Елімізде қызылшамен ауырғандар саны көбейіп барады. Жыл басынан бері 21 мыңнан аса науқас сырқаттанса, оның 89 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Ал, осы балаларда жиі кездесетін қызылшадан құтылудың жолы қандай? Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Алтынгүл Аймұратовамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
- Алтынгүл Бөкенбайқызы, қазіргі таңда ауданда қызылша ауруымен күрес қалай жүруде?
- Күні бүгінде «Қызылша болжамды жағдайымен» 111 науқас тіркелді. Былтырғы мамыр айында 1, тамыз айында 1 адам тіркелсе, қалған науқастар қазан айында 24, қарашада 42, желтоқсанда 30 адам жұқтырды. Биылғы қаңтар айында 13 науқас тіркеліп отыр. Оның ішінде, балалар арасында - 70, жасөспірім – 11, ересектер - 30 жағдай тіркелді. Айта кету керек, балалар арасында тіркелгендердің 80 пайызы дүниеге келгенде ғана перзентханадан салынатын екпені ғана алған немесе мүлде екпе алмағандар тіркелген. Қазіргі уақытта, аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде қызылша жұқпасымен жатқан 6 науқас баланың барлығы да екпе алмаған болып отыр.
- Бүгінде аудандық ауруханадағы салынып жатқан қосымша иммундау не үшін жүргізіліп жатыр?
- Бұл қызылша жұқпасы екпемен басқарылатын ауру болғандықтан, аурудан қорғанудың жалғыз жолы қызылшаға қарсы екпе алу. Жалпы қызылшаға қарсы екпе Қазақстан Республикасының Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес балаларға 1 жаста және 6 жаста салынады. Алайда, қазіргі таңда эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болғандықтан, балалар екпе жасына жетпей ауырып жатқандықтан Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиялық және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу туралы» Қаулысына сәйкес республика бойынша 6 қарашадан бастап қосымша жаппай иммундау басталды.
- Негізінен, бұл вакцинаны кімдер және қай жастағы тұрғындар алу керек?
- Жоғарыда айтылғандай қызылшаман екпе жасына жетпеген және 1 жастағы екпесін алмаған 6 жасқа дейінгі балалар болғандықтан қосымша жаппай иммундау 6 ай мен 11 айға дейін балалар және 2 жас пен 5 жасқа дейінгі балаларға жүргізіледі. Сонымен қатар, уақытында екпе алмаған 1 жастан 18 жасқа дейінгілерге жүргізіледі.
- Жалпы, қызылша қандай ауру?
- Қызылша – өте жұқпалы антропонозды (тек адам ауырады) жіті респираторлық вирустық инфекция. Ауру қоздырғышы вирус. Вирус адамдарға ауа-тамшылы жолы арқылы беріледі, яғни ауа арқылы жұғады. Көбіне қызылша ауруынан көз жұмудың себебі аурудың асқынуымен байланысты болады. Ең қауіпті асқынуларға көздің көрмей қалуы, құлақ ауруларының асқынулары, энцефалит (мидың ісінуіне әкелетін инфекция), пневмония сияқты тыныс алу жолдарының инфекцияларын туындатуы мүмкін. Біз бұл инфекцияны екпе арқылы ғана тоқтата аламыз. Баланың өміріне әрбір ата-ана жауапты, оның өмірі ойыншық емес. Сондықтан аудан тұрғындарын, ата-аналарды эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып балаларымызға қызылшаға қарсы екпе алуға шақырамыз.
- Әңгімеңізге рақмет!
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА