Балықшы шағынауданында орналасқан Ә.Жангелдин атындағы 620 орындық орта мектеп пен 588 оқушыға арналған Ш.Уәлиханов атындағы №9 орта білім беретін оқу ордасы және 200 бүлдіршінге арналған №27 «Ақбота» балабақшасында қарқынды түрдегі күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ә. Жангелдин атындағы мектептегі жұмыстар 85% аяқталды, жоспарға сәйкес 25 тамызға дейін толық тәмамдалмақ. Мұнда 50 адам мен 4 техника қамтылған. Ал орта білім беретін №9 оқу ордасындағы жөндеу жұмыстарының басталғанына он бес күн болды. Нысанды тапсыру уақыты — желтоқсан айы. Онда 30-ға жуық адам мен екі техника жұмыс істеуде. Қос мектептің де есік-терезелері, сыртқы қасбеті, шатыры ауыстырылып, қабырға-едендері жөнделуде. Сондай-ақ инфрақұрылымы да алмастырылып, толықтай көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
№27 балабақшаның сыртқы қасбеті мен инфрақұрылымы толығымен ауыстырылады. Балабақша аумағында 20-ға жуық адам еңбек етуде. Жоспарға сәйкес бұл жұмыстар 19 тамызда аяқталады.
Атырау қалалық Білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, оқу ордаларына күрделі жөндеу өткізудегі мақсат — балалардың қауіпсіз, таза, заманауи жерде білім алуын қамтамасыз ету.
- Мектептердің материалдық-техникалық базасы да жаңғыртылады. Күрделі жөндеу жұмыстары жергілікті бюджет арқылы жүзеге асуда. Жөндеудегі мектептің оқушылары облыстық Білім басқармасы мен қалалық Білім бөлімінің шешімімен, ата-аналардың келісімімен жақын маңдағы оқу ордаларына ауыстырылды. Атап айтсақ, Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп оқушылары №6 М.Мөңкеұлы атындағы жалпы білім беретін мектепке ауысса, №9 мектептің бастауыш сынып білім алушылары №3 мектеп-гимназияға, жоғарғы сынып шәкірттері №21 Ж.Жабаев атындағы орта мектепте білім алады, - деді А.Дүйсекенова.
Сондай-ақ Атырау қаласындағы барлық мектеп кезекті жөндеу жұмыстарынан өтуде. Жаңа оқу жылына дайындық мәресіне жете келді.
Айта кетейік, былтыр қалада төрт білім ордасы күрделі жөндеуден өткен. Олар: Ю.Гагарин атындағы №4, У.Атамбаев атындағы №8, А.Байтұрсынов атындағы №23 орта мектептер және Дамба ауылдық округіндегі жалпы білім беретін «Амангелді» орта мектебі.