Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында «Пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үйретті.
Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білетін болдық. Бір кезде медицина қызметкерлерінің мемлекет назарынан тыс қалғаны рас еді», - деп денсаулық сақтау саласына ерекше тоқталды. Иә, шын мәніне келгенде еліміздегі болған індеттің жас талғамай, әбігерге салғаны баршамызға мәлім. Отбасымызды қоя тұрғанда білек сыбана халықтың жанынан табылған ақ халатты абзал жандардың еңбегі зор. Осы орайда, ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласында аянбай тер төккен, халықтың еміне шипа тапқан дәрігер, әкем, ауданның Құрметті азаматы Амангелді Сақтағановты айтар едім.
1940 жылдың 2 қазанында Қоныстану ауылында дүниеге келген ол Жаңашаруа жеті жылдық мектебін, кейін Қаракөл Қызыл үйінен орта мектепті бітіріп шығады. Сол жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, 1964 жылы «дәрігер-терапевт» мамандығын тәмамдайды да Қарабау ауылдық учаскелік ауруханадан еңбек жолын бастайды. Ол уақытта халықтың жағдайы келісті деп айта алмаймын. Себебі, әкем дәрігер боп жұмысқа орналасқан уақытында дәрігер қат кезі деп жиі айтатын. Туберкулез, өкпе ауруларының өршіп, елді әбігерге салған уақыты болатын. Бірақ, антына адал әкеміз күн-түн демей бар күш-жігерімен жұмыс жасап, халқы үшін жанын салды.
Сөйтіп, Қарабау ауылдық учаскелік ауруханасында сегіз жыл еңбек етсе, Жамбыл ауылдық учаскелік ауруханасында – 15 жыл, Қаракөл ауылдық учаскелік ауруханасында – 11 жыл бас дәрігер болып өлшеусіз еңбек етіп, 1994-1996 жылдары аудандық орталық ауруханасында бас дәрігер болып жұмыс жасайды. 1998 жылы зейнеткерлікке шықты. Әрине, отбасында әкеміз ең мейірімді болса, қызмет бабында мүлдем бөлек еді. Себебі, үйде қандай ма шаруасы болсын, біреу ауырып тұрмын деп хабарласса, сол мезетте тұра шабатын. Сол уақытта, мен таңғалатынмын. Бұл ретте әкем: «Біз халықтың жан жарасын да, тән жарасын да емдеуге тиіспіз. Жан жарасы дегеніміз дәрігердің тілі. Ауырған адам ең әуелі адамның жылы сөзіне мұқтаж болып келеді. Содан кейін барып, тән жарасы емделеді» деп үнемі айтып отыратын. Көп жерде «адалдық», «антынан таймаған» тіркестерін әкеме меңзеп айтып жатады. Демек, отыз бес жылға жуық еңбек жолында өз кәсібіне адал болып, үлкеннен де, кішіден де үлгі-өнеге ала білгені айқын.
Осы орайда, әкем:
- Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Үкіметтің алдында алғашқы дәрігерлік көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау міндеті тұр. Бұл қызмет қалың жұртшылық, әсіресе ауыл тұрғындары үшін мейлінше жедел әрі қолжетімді болуға тиіс. Шалғайдағы өңірлерге көлік арқылы дәрігерлік қызмет көрсету ісін қайта қалпына келтіру шараларын жүзеге асырған жөн. Денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы үш жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажет» деді. Шын туайтына келгенде, ауыл тұрғындары, оның ішінде елді мекендерге көңіл бөлу құптарлық іс, - деп өз пікірін де ортаға салып отырады.
Медицина саласындағы жетістіктері мен ұзақ жылдық қажырлы еңбегі үшін әкем «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай ерен еңбегі үшін» медалімен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарымен, бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен марапатталған. Жалпы, әкемнің қызмет бабында ағайын-туысқа бүйрегі бұрып, жалған сөйлеуді жат қылық деп санайды. Керісінше ол қызметте талапшыл, тәртіпті қатаң ұстанған, лауазымды пайдаланып кісіге зекіп сөйлемеген. Бүгінгідей Тәуелсіздік алған уақытта, зейнеткерлікке шықса да елдің ықыласына бөленіп жүруі сол адал еңбегінің жемісі деп білемін. Сонымен қатар, ол кәсіби дәрігер ғана емес, өзіндік қасиет сынықшылығы да бар еді. Бұған қоса, шахматқа бала кезінен құмар еді. Сол бала кездегі әуесқойлық оны кәсіби деңгейде меңгеруге дейін жеткізді.
Соның нәтижесінде, шахматтан республикалық, облыстық, аудандық жарыстардың жеңімпазы атанды. Тіпті, облыс намысын қорғап, бүгінде шахматтан спорт шеберлігіне үміткер. Қызмет бабында ғана емес, әрбір әрекетіндегі таза, кіршіксіз ісі халқына жаққан денсаулық сақтау саласының ардагері Амангелді Сақтағанов әкеміз сексен жасқа толып отыр. Әлі де өз ой-пікірімен халқына көмегін аямауды мақсат еткен сала ардагерлерін әркез мақтан тұтқанымыз абзал.
Денсаулық сақтау саласындағы әр тың өзгерістер, жасалған жұмыстар дәрігерлер үшін үлкен қуаныш. Оның ішінде, сала ардагерлерінің де еңбегі орасан зор. Мемлекет басшысының өзі ел басына төнген сын сағатта дәрігерлердің тынымсыз еңбегі, үздіктердің ұлықталуы, денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне құрмет көрсетілуі жөнінде айтқан болатын.
Ендеше, менде әке жолын жалғап, дәрігер болғанымды мақтан тұтамын.
Света САҚТАҒАНОВА,
аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары