Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Еңбекпен тапқан нан тәтті

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТАПСЫРМАСЫМЕН 2025 ЖЫЛ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРҒА АРНАЛДЫ. ӘР СА­ЛАДА ЕЛЕУЛІ ҮЛЕСІ БАР,АЛАЙДА ЕҢБЕГІ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛЫП ЖҮРГЕН КӘСІБИ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ АЗ ЕМЕС. ӘР КҮНІ СІЗ ЖЫЛЫ КЕҢСЕГЕ КІРІП, ЫСТЫҚ КОФЕҢІЗДІ ІШІП ОТЫРҒАНДА, ОЛАР СУЫҚ ТЕХНИКАНЫ ҚЫЗДЫРЫП, ТЕМІР ПЕШТЕРДІ ЖАНДЫРЫП, ТЕМІР ЖӘШІКТЕРГЕ ЛЫҚ ТОЛА ТҰРҒАН ҚОҚЫСТЫ ЖИЫП-ТЕРІП ЖАТАДЫ.ОЛАРСЫЗ СІЗДІҢ КЕҢСЕҢІЗ ЖЫЛЫП, ЖАРЫҚ ПЕН СУЫҢЫЗ УАҚЫТЫЛЫ ҚОСЫЛМАС ЕДІ. «БІЗ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫН ДӘРІПТЕУ АРҚЫЛЫ ҚОҒАМДА ЕҢБЕКҚОР ЖӘНЕ НАҒЫЗ МАМАН БОЛУ ИДЕЯСЫН НАСИХАТТАЙМЫЗ! АДАЛ ӘРІ ТАБАНДЫ ЕҢБЕГІМЕН ТАБЫСҚА ЖЕТКЕН АДАМДАР ҚАШАНДА ҚҰРМЕТТІ, СЫЙЛЫ БОЛУЫ КЕРЕК. БІР СӨЗБЕН АЙТҚАНДА БІЗДІҢ ҚОҒАМДА ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ, КӘСІБИЛІК СИЯҚТЫ ҚАСИЕТТЕР ӨТЕ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНУҒА ТИІС. ӨЗ КӘСІБІН ЖЕТІК МЕҢГЕРГЕН МАМАНДАР ҰЛТ САПАСЫН АРТТЫРАДЫ. ЖҰМЫСТЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ, КЕЗ КЕЛГЕН ЕҢБЕК – ҚАДІРЛІ!», ДЕГЕН ЕДІ ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ. 

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ МАҢЫЗДЫ ШЕШІМ

Ұлы Абай «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген еді. Бүгінде жұмыссыз- дар саны артып, жұмысқа қабілеттілер азайып бара жатқандай. Сұранысқа ие техникалық мамандардың тапшылығы өңірде айқын білінеді. Бір ғана мы­салмен айтсақ, қанша жылдан бері жергілікті халық қарапайым құрылыс саласын шет елден келген азаматтар- дың қолына тапсырып қойды. Ал, инженер, механик, слесарь сынды ма­мандар бүгінде ілуде бір болып барады. Осы мәселенің оңтайлы шешімі үшін де биылғы жылы елімізде жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыр- мақ. Қазақстанда жұмысшы санатына әртүрлі мамандықтар кіреді. Олардың қатарында механиктер, электрик­тер, слесарьлар, дәнекерлеушілер, столярлар, кондитерлер, медбике­лер, тігіншілер және тағы басқа мамандықтар бар. Бәрі де күнделікті өміріміздің көмегіне жүгініп жатқан мамандар. Бірақ олардың санын жыл­дан жылға арттырып, орнын басар жастар неге аз?

Мамандық таңдау адам өміріндегі ең маңызды үш шешімнің бірі екені рас. Менің жұмысым, қолыма қалам алып, қоғамның мәселесін жазу, ақпараттандыру болса да бір күнімді дәл осы жұмысшы мамандарға арнауды жөн санадым. Осылайша, тілші кәсібін өзгертіп, бір күн мен де жұмысшы қолғабын киіп, күннің суығында қоғамдық жұмыстарды атқарып жүрген аға-апаларыммен тілдесіп қайттым.

«ЖОМАРТ ЖАННЫҢ» БЕСАСПАПТАРЫ

Бір емес, бірнеше жұмысшы мамандықтын басы қосылған «Жо­март жан» ЖШС-нің коммуналдық қызмет көрсету мекемесіне барып, Артур Иманалин ағамыз бастаған еңбеккерлердің бір күндік жұмыс режимімен таныстым. Қырықтан астам қызметкері бар кәсіпкер мемлекеттік тапсырыс негізінде тендерге қатысып, бірнеше жылдан бері ауылымыздың жарықтандыру, тазалық және жылу жүйесіне сенімгерлік басқарумен жауапты болып отыр. Артур ағаның қызметкерлері жұмысты таңертең ертемен бастады. Әр маман өзі жауап­ты жүмысын атқару үшін ауыл ішіне бөлініп кетеді. Бізге берілген тапсырма бойынша Махамбет пен Сарытоғай ауылдарындағы орналасқан елу шақты қоқыс алаңына барып, тәулік бойы жиналған жәшіктерді босату болды. Таңертең 8:30-да белгіленген аймақтан шығып, жүргізуші Руслан Еменов және екі көмекшімен ауыл ішін аралап бастадық. Жол-жөнекей Камаз жүргізушісі Р.Еменовпен тілдесіп, жұмыс барысымен танысып алдым.

- 2005 жылдан бері осы көлік жүргізу саласында жүрмін. Мектепті бітіргеннен бері өзімді де, отбасымды да осы кәсіппен асырап отырмын. Бүған дейін еңбек еткен мекемелерімді қосқанда жалпы еңбек өтілім 20 жыл екен. «Жомарт жанға» келгеніме міне, бір жылдан асып кетті. Ұжымымыз ұйымшыл, техни­камыз жаңа. Енді тек мемлекет біз сияқты қарапайым жұмысшыларды ескеріп,жалақымызды арттыруға қосымша үлес қосса,-дейді көп балалы әке. Орта есеппен жалақысы екі жүз мыңға жетпейтін жұмысшы маман иелері де қымбатшылықтық қысып бара жатқанын жасырмайды. Түске дейін жоспар бойынша Махамбет ауылының ішіндегі қоқыс жәшіктерін түгелдей тазартып шықтық. Менің міндетім көмекші қызметінде жүрген Сәттібек Ғизатолла мен Темірболат Ибаргимовке көмектесу болды. Жас та болса, осындай салада еңбек етуден еш арланбайтын Сәттібектің қайсарлығына риза болдым. Атырау ауыл шаруашылығы колледжі түлегінің негізгі мамандығы – электрик. Атал­мыш мекемеге «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жөндеуші келісімшартпен электр маманы болып келген. «Алдымдағы ағаларымнан үйренерім көп» деп жүрген жас маман қолы қалт етсе көмекші де, жүргізуші де бола береді. Жалпы «Жомарт жан» ЖШС-де жүрген қызметкерлердің барлығы дерлік бесаспап. Солардың бірі –Бекболсын Әжібаев туралы әріптестері де ерекше атап өтті. Ваку­ум, трактор, камаз автокөліктерін өзі жүргізіп, бұзылса жөндеп, техниканың тілін таба білген Әжібаевтың еңбегін бірі білсе, бірі білмес. Ал, осы салада ұзақ жылғы тәжірибесі бар трактор­шы Қапанов Талғат, Қазиев Саламат, инженер Рысбай Қоржықбаев сынды азаматтардың ізін жалғар, білікті, тәжірибелі мамандар табу қиын, – дейді кәсіпкер Артур Има­налин. Жеке кәсіпкердің сенімгерлік басқаруына өткен ауылымыздың екі бірдей модульді жылу орталығында осы салада біраз жылдан тәжірибесі бар операторлар – Т.Аманғалиев, С.Аймағамбетов, А.Жамишев, С.Амиров сынды ағаларымыз еңбек етуде. Жұмысшылардың сағаты мен жалақысынан бастап барлық құжаттамаларға жауап беретін кадр меңгерушісі Жамал Даулетиярованың да осы коммуналдық салада 40 жылдан астам өтілі бар. Ал, «Жомарт жан» ұжымына 2018 жылы қосылған Бибиля Анесова – осы мекеменің жауапты кассирі. Жеке кәсіпкер қарамағындағы жұмысшылардың жалақыларынан бөлек, әлеуметтік жүйе бойынша шарттарын да толықтай орындайды. Зейнетақы қоры мен МӘМС жарна­сында уақытылы аударып отыр.

КӨШЕ ТАЗАЛЫҒЫНА ЖИЫРМА ЖЫЛЫН АРНАҒАН

Түстен кейін кеңсе қызметкерлері- мен танысып болған соң, бірден қоғамдық жұмыс қызметкерлеріне, көше тазалығына жауапты апаларымызға барып қайттық. Осы жұмысты жиырма жылдай атқарып келе жатқан Алтынай Өміралиеваға көмектесіп, қоқыс жәшіктерінің ай­наласын тазартқымыз келді. Әйтсе де, арнайы қоқыс алаңының ауласындағы тұрмыстық қалдықтарды қолмен алып тастау мүмкін болмады. Айтуға ауыз бармайтындай дүниелерді ашық тастап кеткен тұрғындардың әрекетіне де ашындық. Осындай қалдық-қоқыстың бәрін өзіңіздей қыз-келіншек, анала­рымыз жерінбей тазартып жүргенін бір сәт неге ойламаймыз? Жиырма жыл осы ауылдың қоқысын тазалаудан көз ашпай келе жатқан Алтынай апа­мыз ерекше баланың анасы екен. Әйел адам үшін ауыр жұмыс болса да, бала­лары, отбасы үшін нан тауып жүрген нәзік жанды анамыздың еңбегі зор. Қарапайым қоқыс тастау мәдениетін сақтамаудың өзі – ол қоқысты елең- алаңмен жинап жүретін жандарға көрсеткен құрметсіздігіміз емес пе?

«Осындай қалдықтарды күнделікті ашық ұстап, көріп біздің де ауырмай­тын жеріміз жоқ. Қыста қар қалың жауса оны күрейміз, жерді қазып, арамшөпті де жұламыз. Басшылық қандай жұмысқа жұмсаса да екі етпей орындауға тырысамыз. Бастысы – адал тапқан нанымыз. Енді тек жалақының аздығы бізді де қынжылтады. Ең болмағанда, зиянды, улы заттардың, тұрмыстық қалдықтардың арасында жұмыс жасағанымыз үшін қосымша өтемақы төлеуді қолға алса дейміз. Себебі, кейде адамның нәжісіне де тастап кеткен қоқыс алаңдарын тазар­тып қоямыз. Адамдардың санасының сонша төмен болғанына таң қалсақ та, қоршаған ортаның тазалығы үшін бәрін жасаймыз» дейді Алтынай Өміралиева.

Ауыл тазалығы үшін аянбай тер төгіп жүрген осындай апаларымыздың еңбегі, ұсынысы мен тілегі елеусіз қалмаса дейміз. Еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза жұмыс істейтін, өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін жандар десек, бүгінгі кейіпкерлеріміздің бәрі де осы атқа әбден лайық. Еңбек адамы диқан бола ма, малшы бола ма, тазалықшы бола ма, бәрібір. Бастысы маңдай терін төгіп жұмыс істеген әрбір адам қадірлі! Кәсібімді өзгерткен бір күнде түйгенім осы болды. Жұмыстың жаманы жоқ, адал жасайтын адам болса.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT