Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тарихи орындар жете зерттелуі тиіс

Біздің бұған дейін төл тарихымызды танып-білуде белгілі бір шеңберден аса алмай келгеніміз жасырын емес.

Қазақ халқы көз ашқалы бері басқыншылық пен зорлық-зомбылықтан бас көтермей, жаулап алмақ болғандармен соғысып өткен секілді. Сонымен қатар, ғылым мен білімнен алыс қалып, тек мал бағып, көшіп-қонып жүрген халық ретінде көрсетіліп келді. Ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа аманаттап кеткен ұлан-ғайыр жерінде тіршілік белгісі Қазақ хандығы құрылған кезден ғана басталғандай қабылданып, оған дейінгі мәдениет пен өркениетке әлі күнге дейін лайықты бағасы берілмей келе жатыр.

Жақында ғана жарияланған Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы енді мұндай олқылықтардың орнын толтырып, тарихи сананы жаңғыртуға ұлт тарихын танып-білудің жаңа кезеңін бастап беріп отыр. Шындығында, біздің Ұлы даламыздың ғалам мәдениеті мен өркениетінде өзіндік орны бар. Мақалада айтылғандай жылқының қолға үйретілуінің өзі әлемдік дамуға орасан зор әсер етті. Оның бүгінгі киім үлгісінің қалыптасуынан бастап, жаһандық құрылымға ықпал еткен ірі, алпауыт империялардың құрылуына дейін септігін тигізуі, расымен, айтарлықтай үлкен оқиға. Ал енді сол тарихи оқиғаның алтын бастауында қазақ сахарасының тұруы – біз үшін зор мақтаныш.

Әлемнің қарыштап дамуына әсер еткен ең маңызды оқиғалардың тағы бірі – металлургия өндірісі. Адамзат қола, мыс, темірден бастап, алтын, күміске дейінгі асыл тастарды өндіруді көне замандардың өзінде-ақ игеріп, игілікке жаратты. Екі жылдан бері Қызылқоға ауылдық округі өңірінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп отырған экспедиция «Қарабау-3», «Қарабау-4» обаларынан жерленген адам мүрделерімен бірге жануарлар сүйектері, айна сынықтары, моншақ, қыш құмыралар, әшекей бұйымдарды тапты. Экспедицияны бастап келген Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахметтің айтуынша, бұл жерді сармат тайпалары мекендеген. Ал, сармат тайпалары осы өңірді біздің заманымыздан бұрынғы VІІІ ғасыр мен біздің заманымыздың V ғасырында мекендегенін ескерсек қазақ тарихы тым әріде жатқанын аңғаруға болады. Енді бұл қазба жұмыстарын тоқтатпай әрі қарай жандандыру қажет. Сонда Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» болмағанымен, сол секілді басқа да құнды дүниелердің табылуы мүмкін. Ал, талай сырды бүгіп жатқан Қорғанша қалашығы да толық зерттеуді қажет етеді.

Әлемдік сауда жүйесінің дамуына тікелей ықпал еткен Ұлы Жібек жолының біздің жерімізден өтуі даламыздың Шығыс пен Батыстың арасындағы қақпа, өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан алтын көпір болғанын білдіреді. Бұл тұрғыда Кіші Жібек жолының бір тармағы ретінде кезінде Қарабау өңірінде Қызылқоға жәрмеңкесі болған. Көнекөз қарттардың айтуынша, жәрмеңкенің өтуіне қазақтың байы Тілеген мен татар көпесі Фахруддин ұйтқы болған. Жәрмеңкеге Теке қаласынан (Қазіргі Орал), Көкжар жәрмеңкесінен, Жайық бойынан саудагерлер келіп, сауданы қыздырған. Мұны қазір көп ешкім біле бермейді. Сондықтан, жәрмеңке орнына да қазба жұмыстары жүргізілсе, артық болмас. Тарихымызды осылай зерттеп, дəріптей алсақ біз келер ұрпақтың патриоттық рухпен тəрбиеленуіне жол ашамыз.

Шапиғолла ҚОНЫСБАЕВ.

Қарабау ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521