Енді бірер аптада еліміз бойынша жаңа оқу жылы басталады. Алайда, қазіргі қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты биылғы жаңа оқу жылында біраз өгеріс болары анық.
Ол қандай өзгеріс, балалар қалай оқиды, оқушыларды интернетпен қамту қалай жүріп жатыр, балалар компьютермен қамтыла ма? Міне, осы және басқа да сұрақтарға жауап беру мақсатында дүйсенбі күні аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Бақтыгүл Нұғманова аудан әкімдігінің фейсбук парақшасында тікелей эфирге шығып, жаңа оқу жылының жаңалықтарымен бөлісті. Осы орайда, біз де эфир барысында қойылған сұрақтарды жинақтап, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
– Бақтыгүл Бағытжанқызы, жаңа оқу жылы аудан бойынша қанша оқушымен басталады, кезекші сыныптардың жұмысы қалай жүйеленеді?
– Биылғы 2020-2021 оқу жылында алдыңғы жылдармен салыстырғанда көптеген өзгерістер бар. Оған себеп елімізді де, әлемді де әбігерге салған коронавирус дертінің өршуі. Соған сай, оқушылардың қауіпсіздігі үшін жаңа оқу жылын қашықтан оқытумен бастағалы отырмыз. Аудан бойынша оқу жылын 6279 оқушымен бастаймыз. Оның ішінде 513 оқушы бірінші сынып табалдырығын аттайтындар. Қазіргі таңда қашықтан оқитан бала саны 3956. Штаттық режимде 15 бала оқитын бір мектеп бар. Ол – Кенбай елдімекеніндегі Т.Жанұзақов бастауыш мектебі. Ал, кезекшілік режимде 18 мектеп бойынша 115 сынып ашылып, онда 1480 оқушы оқиды деп күтілуде. Бұлардың барлығы бастауыш сынып оқушылары. Сондай-ақ, оқу жылына дайындық барысында қашықтан оқитын оқушылардың отбасы жағдайы зерделеніп, нәтижесінде 858 отбасының 1600 баласы интернетпен қамтылмағаны анықталды. Осы тізім бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ның аудандық филиалына интернетпен қамту жөнінде ұсыныс берілді. Сонымен қатар, үйден оқитын балалардың қажеттілігі үшін облыстық білім беру басқармасына 1335 ноутбук, 240 планшет, 200 компьютер алу жөнінде сұраныс бердік. Сол сияқты 500 оқушы өз мектептерінен компьютер алса, жаңа оқу жылында сұраныс бойынша оқушылар мен ұстаздарға мектептер қорынан 1449 компьютер беру жоспарда бар.
– Жыл сайын тамыз айында барлық өңірде «Мектепке жол» акциясы басталып, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына сабақ құралдары мен киімдер алып беретін еді. Биыл аталмыш акция қалай жүзеге асады?
– Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты «Мектепке жол» акциясына да біраз өзгерістер енгізілді. Енді бұрынғыдай оқушылардың қажеттелігі жеке-жеке таратылмайды. Мұқтаж отбасының балалары үшін арнайы «Менің атамекенім» порталы ашылды. Осы порталға мұқтаж отбасының ата-аналары кіріп, өтініш бере алады. Аталмыш порталға кіру жолы оңай, тек баланың ЖСН теріп, сұраныс бере алады. Бұл портал туралы барлық ата-аналар чатына жіберілді. Сосын берілген сұраныс зерделеніп, зерттеледі. Осы орайда, бұл портал арқылы берілетін көмек жеке демеушілердің қаржысынан екенін айта кетейік. Сонымен қатар, мектептің міндетті оқу қорынан 142 дана Роутер (сымсыз интернет тарататын модем) алу жоспарға енгізіліп, оның шарттары мемлекеттік сатып алу порталына жарияланды. Бұдан бөлек жеке демеушінің қаржысынан қосымша 50 дана роутер алу жоспарда бар. Бұл құрылғылар үйінің маңында интернет нүктесі қарастырылмаған, тарту мүмкіндігі жоқ оқушыларға ғана беріледі.
– Оқушылар интернетпен қаншалықты қамтылған, пайыздық көрсеткішпен айтып берсеңіз?
– Жаңа оқу жылына дайындық барысында осы мәселені баса зерттеп, зерделедік. Қазіргі таңда үйден оқитын оқушылардың елу пайыздан көбі интернетпен қамтылған. Қалған оқушылардың үйіне интернет тарту жөнінде «Қазақтелеком» АҚ-ға ұсыныс берілді. Сондай-ақ, алыс ауылдық округтерге «Белайн» ұялы байланысының 3G мобильді интернеті қосылды. Ал, интернет желісін жеткізу мүмкіндігі жоқ үйлерге жоғарыда айтқандай роутер модемін беру жоспарда бар.
– Тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылардың балаларына сабақ құралдары мен мектеп формасы беріле ме?
– Қазіргі таңда оқушылардың басым көпшілігі қашықтан оқитын болғандықтан мектеп формасымен қамтып жатқан жоқпыз. Оның орнына компьютер, ноутбуктар беру жұмыстары жүргізілуде. Ал, сабақ құралдары аз қамтылған отбасылардың балаларына беріледі. Ол үшін жаңа айтқандай «Менің атамекенім» порталына кіріп сұраныс берсеңіз болады. Бірақ, сұраныс берген отбасы да зерделенеді. – Оқушыларға компьютер, ноутбук беру қалай жүзеге асады, бір үйде төрт бала оқитын болса оның бәріне де беріле ме? – Жалпы біз компьютермен барлық баланы қамтығымыз келеді. Алайда, мүмкіндікке,берілетін құрылғылардың аз болуына байланысты ең бірінші мұқтаж отбасылардың балаларына беруден бастаймыз. Оның ішінде ерекше білімді қажет ететін және қамқоршысынан айырылған балаларға міндетті түрде беріледі. Сонымен қатар, бір үйде 3-4 бала мектеп жасында болса, оларға мүмкіндікке қарай 2 компьютер берілуі мүмкін. Осы орайда, барлық ата-аналардан берілген құрылғыларды ұқыпты, күтіп ұстауды сұраймыз.
– Қашықтан оқыту барысында мұғалімдер басқа мектептен қосымша сағат алуға бола ма?
– Әрине, болады. Егер мұғалім өз мектебінде сағаты толық болмаса, өзге мектепте бос орын болса, оған ешқандай шектеу қойылмайды. Бұл жерде өзіңіздің мектебіңіз негізгі, екінші жұмысыңыз қосымша болып табылады. Қазіргі таңда аудан бойынша математика, физика, орыс тілі пәндерінен мұғалімдер жетіспейді. Осыны пайдаланған мұғалімдер өзге мектептен сағат алып, сабақ берсе болады.
– Мектеп мұғалімдері қашықтан оқытуға қаншалықты дайын деп ойлайсыз?
– Қазіргі таңда, аудан бойынша мектеп директорларын қосқанда 1020 педагогикалық білімі бар мұғалімдер бар. Олардың ішінде бала күтімінде отырған мұғалімдер мен лобаранттарды алып тастағанда 945 педагог арнайы оқудан өтіп, сертификаттарын алды.
– Жаңа оқу жылы қарсаңында аз қамтылған отбасы балаларына 30 мың теңгеден әлеуметтік көмек беріледі деген рас па, рас болса оны қалай аламыз?
– Әлеуметтік аз қамтылған отбасында оқитын оқушыларға қаржылай көмек беріледі деген мәлімет немесе облыстық білім беру басқармасынан бізге нұсқау келген жоқ. Егер алдағы уақытта ондай әлеуметтік көмек берілетін болып жатса ресми түрде хабарланады. Сондықтан ата-аналарды алып-қашпа сөзге емес, нақты ақпаратқа сенуге шақырамын.
– Ауданда дефектолог пен логопед мамандығын бітірген жастарға жұмыс бар ма?
– Дәл қазір бұл мамандықтар бойынша ешбір мектепте штат ашылған жоқ. Бірақ, бұл керек мамандық. Сондықтан дефектолог пен логопед мамандығына штат ашуға сұраныс бердік. Егер сұранысымызға қанағаттанарлық жауап келсе, міндетті түрде аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы маман іздейміз. Бұдан басқа қосымша сұрақтарыңыз болса, аудандық білім бөліміне келіп жолығуға болады.
Дайындаған, Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН
Сурет: ашық дереккөзден