Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Екпе салдыру ерікті түрде іске асады

Елімізде ақпаннан бастап індеттің алға қарай халыққа жұғуын болдырмас үшін вакцина егу жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай нақты тапсырма жүктеп, оны сапалы өткізу үшін барлық жағдай жасалуы тиіс деген болатын. Осы орайда, аудандық орталық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Мәдина Қанатқалиевамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Мәдина Есіркепқызы, елімізде вакцинациялау басталды. Бірақ, көпшіліктің көкейінде үміттен гөрі күдік басым. Жалпы, вакцина салдыру міндетті ме? Оны кімдер салдыра алады?

– Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцина салу тек адамның келісімімен ғана жүзеге асады. Вакцинадан бас тартқандар әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екпе егердің алдында сіз арнайы параққа қол қою арқылы вакцинадан бас тартып немесе салдыруға келісім бересіз. Ең алдымен, коронавирустық инфекцияның таралу қаупі бар және таралу қаупі жоғары халықтың осал топтары екпе алады. Яғни, бірінші кезеңде вакцинация жұқпалы аурулар ауруханаларының медициналық қызметкерлерін, жедел медициналық, жан сақтау, алғашқы медициналық көмек, жедел жәрдем бөлмелерін, санитарлықэпидемиологиялық сала қызметкерлерін, екінші кезеңде бірінші кезеңге кірмеген медицина қызметкерлерін, орта мектептердің, жоғары оқу орындарының мұғалімдерін, үшінші кезең мектеп-интернаттардың, балабақша тәрбиешілерін, оқушылар мен созылмалы аурулары бар адамдарды қамтиды. Халықтың осал топтарына коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тегін ұсынылады.

– Ауданда вакцинациялау жұмыстарына дайындық қалай жүруде? Екпені алғашқы болып кімдер алады? Еріктілер бар ма?

– Бұл бағытта ауданда дайындық жұмыстары жүрігізілуде. Облыс бойынша 1000 доза келді. Бірақ, ауданға әлі келе қойған жоқ. Өткен жылдың аяғында вакцинаны сақтайтын тоңазытқышқа портал арқылы тапсырыс берілді. Аудан бойынша бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен еріктілерді қоса алғанда 126 адамға екпе салу жоспарда бар. Тұрғындар арасында түсіндірмежұмыстары жүргізілуде. Вакцинациялау жұмыстарына ауданда жеті адам жауапты. Әзірге екпе жүргізуге арналған бір кабинет дайын. Бір күнде 60 адам екпе алуына мүмкіндігі бар. Екпе салушы медбике де семинарға қатысып келді. Әр азамат екпені өз еркіне қарай ектіруге құқы бар. Мәжбүрлеуге жол берілмейді. Вакциналаудан өтудің негізгі екі себебі бар. Ол – өзіңізді және айналаңыздағы адамдардың денсаулығына бейжай қарамау.

– Елімізде қандай вакцина қолданылады?

– Денсаулық сақтау министрлігі елде 1 ақпаннан бастап ресейлік «Спутник V» екпесі салынатынын мәлімдеді. Үкімет жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салуды жоспарлап отыр. Министрліктің мәліметінше, қазақстандық екпе 1-2 сынақ кезеңінде 96 пайыз тиімділік көрсеткен. Бастапқыда коронавирус инфекциясына Ресей елінде жасалған «ГамКОВИД-Вак» («Спутник V») вакцинасы қолданылады. Ақпанның ортасынан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешенінде жасалған «Гам-КОВИДВак» екпесі егіледі. Биылғы жылдың екінші тоқсанында қазір клиникалық сынақтың 3-ші сатысынан өтіп жатқан отандық «QazCovid-In» вакцинасы қолданылатын болады. Екпе жағдайы төмен отбасыларына тегін ұсынылады. Екпе адамның иығына екі кезеңмен егіледі. Басында 0,5 мл дозамен бірінші компонентті салады. Одан кейін 21 сағат өткен соң, екіншісін егеді. Оның көлемі де 0,5 мл. Егер бірінші компонентінен кейін адамның жағдайы нашарласа, екіншісі салынбайды.

– Екпені кімдер салдырмайды?

– Вакцинация жүкті және бала емізетін әйелдерге, 18 жасқа толмаған жасөспірімдерге, екпелерге әлдебір реакциясы бар жандарға салынбайды. Коронавируспен ауырған адамдарға вакциналау жүргізіледі. Симптомсыз немесе жеңіл түріне шалдыққан адамдарға сауыққаннан кейін 2-4 аптадан соң, орташа ауыр және ауыр түрлерімен сырқаттанғандарға сауыққаннан кейін 6 айдан соң ұсынылады. Бұдан бөлек, ауыр аллергиясы мен вакцинаның құрамындағы заттарға жоғары сезімталдылығы бар адамдарға салынбайды. Сонымен қатар, бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары, эндокриндік жүйенің бұзылуы (қант диабеті), қан түзілімі жүйесі мен эпилепсия, инсульт және басқа да орталық жүйке жүйесінің, жүрек-қан тамыр, иммун тапшылығы, аутоиммунды, өкпе, демікпе және өкпенің обструктивті, метаболиттік синдром мен диабет, аллергиялық реакциялар, атопия мен экзема, қатерлі аурулар, соның ішінде қан аурулары бар адамдарға абай болу керек. Егер дене қызуы 37 градустан жоғары болса, вакцинация кейінге шегеріледі.

– Екпенің адам өміріне қауіптілігі бар ма? Салдырған соң қандайда бір жанама әсерлері болуы мүмкін бе?

– Қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері, иммунизациядан кейінгі ықтимал көріністері, вакцинаны енгізу және сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәліметтері бар вакцинаның нұсқаулығы талап етіледі. Осыған байланысты, қарсы көрсеткіштерді қазіргі уақытта тізіп шығу мүмкін емес. Адамның организмі кезкелген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын атап айту маңызды.

– Вакцинаға аллергиялық реакцияның болуы мүмкін бе?

– Медицина қызметкерлері кез келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық ауру болса, онда медициналық тұрғыдан бас тартылады. Бұл ретте, аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның организмі әртүрлі. Уақтылы ден қою үшін адам вакцинация алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде (медициналық мекеменің қабырғасында) дәрігердің бақылауында болуы керек. Өйткені дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы ықтимал.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан,

Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT