Адамзат тарихындағы қарулы қақтығыстардың қай-қайсысы да елге қасірет әкеліп, шығыны да шаш етектен болғаны рас. Сондай қақтығыстардың бірі – он жылға созылған ауған жеріндегі ауқымды операция.
Аудандық ауған соғысы ардагерлер қоғамының төрағасы Марат Сәрсенғалиевтың айтуынша 1979 жылдың 25 желтоқсаны мен 1989 жылдың 15 ақпаны аралығында бұрынғы Кеңес Одағының 620 мың әскері Ауғанстан мемлекетінің территориясында әскери қызметте болған. Ол жақта Кеңес әскерлерінің негізгі міндеті – автокөлік жолдарын совет-ауған экономикалық қатынастарының нысандарын, өндірістерді, электростансаларды, Мазари-Шариф қаласындағы азот тыңайтқыштары зауытын, ірі қалалардағы аэродромдарды күзету еді. Алайда, ауғандық оппозиция отрядтары гарнизондармен транспорт колонналарын жиі атқылағандықтан соғыс өрті тұтанып, ол он жылға созылды.
Бұл соғыс ешкімге оңайға соқпады. Енді ғана азамат атанған қаншама боздақ жат жерде жан тапсырды, бірқатар жауынгер із-түссіз жоғалды. Аяқ-қолдан айырылып мүгедек болғандары қаншама?! Тіпті, аман оралғандардың өздері жұқпалы дертке ұшырап, әлі де ауған соғысының зардабын бір кісідей тартып жүр. Бұл соғыста Кеңес Одағы тарапынан 14 453 жауынгері қаза тауып, 417 әскери қызметкер іс-түссіз жоғалды және тұтқынға түсті. Ал, еліміз бойынша ауған соғысына қатысқан 22 мың сарбаз арасынан 761 боздақ қаза болды. Қаза болғандар ішінде 19 сарбаз Атырау облысынан еді.
- Мен 1984-1986 жылдары Ауғанстанның Парван провенциясында әсікери борышымды өтедім. Ауған жерінде барлығы 41 қызылқоғалық жауынгер қызметте болдық. Қазір біразы ортамызда. Олар: Қаржаубай Әбілғазиев, Алпамыс Ақбатыров, Серікқали Бишекин, Нұрлан Бекешов, Абай Мұғалімов (Миялы), Нұрлан Сапашев (Жангелдин), Төлеген Бисенов, Балғынбай Ұлықпанов, Амандық Мұрынов (Ойыл), Бағдат Шарафеденов (Жамбыл), Манарбек Қорқытов, ағайынды Шапих, Нұрман Мажековтер, Қалидолла Мұхамедиев (Сағыз) және өзім. Бұлардан бөлек, бірқатар жауынгерлер түрлі себептермен еліміздің басқа облыстарына қоныс аударса, ауған жерінде азаматтық борышын өтеп келген Мұхтар Дүйсемұратов, Иса Исатов, Батыр Даулетов, Кендебай Өтеғұловтар бүгінгі күні арамызда жоқ. Оларды біз әркез еске аламыз. Бұл соғыста мемлекеттік марапатқа ие болған 200 153 адамның 10 955-і соғыста қаза болды. Марапатталғандардың ішінде 1350-і әйел адам. Ал, «Кеңес Одағының батыры» атағын 86 адам алса, 103 әскери қызметші «Ленин» орденімен, 1 972 жауынгер «Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ал, жерлестеріміз ішінен Тимур Бақытов пен Нұрман Мажеков «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындағаны үшін» медальдарына ие болды. Сонымен қатар, Ауғанстан Үкіметі ризашылық сезімдерін білдіретін алғыс медальдармен барлық кеңес жауынгерлерін марапаттады, - дейді әлгінде айтқан аудандық ауған соғысы ардагерлер қоғамының төрағасы Марат Сарсенғалиев.
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Ендеше, Отан алдындағы борышын өтеу жолында тау асып, от пен оқтың ортасында болған боздақтардың еңбегі мен ерлігін кейінгі ұрпақ ұмытпауы керек.
Дулат МӘТЖАН