Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ұлттық киім – ұлттың айнасы, рухтың көрінісі

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеудің маңыздылығын айрықша атап өтті. Соның ішінде ұлттық киімге ерекше екпін берілуі – қуантарлық іс. Иә, ұлттық киім – бұл біздің қайталанбас болмысымыздың, сан ғасырлық мәдениетіміздің көрінісі. Оның әрбір өрнегі мен бедерінде халқымыздың тарихы мен тағылымы жатыр. Сондықтан ұлттық киімге деген қызығушылықтың қайта жандануы – ұлттың өз тамырына оралуының белгісі.

Бүгінде «Ұлттық киім күні» кең қолдау тауып, қоғамда зор серпіліс тудырды. Мектептерде, мекемелерде, тіпті ірі компанияларда ұлттық киім кию дәстүрге айнала бастады. Тігін цехтары көбейіп, ұлттық нақыштағы заманауи үлгідегі киімдерге сұраныс артты. Бұл – өте құптарлық үрдіс. Себебі ұлттық киім – жай ғана сән емес, ол – рухани кодымыздың, мәдени болмысымыздың ажырамас бөлігі.

Ұлттық киімнің кеңінен насихатталуы бірнеше маңызды нәтижеге алып келеді:
    •    Ұлттық сана-сезімді нығайтады. Киім – адамның өзін-өзі танытуының бір жолы. Ұлттық киімге деген қызығушылықтың артуы халқымыздың өз мәдениетіне, өз болмысына деген құрметін күшейтеді.
    •    Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға серпін береді. Сұранысқа сай жаңа брендтер қалыптасып, ұлттық нақыштағы заманауи киімдерді тігу ісі жанданып келеді. Бұл отандық өнімнің дамуына, жергілікті шеберлердің жұмысына қолдау болмақ.
    •    Киім мәдениетін қалыптастырады. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда жарасымды. Әсіресе, қазақ әйелінің дәстүрлі киімі – әсемдігімен, нәзіктігімен, ұлттық ерекшелігімен өзгеше.

Қазіргі дизайнерлер ұлттық киім элементтерін заманауи стильмен ұштастырып, күнделікті киюге ыңғайлы үлгілер ұсынуда. Бұл ұлттық киімнің тек мерекелік емес, тұрмыстық сәнге де енуіне мүмкіндік береді. Ұлттық нақыштағы көйлектер, камзолдар, бешпенттер мен тақиялар бүгінгі таңда тек салт-дәстүр көрінісі ғана емес, сән әлемінің бір бөлшегіне айналып келеді.

Ұлттық киімді насихаттау – бұл өткенімізге деген құрмет, болашағымызға салынған негіз. Оны ұрпақ санасына сіңіру – әрбіріміздің міндетіміз. Біздің киіміміз – біздің келбетіміз. Ұлттық киім – ұлттың рухын көтеретін, өткенді жаңғыртатын, болашаққа жол көрсететін асыл мұра. Ендеше, оны дәріптеу – ұлттық болмысымызды сақтаудың бір жолы.

Самал ДОСҚАЛИЕВА

аудандық "Жалын" мәдениет үйінің киім бөлімінің меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT