Жаңа білім беру бағдарламалары еңбек нарығындағы сұраныстар мен жұмыс берушілердің мамандарға қоятын талабына сәйкес әзірленген.
UTEBAYEV UNIVERSITY өнеркәсіп инженерлерінің жаңа буынын тәрбиелеу, техникалық мамандарды даярлау бағытында тың бастамаларды қолға алып келеді. Жаңа оқу жылы қарсаңында университеттегі білім бағдарламалары бірнеше мамандықпен толығып отыр. Атап айтсақ, жаңа оқу жылынан бастап университет 6В06103 - Геоақпараттық жүйелер, 6В04104 - Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардағы бизнес-талдау, 6В0710Х – Материалтану және жаңа материалдар технологиялары бағытында бакалавр мамандарын даярлайды.
Сонымен қатар, 7М07106 - Негізгі органикалық және мұнай-химия синтезі өнімдерінің химиясы және технологиясы (мономерлер, полимерлер және каучуктар) мамандығы бойынша магистратура ашылды. UTEBAYEV UNIVERSITY барлық бағдарлама бойынша дуалды оқытуды жүзеге асырады. Білімгерлер оқу уақытының 40%-ын кәсіпорындарда өткізу арқылы теория мен практиканы ұштастырады.
-Білім беру бағдарламалары мен оқытылатын мамандықтарды жұмыс берушілердің сұранысына сәйкестендіру үшін еңбек нарығына мониторинг жүргіздік. Мұнай-газ кешенінің өкілдерімен кездесіп, ұсыныстарын ескеріп, мамандықтар тізімін жаңартамыз. Индустриямен ынтымақтастық орнату жоғары білім беру жүйесінде тәжірибеге бағытталған оқытуды қалыптастыруға ықпал етеді, - дейді университет ректоры Гүлзада Шакуликова.