Халқымызда «Туған жерге туыңды тік» деген керемет мақал бар.
Бұл нағыз елін ойлайтын, ерікті түрде жақсылық жасайтын адамға айтылған нақыл десе де болады.
Осы орайда, өткен жылдың басында Нұр-Сұлтан қаласында тұратын жерлесіміз, белгілі меценат Медет Серікбаев бауырымызбен ақылдаса отырып «Қызылқоға – құтты мекенім» атты қайырымдылық қорын құруды қолға алдық. Алдымен қордың жарғысын жасап, есепшотын ашып, мақсатын айқындап облыстық Әділет басқармасынан тіркеуден өткізідік. Заңды түрде тіркеуден өткізіп, мөрін қолға алғаннан кейін «Арман» мәдениет үйінде ашылу салтанаты өтті. Сол жерде қор атынан бірнеше азаматқа умра қажылығына жолдама беріліп, былтыр ақпан айынан бастап жұмысымызды бастадық. Кейін аудан азаматтарының ұсынысымен алыс ауылдардан мешіт салу мәселесі көтерілді. Сол мақсатта Жамбыл және Көздіғара ауылдық округтерінен мешіт құрылысын бастадық. Қордың мешіт салу бастамасына белгілі меценат Әлібек Семғалиев ағамыз қолдау білдіріп, өзінің атақонысы Жамбыл ауылындағы мешіттің салынуына демеуші болды.
Осылайша, аталмыш ауылдан зәулім мешіт бой көтеріп, өткен жылдың желтоқсан айында ашылды. Оған Бөкен би бабамыздың есімі берілді. Көздіғара ауылында салынып жатқан екінші мешіттің құрылысы да бітуге таяу. Бұйырса, көп ұзамай ол да ашылады. Әрине, біздің қор тек мешіт салу үшін құрылған жоқ. Аудан халқына қажетті, көпшіліктің сұрасына орай да жұмыстар жасайды. Мысалы, былтырғы жылы Сағыз ауылындағы вокзал ішіне әжетхана салу мәселесін қолға алдық. Бұл бастамаға сол ауылдағы «Иман жастары» еріктілер тобы да қолдау білдіріп, қазір әжетхана құрылысы жүріп жатыр. Бұдан басқа да ауқымды жұмыстар атқару жоспарда бар. Жалпы осы қорды ашып, жұмыста бастағалы бір нәрсеге көз жеткіздім. Егер бастамашыл топ болса ауданда ерікті түрде қолдау көрсететін азаматтар көп екен. Оның үстіне биыл еріктілер жылы жариялануда.
Осы орайда, қайырымдылық істерге қолдау білдіретіндер бұдан да көбейе түседі деп сенемін. Алайда, менің түсінігімше еріктілер қызметі бір жылмен шектеліп қалмау керек. Жақсылық жасауды жыл сайын жұдырықтай жұмыла қолға алып, еліміздің, туған жеріміздің дамуына ат салыса беруіміз қажет.
Азамат ӨТЕБАЕВ,
«Қызылқоға – құтты мекенім» қайырымдылық қорының жетекшісі