Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Атырауда коммуналдық тарифтерді реттеу шеңберінде 124 өтінім қаралды

Атырау облысындағы халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің тарифтері мемлекеттің қатаң бақылауында. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің АОД бөлім басшысы Жанар Дәрібаева брифингте мәлімдеді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

1 желтоқсандағы жағдайға сай департамент тарифтерді бекіту және бағаларды келісу бойынша 124 өтінімді қараған. Сонымен қатар инвестициялық бағдарламаларды орындамаған бірқатар кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған.

- Тарифтер өздігінен көтерілмейді. Олар жанар-жағармай, электр энергиясы, салық мөлшерлемелері, инфрақұрылымның тозуы, инвестициялық міндеттемелер сияқты нақты экономикалық факторларды ескере отырып есептеледі. Басты мақсат – қызмет сапасын арттыра отырып, халыққа қолжетімді бағаны сақтау, – деді Ж.Дәрібаева.

Биыл 1 қаңтар мен 1 қазан аралығында Атырау облысы бойынша халық үшін коммуналдық қызметтер тарифтерінің жалпы өсімі орта есеппен 5% деңгейінде сақталған. Кейбір қызмет түрлері бойынша тарифтер төмендеген. Нақтырақ айтқанда, жылумен жабдықтау - 7%, сумен жабдықтау - 10%, газбен жабдықтау - 16%-ға төмендеді.

Бүгінде Атырау облысында департамент тарапынан 40 табиғи монополия субъектісінің қызметі реттеледі. Олардың қатарында су, жылу, электр, газбен жабдықтау және кірме жолдар саласында жұмыс істейтін ірі және аудандық коммуналдық кәсіпорындар бар.

Спикердің айтуынша, 2015 жылдан бері елде ұзақ мерзімді тарифтік саясат қолданылады. Бұл коммуналдық желілерді жаңғыртуға инвестиция тартуға және апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ал 2023 жылдан бастап іске қосылған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы осы бағыттағы жұмыстарды күшейтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылдың соңында қабылданған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы тозығы жеткен инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңартуға бағытталған. Жобаның негізгі кезеңі 2026 жылдан басталады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT