Соңғы жылдары киберқылмыс пен интернет алаяқтардың саны артпаса, азаймай отыр. Себебі жыл сайын қылмыскерлер ақша ұрлаудың жаңа тәсілдерін ойлап тауып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
CyberPol қалай құрылды
CyberPol - еліміздегі интернет алаяқтықпен және цифрлық қылмыстармен күресуге бағытталған жоба. Департамент жұмысын 2022 жылы желтоқсан айынан бастады.
Бұл - жоба цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау және халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыруды көздейді.
Департаменттің басты міндеті – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және интернет қолданушыларына, әсіресе, алаяқтардың негізгі нысанасы болатын топтарға (зейнеткерлер, мұғалімдер, дәрігерлер және т.б.) түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Қалай жұмыс істейді?
CyberPol алаяқтардың схемаларын анықтап, оның алдын алу үшін азаматтармен тығыз байланыс орнатады. Мәселен, олар өзін байланыс операторлары, банк немесе коммуналдық қызмет өкілдері ретінде таныстыратын алаяқтардың әрекеттерін әшкерелеу бойынша жұмыс істейді.
Департамент түрлі профилактикалық шаралар ұйымдастырады, оның ішінде банктік несиелерді бұғаттау бойынша кеңестер беріледі. Бұл шаралар алаяқтық жағдайларды азайтуға және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Елімізде тіркелген алаяқтық істердің жартысына жуығы интернет кеңістігінде жасалған. 2024 жылдың 11 айында осындай қылмыстардың үлесі 46,9 пайызға жетті.
Кең таралған алаяқтық түрлері қандай:
Онлайн хабарландырулар арқылы: тауарлар мен қызметтерді сату туралы жалған хабарландырулар жариялау (6 757 жағдай);
Банк қызметкері немесе құқық қорғау органдарының өкілі болып қоңырау шалу арқылы: азаматтардың есепшотынан ақша ұрлау (4 708 жағдай);
Инвестициялық жобалар ұсыну арқылы: азаматтарды тиімді салымдар жасауға шақыру (2 077 жағдай).
Министрлік бірнеше ведомстволық және өзара үйлестірілген нормативтік актілерді жүзеге асырып жатыр. Олар:
“Киберқылмыспен, оның ішінде телефон және интернет алаяқтықпен күрес бойынша бағдарлама” (2023-2025 жылдар);
Кредиттік алаяқтыққа қарсы механизмдерді іске асыру жөніндегі жол картасы (2023-2024 жылдар);
Алаяқтық пен қаржылық пирамидаларға қарсы күрес бойынша кешенді шаралар (2023-2024 жылдар).
2023 жылдың шілдесінен бастап бүкіл өңірлерде CyberPol атты арнайы бөлімшелер құрылды. Олар 3 500-ден астам қылмысты ашып, 1,6 миллиард теңге көлемінде залалды өтеді.
Алматы қаласындағы ІІМ академиясының базасында мамандар даярлайтын “Киберорталық” ашылды. Онда құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі үнемі жетілдірілуде.
Ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар құқық қорғау органдарының жұмысына тартылды. Байланыс операторларымен бірлесіп, 64 миллионнан астам жалған нөмірлерден жасалған алаяқтық қоңыраулар бұғатталды.
Астана, Алматы, Қарағанды, Атырау және Семей қалаларында SIМ-бокстар (еск - анонимді SIM-карталарды пайдалануға арналған құрылғылар) мен 6 мыңнан астам тіркелмеген SIM-карталар тәркіленді. 2024 жылдың қарашасынан бастап ІІМ құрамында Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды.
2024 жылы интернетте 38 649 шетелдік сайт анықталды, олардың ішінде 11 097 алаяқтық пен қаржылық пирамидалардың белгілерін қамтиды. Бұл ресурстар қазақстандық пайдаланушыларға бұғаттау үшін “Кибербақылау” ақпараттық жүйесіне енгізілді.
WhatsApp, Telegram, Instagram және басқа танымал платформаларда Cyberbot топтары құрылды. Олар фишингтік сілтемелерді анықтап, жою жұмыстарымен айналысады. Тұрғындарға алаяқтық туралы ақпаратты жеткізу үшін 150 мыңнан астам ақпараттық парақшалар таратылып, 150-ден астам бейнеролик түсірілді.
Белгілі блогерлер, актерлер мен спортшылар халықты ақпараттандыру жұмыстарына тартылды. 2024-2028 жылдарға арналған “Қоғаммен серіктестік негізінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы” аясында интернет алаяқтыққа қарсы күреске ерекше назар аударылады.
2024 жылдың 11 айында интернет алаяқтықтың саны өткен жылмен салыстырғанда 2,1%-ға азайып, 19 732 жағдайдан 19 315-ке төмендеді. Алаяқтыққа қарсы күрес бағытындағы шаралар халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы жалғасын табады.