Жанына үміт отын жалау еткен мүмкіндігі шектеулі жандарды көзіміз шалғанда көңіліміз құлазып қалатыны жасырын емес. Адам қай кезде болсын рухани құндылық іздеп, тіпті кей жағдайда оған материалдық игіліктің қажет болмауы да мүмкін.
Ал, мейірім, жылы сөз, рухани қолдау әрқашан маңызды. Міне, осындай дүниені қажет ететін мүмкіндігі шектеулі жан болғанымен, өзін ол жандардың қатарынан емес, қолынан барлығы келетін қабілетті адам ретінде санайтын Миялы ауылының тұрғыны Абылай Әділбеков туралы қалам тербесек артық болмас. Ол сегіз жасқа толар шағында абайсызда көшедегі ит қауып, үлкен қасіретке душар болады. Ауырып, ұзақ ем алған Абылайға 2000 жылы ота жасалады. Сол отадан кейін Абылайдың көзі көрмей қалады.
- Адамның басына түсетін ауыртпалық, қиындықтың белгілі уақыты немесе өлшемі болмайды екен. Бала кезімде ит қауып, көз жанарымнан айырыламын деп мүлдем ойламадым. Балалармен ойнау, далада алаңсыз жүгіру мен үшін арман болды. Тіпті, бала санамда алда қалай өмір сүремін деген де ойлар пайда болды. Алайда, алдымдағы затқа сүрініп, оның не нәрсе екенін түсініп өз-өзімді жетелеуге кірістім. Өз ортамды таптым. Ән айтуға деген құлшынысымды оятып, спортпен шұғылдандым. Менің мүмкіндігім шектеулі емес, керісінше мүмкіндігімді ашу өз қолымда екендігін түсіндім, - дейді кейіпкеріміз.
Қазіргі таңда, 28 жастағы Абылайдың әпке-қарындастары тұрмыс құрып, өзі отбасылы. «Жасұлан» балабақшасында тәрбиеленген уақытынан бастап ән айтқан ол көзі көрмей қалған соң, ән айтуды тастап кетеді. Алайда, мұқырлық досының ықпалымен «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ Атырау облыстық филиалына барады. Онда өзінің екінші тынысы ашылғандай күй кешеді. Өйткені, Абылай қолына микрофон алып, ән салады. Осылайша, түрлі байқауларға да қатыса бастайды.
- «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ Атырау облыстық филиалы менің өмірге деген құштарлығымды оятты. Оның ішінде, «Атырау облыстық көрмейтін және нашар көретін азаматтар мен азаматшалар» атты кітапханаға барып, браил жазуды оқып, үйреніп, кітап оқыдым. Сонымен қатар, көзі көрмейтіндерге арналған арнайы «Читающий машина» деген аппарат бар. Ол аппарат бір газеттің бетін фотоға түсіріп, өзіңе оқып береді. Сол аппарат арқылы газет-журналдарды оқып үйрендік. Ауылда ондай мүмкіндік жоқ. Алайда, алдағы уақытта ауылдан бір зағип жандарға арналған кітапхана ашсам ба деген ойым бар. Болашақта өз жоспарларымды жүзеге асырғым келеді. Аудан бойынша көптеген көзі көрмейтін қарттар бар, - дейді Абылай.
Елімізде 680 мыңға жуық әртүрлі деңгейдегі мүмкіндігі шектеулі жан бар болса, соның 3 пайызы ғана белсенді түрде спортпен айналысады екен. Оның ішінде, Абылай Әділбекұлы да бар деп нақты айта аламыз. Өйткені, оның бағындырған белестері баршылық. Бірнеше дүркін республикалық, халықаралық сайыстардың жүлдегері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
- Ұлым Оренбург қаласына үш рет көзін қаратуға барды. Бірінші барғанында өз қаражатымызбен барсақ, екінші, үшінші рет барғанында ауылымыздың жастары, ауыл азаматтары үлкен көлемде қаржылай көмек көрсетті. Енді дәрігерлер ота жасауға мүлдем болмайтындығын ескертті. Қазіргі таңда, адамның бет-әлпетін анық көрмегенімен, жүретін жолын, адамның сұлбасын көре алады. Өзі қоғамдық жұмыста жүр. Алайда, осындай мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрақты жұмыс болса, нұр үстіне нұр болар еді, - деп тілегін білдірді Абылайдың анасы Гүлшат Ізмұқанова бізбен әңгімесінде.
Сайып келгенде, олардың тағдыры әртүрлі, біреулері туа бітті кемтар атанса, енді біреулері тағдырдың тәлкегін бастан кешіріп отыр. Дегенмен, осындай ортадағы адамдарға қамқорлық көрсету - қоғамның зор парызы. Ендеше, Абылай Әділбекұлының да тұрақты жұмыспен қамтылып, өз ойындағы жоспарларын жүзеге асыруына қоғам болып атсалысқанымыз қандай жақсы?!
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА