Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Еңбек адамы – ел мақтанышы»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «2025 жыл - Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны аян. Мұндай шешім елімізде жұмысшы мамандықтарына деген оң көзқарасты қалыптастырып, жастарды нағыз маман иесі болуға ынталандырып, осы саладағы сұранысқа ие мамандық иелерін даярлауға тың серпін берді. Құлсарыдағы аудандық орталық кітапханада ұйымдастырылған «Еңбек адамы – ел мақтанышы» атты кездесу кеші, міне, осы «Жұмысшы мамандықтар жылына» арналды. Оған өңірде өткен ғасырдан бері жұмысшы мамандықтарын даярлап келе жатқан 60 жылдық тарихы бар С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің, сондай-ақ, Т.Байсырымов атындағы Құлсары гуманитарлық-техникалық және «Мед–профи» колледжінің студенттері, мұғалімдері мен ата-аналары қатысты.

Шараның мақсаты: жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және өз кәсібін жетік меңгерген еңбек адамының ел алдындағы үлесін бағалау, мемлекеттің даму жолында адал еңбек етіп, толағай табысымен өзгеге өнеге бола білген қарапайым жұмысшыларды көпке үлгі ету, құрметтеу. Сол арқылы мамандық таңдап, үлкен өмір жолының бастауында тұрған студенттерге бағыт-бағдар беріп, дұрыс бағыт таңдауына ықпал ету. Қиындығы мен шыжығы қатар жүретін жұмысшы мамандығын меңгерген жандар мұнайлы өңірде көптеп саналады. Өз саласында қажырлы еңбек етіп, ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп жүрген елге елеулі ардагер азаматтардың өмірі жолы – жастарға үлгі-өнеге. Солардың бірі – Аманкелді Төлебаев, зейнетке қалса да қоғамнан қол үзбей Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының тұрақты қатысушысы Ермек Зағыпаров, Алмагүл Бүркітбаева мен Күнзира Мұрзатаеваны айрықша атап өтуге болады. Олар осы кездесу кешіне келіп, жастарға өздерінің еңбек жолынан сыр шертті.

- Жүргізуші болу да оңай емес. Бұрында жол жоқ, қара балшық, күннің аптап ыстығында көлік жүргізу қиын болды, - деген Аманкелді Төлебаевтың сөзі өткен ғасырдың қиын кезеңін еске салды. Студенттерді алдыңғы аға буын секілді кітап оқуға шақырған ол қазіргі жастар туралы өз пікірін де білдіре кетті. Аманкелді Төлебаев 1946 жылы сол кездегі Жылой ауданында қарапайым бұрғышы отбасында дүниеге келген екен. 1953 жылы Қарсақ ауылындағы В.Чапаев атындағы бастауыш мектептің 1-сыныбына барып, 1964 жылы А.Жданов атындағы орта мектептен онжылдықты аяқтайды. Ақын-журналист, өлкетанушы Жанаш Нұрмаханнан тәлім-тәрбие алған.

Бір жыл еңбекке араласып, 1965 жылы кеңес армиясы қатарында 3 жыл азаматтық борышын өтеді. 1968 жылы елге келгеннен кейін, сол кездегі Ұңғымаларды күрделі жөндеу басқармасындағы еңбек жолын жалғастырып, осы мекемеде табан аудармастан ұзақ жыл еселі еңбек етті. 2009 жылы зейнеткерлікке шығады. Ал келесі кеш кейіпкері – Ермек Зағыпаров 1957 жылы бұрынғы Гурьев (Атырау) облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Н.Крупская мектебінің табалдырығын аттап, 1974 жылы Абай атындағы орта мектепті тәмамдаған. 1975-1977 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін Гурьев теміржол техникумын тәмамдайды.

Еңбек жолын Маңғыстау теміржол бекетінде поезд құрастырушы ретінде бастаған. 1980 жылы Маңғыстау және Сайөтес бекеттерінде кезекші қызметін атқарды. 1982-1986 жылдарда Гурьев бөлімшесіне келіп, теміржолмен тасымалдау бөлімінің жол қауіпсіздігі ревизоры болып, 1986 жылы Опорный бекеті бастығы қызметіне ауысады. 1991-1994 жылдары Қазақстан теміржол академиясын үздік бітіреді. 1989-2000 жылдарда Құлсары бекетінде басқарушы лауазымында еселі еңбек етті. «Теңізшевройл» ЖШС-нің теміржолмен тасымалдау бөлімінде жол қозғалысы қауіпсіздігінің аға инспекторы болып абыройлы қызмет етті. 42 жыл теміржол саласында үздіксіз жұмыс жасап, 2020 жылдың сәуір айында «Болат жол» мекемесінен зейнеткерлікке қалды.

- Әр нәрсенің өз орны бар. Өмірде қарапайым жұмысшы болып та қызметте өсуге болады. Жұмысшы мамандықтары қай кезде де қадірлі,- дейді ол. Кештің кейіпкерлері – монтер, құрылысшы болып еңбек еткен Алмагүл Бүркітбаева мен теміржолшы Күнзира Мұрзатаевалар да кездесуге келген студенттерге өз ақыл-кеңесін айтып, еңбек жолынан сыр шертті.

Кеш қонақтарына арнап ауданымыздағы «Жетіген» өнер студиясының өнерпаздары мен «Серпер» домбырашылар ансамблінің орындауында «Әке толғауы» күйі, «Анашым» әні тарту етіліп, «Жалдықара» домбырашылар ансамблі «Ертұран» күйін шебер орындап, өнерімен тәнті қылды. Кітапханашы Ілес Балбала «Еңбек түбі – береке» көрмесіне шолу жасады. Кешті қорытындылаған аудандық орталық кітапхана директорының орынбасары Кенже Амантұрлықызы кеш қонақтары мен шараға атсалысқан Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұжымына және барша оқырман қауымға алғысын білдірді. Ризашылық ретінде қонақтарға естелік-сыйлықтар табыс етті.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT