Ішкі істері органдары мамандарының айтуынша, пәтер тонау жалпы барлық ұрлықтың 20,5 пайызын құрайды екен. Сондай-ақ, сала мамандары тонаушылар үйдің есік, терезесін бұзып кірудің түрлі әдіс-тәсілін меңгергенін айтып отыр. Осы орайда еліміздің ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға пәтер ұрысынан сақ болудың бірнеше жолын айтты.
«Тұрғындарға өз үйін ұрлық-қарлықтан сақтаудың қарапайым ережелерін сақтауға кеңес береміз. Алдымен үй есігінің құлпын таңдауда ерекше мән беру керек. Құлып сенімді әрі сапалы болуы тиіс. Құлыптан бөлек, іштен жауып алатын ілгіштің болғаны абзал. Сонымен қатар сыртқы есіктің металдан болғаны жөн. Себебі ағаш есікті бұзып кіру оңайлау. Тағы бір маңызды жайт, пәтер тонағанда ұрылар есіктен емес терезеден кіріп жатады. Олар түрлі пластикалық терезені ашудың мәнісін біліп алған. Сондықтан терезеге қорғаныш ретінде теміртор орнату керек. Осы орайда терезеге теміртор орнату тек қана 1-2 қабаттағы пәтер тұрғындарына ғана емес ең соңғы қабаттағы пәтер иелеріне де қатысты», - деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Сағындық Жантеміров министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, маман мүмкіндік болған жағдайда үйге «дабыл» тетігін орнатуға кеңес берді.
«Үйге бөгде адам кірген жағдайда дереу дабыл соғады. Ал, үй иесі болса шұғыл шара қабылдай алады. Пәтер тонаушылардан қорғанудың тағы бір тәсілі GSM хабарлама дабылы. Яғни үйіңізге ұры түскен жағдайда сіздің ұялы телефоныңызға sms хабарламада келеді. Осы орайда тұрғындарға айтар тағы бір кеңесіміз, үйде ірі көлемде қаржы немесе бағалы заттарды сақтамаңыздар», - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде пәтер тонау қылмысы 33,4%-ға азайған.