Атырау облыстық перинаталды орталығына тыныс алуы ауыр бұзылған нәрестелерді емдеуге арналған азот тотығымен терапия аппараты берілді. Жабдық «Өмір сыйлайық» қайырымдылық жобасы аясында AYALA қоры мен «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жеткізілді.
Азот тотығымен терапия тыныс алу жүйесінің ауыр патологиялары бар сәбилерді, бұрын туғаннан кейінгі алғашқы сағаттар мен күндерде өлімге әкелетін жағдайларды құтқаруға мүмкіндік береді. Бұл аппарат АҚШ, Жапония және Еуропа елдерінің неонаталдық бөлімдерінде кеңінен қолданылады. Атырау облыстық орталығы Қазақстандағы осындай жабдықтары бар жеті перинаталды орталықтың бірі атанды.
«AYALA қоры еліміздің перинаталды орталықтарын жылдар бойы жұмыс істейтін заманауи технологиялармен қамтамасыз етеді. «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен Атырау неонатологтары әлемде танылған терапияны қолдана отырып, кішкентай пациенттердің өмірін сақтап қалу мүмкіндігіне ие», — деді AYALA қорының президенті Айдан Сүлейменова.
Аппарат қоршаған ауадан өмірлік қажетті газ шығарады, бұл шығын материалдарын үнемдеуге және жабдықты кез келген уақытта пайдалануға мүмкіндік береді. Облыстық перинаталды орталықтың директоры Қазбек Ермағамбетов жыл сайын кем дегенде 25 нәрестенің өмірін сақтап қалуға болатынын айтты.
Бұл жоба бірінші бірлескен бастама емес: өткен жылы орталық шала туған балалардың көру патологиясын ерте анықтау үшін ретиналды камера алды, ал жыл соңына дейін неонаталды хирургия бөлімі ашылады.
«Әр отбасы үшін нәрестесін қолына алу — ең үлкен бақыт. Біз Атырау облысындағы балалардың өмірі мен денсаулығын сақтайтын жобаларды қолдауға қуаныштымыз», — деп атап өтті ТШО кеңесшісі Хэймиш Полс.