Таяуда ауданға белгілі абайтанушы, дінтанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Харекет» және «Жақсы» кітаптарының авторы Омар Жәлел арнайы келіп, «Арман» мәдениет үйінде аудан халқымен кездескендігін хабарлаған едік.
Екі сағатқа созылған кездесу барысында Омар Жәлелге әртүрлі тақырыпта сауалдар қойылып, тұщымды жауап берілді. Осы орайда, сол кеште қойылған сұрақтар мен берілген жауапты оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
– Омар аға, ауданымызға қош келдіңіз. Аудан халқы өзіңізді тек қана интернет, әлеуметтік желі арқылы таниды. Қазір өзіңіз жайлы өз аузыңыздан естігісі келіп отыр. Ендеше, өзіңіздің өмірбаяныңызбен таныстырып өтсеңіз?
– Рахмет, қош көрдік. Батыс халқының келгеннен бастап кеткенге дейін «Қош келдіңіз» дейтін әдеті ұнайды. 1966 жылы Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Маржанкөл ауылында туып-өстім. Сол замандағы жастармен бірге мектептен кейін техникумға оқуға түсіп, артынша әскер қатарына алынып, Украинада әскери борышымды өтедім. Әскерден келгеннен кейін Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетіне құжат тапсырып, студент атандым. Оқуды тәмамдағаннан кейін сол университетте ұстаздық жолымды бастап, 2008 жылға дейін аталмыш оқу орнында студент жастарға тәлім бердім. Кейіннен Нұр-Сұлтан қаласындағы Евразия ұлттық университетіне ауыстым. Сол жерде жүріп Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің еңбектеріне ден қойып, зерттеп, кандидаттық дисертация қорғадым. Филология ғылымдарының кандидаты атанғаннан кейін 2011 жылы «Қазақ әдебиеті» кафедрасына ауысып, сол жерде сегіз жыл жұмыс жасадым. Қазіргі таңда, аталмыш университет жанындағы Алаш руханияты және мәдени даму институтының ғылыми қызметкерімін.
– Қазіргі қоғамды алаңдатып отырған басты мәселенің бірі, ол – ажырасу. Тіпті әлеуметтік желілерде «Қытайды короновирус, Қазақстанды ажырасу алаңдатып отыр» деген мәселе көтерілуде. Әрине, тән жарасы жазылар, ал, жан жарасына айналған ажырасуды қалай тиямыз? Оның алдын қалай аламыз?
– Жалпы тарих таспасына үңілер болсақ қазақ даласында ажырасу мүлде болмаған. Неге? Себебі, ол заманда қыз өте қымбат болған. Яғни, қалың мал мәселесі. Бұрын қазақ қыз бала дүниеге келсе «Қырық жеті келді» десе, ұл бала туса «Мал табар келді» дейтін көрінеді. Бұл жердегі «Қырық жеті» деген қыз баланың қалың малы. Демек, ол заманда бір қыздың құны қырық жеті бас ірі қараға бағаланған. Мысалы, қазір бір бас ірі қара жобамен екі жүз мың теңге тұрса, қырық жеті басың он миллион теңгеге жетіп жығылады. Бірақ, бұл қызды сату емес, болашақ отбасының экономикалық іргетасы деп есептелген. Әрі ажырасудың алдын алатын бірден бір амал. Мысалы, сен өте қымбатқа алған дүниеңді бір күнде далаға лақтырып тастамайсың ғой. Оны бағалайсың, көзіңнің қарашағындай сақтайсың. Сол сияқты ол заманда қырық жеті бас мал беріп алған әйелмен де ешкім ажыраспайды. Егер отбасында ұрыс-керіс болып, бала ажырасатынын айтса, әкесі «Балам, мен сені үйлендіремін деп тырбынып жұмыс жасадым, тер төктім, мал жинадым. Енді саған тағы бір әйел алып беретін жағдайым жоқ. Сондықтан жақсы болсын, жаман болсын осы жұбайыңмен тұрасың» деп тиып тастап отырған. Осының арқасында отбасы құндылығы сақталып, әрбір еркек жар қадірін білетін болған. Ал, қазір қалай? Ешкім қалың мал жинап әуре болмайды. Жастар өздері келісіп, сосын барып үлкендерге айтып, мейрамханаға той жасай салады. Артынан бір айдан кейін ажырасып кетеді. Ағылшындарда «Жеңіл жолмен келген нәрсе, жеңіл кетеді» деген мақал бар. Бұл қазіргі қазақ қоғамының айқын көрінісі. Жастар ешқандай жауапкершілік сезінбей, қалың мал бермей үйлене салады әрі оп-оңай ажыраса салады. Ажырасудың екінші себебі – құмарлық. Қазіргі көп жастар өз жұбайларына ғашық болып емес, құмарлықпен, көрсеқызарлықпен үйленіп жатыр. Ал, құмарлықтың бір жаманы – адам құмарын қандырғаннан кейін құмартқан нәрсесінен тез айнып кетеді. Міне, кеше ғана «Сүйдім, күйдім» деп үйленген жастардың ай өтпей ажырасу жайлы сотқа арыз беріп жатуы құмары қанып, жалыға бастауынан дер едім. Ал, ажырасудың ең басты себебі – ата-аналардың жастар ісіне араласуы және құда-құдағайлардың бір-бірін дұрыс танымауы. Егер екі жақтың ата-анасы бір-бірін өте жақсы танып, құдасын құрдасындай, құдағайын сырласындай көріп сыйласатын болса жастар ешқашан ажыраспайды. Өйткені, екі жақтың ата-анасы жастар ренжісіп қалса «Қой, құдадан ұят болады, құдағайымның бетіне қалай қараймын» деп балаларын ажырастырмайды. Ал, енді осы ажырасудың алдын қалай аламыз? Қазір бұрынғыдай жастарға тәлім-тәрбие беретін отбасы институты, ақсақалдар институты дегендер түп-тамырымен жоқ. Сондықтан ажырасуды Өзбекстан мемлекетіндей заңмен бекіту керек. Мысалы, өзбек елінде бір отбасы ажырасатын болса алдымен мемлекетке қырық мың доллар айыппұл төлейді және балаларын мемлекет интернатқа жібереді. Ал, ажырасып көр. Міне, осындай қатал заңның арқасында көрші елде ажырасу мүлде жоқ деуге болады.
– Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Енді Абайтанушы ретінде осынау мерейлі датаны қалай атап өтуіміз керек, Абай ілімін тұтас қазаққа сіңіру үшін қандай іс-шаралар жасалу керек деп ойлайсыз?
– Абай ақын «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде:
«Өсек, өтірік, мақтаншақ.
Еріншек, бекер мал шашпақ.
Бес дұшпаның білсеңіз» деп жырлайды.
Ұлы Абайдың тойы қарсаңында осы бір бес дұшпан жайлы терең ойлануымыз керек. Соның ішінде, орынсыз мал шашуға, ысырапшылдыққа жол бермеуіміз керек. Мысалы, ертеңгі күні Абайдың 175 жылдығын тойлаймыз деп киіз үй құрамыз, ат шаптырамыз, палуан күрестіреміз, неше түрлі шоу бағдарламалар жасаймыз. Ал, мұның бәрі айналып келгенде мал шашу ғой. Керек десеңіз Абай «Айтшыл, тойшыл, ыржаң-қылжаң,ит мінез» деп сөккен. Бұған қоса, халқымызда «Арсызға күнде той» деген сөз бар. Бұдан шығатын қорытынды Абайды ұлықтаймыз деп шашылмауымыз керек. Қайта Абайдың тойы – ғылымның тойы болуы керек. Себебі, Абай өз қара сөзінде «Ғылым мал аяйтын жол емес» деген. Ал, Абай ілімін қазаққа сіңіру үшін әр мектепте бір-бір Абайтанушы болуы керек. Олар оқушыларға ақынның өлеңдерін құр жаттатып қоймай, мағынасын ашу керек. Ол үшін жаңағы айтқан Абайтанушыларды дұрыстап арнайы курстан өткізіп, санасына сәуле құю қажет. Мемлекеттің қаражаты тойға емес Абай ілімін насихаттауға, ғылымды дамытуға жұмсалғаны абзал.
– «Жастар – ел ертеңі» деп әдемі ұран тастап, оларға қанша жерден қолдау білдірсек те бүгінгі қоғамда жастар тәрбиесі өте өзекті мәселеге айналып отыр. Жастардың ауыл-ауыл болып төбелесіп, бір-бірін пышақтап жатуы жанға батады. Осы бір өзекті мәселеге қандай пікір білдіресіз?
– Халқымыз «Әкесі жоқ үйдің балалары тентек, Ақсақалы жоқ ауылдың жігіттері тентек болады» дейді. Яғни, бір ауылда жастар арасында төбелес, арақ ішу, қылмыс жасау көбейсе, ол ауылда ақсақалдың жоқтығын білдіреді. Ал, ақсақал дегеніміз – телі мен тентекті жөнге салып, тұтас ауылдың ауызбіршілігін сақтап отыратын қазына. Сондықтан әр ауылда сондай қазыналы адам болуы керек. Бірақ, ақсақалды ешкім сырттан Сізге әкеліп бермейді. Демек, ондай ақсақалды ел ішінен өзіміз тәрбиелеп шығаруымыз керек. Екінші мәселе – жастар төбелесін тыю үшін құн төлету керек. Бұл қазақы дүниетанымда бұрыннан бар нәрсе. Бұқар жырау «Мал араға түспесе, Құр айтқаннан не пайда?» деді. Бұл бұрын ата-бабаларымыз қылмыс, ұрлық, төбелес болсын бәрін мал беру, яғни құн төлеу арқылы шешіп отырған. Осы әдісті қазір де қолдану керек. Мысалы, бір бала төбелес шығарды ма ата-анасын шақыртып құн төлету керек. Сонда ата-анасының қалтасына салмақ түскесін бала келесіде төбелеспейді. Жастар төбелесінің екінші себебі олардың қоғамнан ажырап қалуынан да болады. Егер ауылда жасайтын жұмыс, баратын мәдени ошақ, жаттығатын спорт зал болмаса жастар төбелеспей қайтеді? Сондықтан әр ауылда жастарға жағдай жасалу керек деп ойлаймын.
– «Өмірде жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспеу керек» деп жатады. Қазіргі мектеп бітіретін түлектердің басты мәселесі – мамандық таңдау. Осы жайлы қандай кеңес бересіз?
– Әбіш Кекілбаевтың «Құс қанаты» деген повестер жинағында бір кейіпкер бар. Өзі тек жұмысқа барады, келеді. Бірақ, оның алға қойған мақсаты да, талпынысы да болмайды. Оны жазушы «Өзінің балалық арманын сатып жіберген адам» деп суреттейді. Сол сияқты бүгінгі жастардың мамандық таңдауда ең көп жіберетін қателігі – балалық арманын сатып жіберу. Мысалы, бір баланың жастайынан шаш қиюға икемі болады. Алайда, сондай жанып тұрған баланы ата-ана өз ықпалымен заңгер немесе есепшінің оқуына түсіреді де балалық арманын быт-шыт қылады. Ал, бұрынғы ата-аналар «Бай болатын балаңды мал баққанынан білесің, сараң болар балаңды зар қаққанынан білесің» деп балаға сыншы болып отырған. Яғни, баласының болашақта кім болатынын кішкентайынан біліп, тәрбиені де сол бағытта берген. Әр баласын әр салаға жіберген. Бір баласы малшы, бір баласы күйші, енді бір баласы ғылым жолында болған. Тіпті, палуан тектес баласын тентек қылып тәрбиелеген. Өйткені тентегі бар ауылға ұры жоламайды, қорқады. Яғни, ол заманда полицияның орнында ауыл тентектері болып, елдің тыныштығына жауапты болған. Бүгінгі қоғамда біз балаларды өз қабілетіне қарай емес, барынша беделді мамандыққа түсіреміз. Өз мамандығын сүймеген бала ертең жұмысқа тұрғанда өте қиын болады. Жұмыс жасауға ұмтылысы, құштарлығы болмайды. Содан келіп біліксіз маман шығады. Қорыта айтқанда, мамандық таңдағанда баланың қабілетіне қараған жөн. Ең бастысы – Әбіш ағамыздың повестіндегі кейіпкердей балалық арманын сатып жібермеуміз керек.
– Салихалы сұхбатыңызға рахмет.
Дайындаған,
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН
Сурет: ашық дереккөзден