыл сайын орташа жөндеуден өтіп тұруы керек, - дейді Сейітжан Молдашев.
– Бізде бұл жұмысқа көп көңіл бөлініп жатқан жоқ. Мәселе тағы да қаражатқа тіреледі. Бізде негізгі қаражат құрылысқа бөлінеді де, содан артылғаны күтім мен жөндеуге қалады. Күтіп-ұстауға бөлінетін қаражатқа келетін болсақ, Ұлыбритания 1 км жолға 35 млн теңге, Жапония 25 млн, Ресей 12 млн теңге бөледі екен. Біздің елімізде 1,4 млн теңге бөлінеді. Ал, норматив бойынша 2,2 млн теңге бөлінуі керек. Жол жабынын уақтылы күтіп-ұстау одан әрі жөндеуге және қалпына келтіруге жұмсалатын шығыстарды 3-4 есе үнемдейді. Соңғы төрт жылда «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» атты республикалық кәсіпорын құрылып, жолдардың сапалы салынуын бақылауға алып жатыр. Сол жолдар сапасын жоймасын десек, күтіп-ұстау жұмыстарын уақытылы қолға алу керек. Өйткені, күтімсіз жол көпке шыдамайды. Жол саласының ардагері ретінде тағы бір айтарым – жол құрылысын қосалқы мердігер мекемелердің жүргізуіне түбегейлі қарсымын. Қазір мердігер мекемелер тендерді ұтып алып, жұмысы көптіктен, маман жетіспегендіктен, қарапайым тілмен айтқанда белгілі бір қаржыны пайдасына алып, басқа қосалқы мердігерлерге бере салады. Сонымен қатар, бір жолды бірнеше мекеме салады. Сапасы да әртүрлі болатыны сондықтан.
Әділет АМАНГЕЛДІ