Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қарабаудың баласы

Өзі сондай ұстамды,

Білесің бе Құспанды?!

Ол – әйгілі Қарабаудың перзенті.

Жайықтың Жидебайы секілді Қарабауда өмірге келудің өзі бір бақыт. Бұл топырақта жыр өнерінің хас жүйрігі Мұрат Мөңкеұлы, оны жасынан айтыскерлікке бейімдеген атақты Есет би Қараұлы, қазақ мұнайының атасы Сафи Өтебаев, Кеңес Одағының батыры Мұса Баймұқанов, жазушы Мереке Құлкенов туған. Ал Тайсойған құмынан өрген өрендерді түгел таратсақ, текті біткен төңіректі басып қалады.

ҚазГУ-дің қалашығында ашқұрсақ студент болған кезімізде оның Қарабаудың баласы екенін білмеппіз. Мұраттың мұрасын зерттеп, Тайсойғанды шарлап шыққан кезімізде де соншалықты ден қоймаппыз. Себебі, атақты ауылдың баласы тым қарапайым еді. Елеусіз жүреді. Ешкімнің алдына түспейді. Бірақ, артында да қалып қоймайды. Көп сөйлемейді. Бірақ, сөйлесе, дөп сөйлейді. Жер қозғалса, қозғалмайды. Қаласа, жердің өзін қозғалта алады. Қой аузынан шөп алмайды. Ала қалғанның өзінде онша көп ала қоймайды... Осындай бейкүнә бозбала болды ол. Есейгелі Құспанды көргенім жоқ. Сондықтан оны ойласам, ылғи студент кезіміздің сәулелі сәттері санада жаңғырады да тұрады. Біз жын қуған журфакта, ол жыр қуған филфакта оқыды. Томаға тұйық-ты. Ешкімге сырын айтпайды. Көрінгенге ілесіп, шаба жөнелмейді. Бірақ топтан да қалмайды, үнемі жиын-тойдың ішінде жүреді. Ішінде жүргені бар болсын, қазақ студентінің қанын қыздырып, шабытын шақыратын сиқырлы сусыннан мүлде татып алмайды. «Ақырған ащы су түгіл, татпайды тіпті сырадан» деген Жарасқан ағамның баршаға белгілі өлеңінің осы екі жолы біздің Құспанның табиғатын тап басады. Бірде бір мереке күні кешқұрым қалашықтың бүкіл студенті Оңтүстік Тұзды мұхитта еркін жүзіп жүрді. Ащы шер мен ащы тер ащы өзекті армансыз шайып жатқан кезде Құсекеңнің кемесі де аман, денесі де аман... Жатақханаға жеңістің жалауын желбіретіп келді. Сексенінші жылдардың студенттері жақсы білетін «Мастардың ішінде Құспан жоқ, Ішкен жоқ және де құсқан жоқ...», – деген қалжың өлеңнің шығатын кезі осы тұс...

Сол Құспан бірге оқыған қыз-жігіттердің арасынан дараланып, ғылымға алдымен бет бұрды. Тіл білімі институтының аспирантурасына түсті. Жетекшісі – атақты академик Әбдуәли Қайдар. Тақырыбы – «Қазақ тіліндегі халықтық космонимдердің этнолингвистикалық табиғаты». Жұрт жердегіні түстеп тани алмай жүргенде, бұл аспан атауларының сырына үңілді. Ғарышқа көз тікті. Құс жолына зер салды. Жалықпай жұлдыз санады. Жұлдыздар да сол тұста Құсекеме қарап, жымың қақты. Ол өте жақсы ғылыми еңбек жазып шықты. Журфагы бар, филфагы бар, тарфагы бар, сол жылы бітіргендердің ішінен алдына тек Нұрлан Сағындықовты салды да, көп ұзамай диссертациясын қорғады. Сөйтіп, бәрімізге жол ашты. Әбдуәли Қайдардың Тәуелсіздік жылдарындағы ең алғашқы аспиранттарының бірі Құспан Ароновтың тілтану ғылымындағы мүмкіндіктері мол еді. Жас ғылым кандидаты құнды құжатын қолына қондырған соң еліне аттанды. Жайықтың жағасын жағалап, сол кеткеннен мол кетті. Несі бар, өңірге де жақсы ғалым керек қой! Жақында, белгілі тілші ғалым, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Құспан Ғұмарұлы Аронов алпыс жасқа толды! Аман бол, сау жүр, Құсекем! Енді баяғыша толғанып, бүгінгіше тебіреніп, «Жастардың ішінде Құспан жоқ...», - деп әндететін шығармыз...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

Филология ғылымдарының докторы, профессор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT