Президенттің биылғы Жолдауында көңілге көрікті ой салар біраз дүние айтылып, нақты тапсырмалар берілді. Соның ішінде кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне ерекше тоқталып өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, ұлттық экономиканың қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Сондықтан әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік органдардың жұмысын «бизнеске қызмет көрсету» қағидасына көшіру міндеті қойылды. Ендігі жерде кәсіпкерлерге түсінікті ережелер қалыптасып, олардың құқықтарын қорғау тетіктері күшеймек. Инфляция мәселесі – ел үшін ең өзекті тақырыптың бірі. Тарифтік саясатпен қатар іске асырылып жатқан инфляцияны бақылау шаралары қайта қаралады. Мақсат – ішкі нарықтық теңгерімді ұстау, өнім ағынын дұрыс реттеу және тапшылыққа жол бермеу. Осы тұрғыдан алғанда, инвестицияларға «тапсырыс беру» тетігі ерекше маңызға ие. Ол ел ішінде көптеген шағын өндірістің ашылуына жағдай жасап, нарықты отандық өнімдермен толықтыруға ықпал етеді. Экономиканың тұрақты өсуі де басты міндет болып отыр. Биылғы қаңтар-шілде айларында өсім 6,3 пайызға жетті. Енді жыл соңына дейін осы қарқыннан таймау – негізгі мақсат. Бұл жолда Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп жұмыс істейді. Жақын арадағы ортақ міндет – инфляцияны 5–6 пайызға деңгейіне дейін түсіру. Сонымен қатар ішкі нарықта тапшылық туындамас үшін тарифтік емес реттеу шаралары қолданылады. Бұл отандық компанияларды шикізатпен қамтамасыз етіп, қайта өңдеу көлемін арттыруға бағытталған. Азық-түлік өндірушілерге сауда орындарындағы сөрелердің 30 пайыз деңгейінде басымдық берілді. Ал мемлекеттік қолдау алатын сауда орындары үшін талап қатаңырақ: азық-түлік сөрелерінің кемінде 50 пайызы, азық-түлік емес тауар сөрелерінің 20 пайызы отандық өндірушілерге арналуға тиіс. Бұл дегеніміз – кәсіпкерлік жолындағы артық кедергілерді жою. Заңнаманы жеңілдетіп, әкімшілік тосқауылдарды қысқарту арқылы бизнестің тынысы ашылады. Осы мақсатта арнайы жаңа құрылым – «Реттеушілік интеллект орталығы» құрылады. Ол жасанды интеллект технологияларын қолданып, заңнаманы тексеріп, қажетсіз талаптарды қысқартып, нақты әрі тиімді етіп қайта құрады. Бұл орталық реттеудің заманауи алаңына айналады. Мемлекеттік мүлік туралы заң да қайта қаралады. Негізгі мақсат – экономикадағы мемлекеттің үлесін азайту. Яғни мемлекет бизнеске артық араласпауы керек, жаңа кәсіпорын құруға тек ерекше жағдайда ғана қатысуға тиіс. Бұл бәсекенің әділ жүруіне мүмкіндік береді.
Жанат МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ,
жеке кәсіпкер