Өткен аптаның бейсенбісі күні аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен республикалық «Абайлаңыз, балалар!» атты іс-шара аудан орталығында ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері Б. Аманшин атындағы, Х. Досмұхамедұлы атындағы орта мектептер мен Ы. Шөреков атындағы мектеп-гимназияда болып 1-сынып оқушыларына жол жүру ережесін түсіндірді. Сондай-ақ, оқушыларды мектеп жанындағы жаяу жүргінші жолағынан қалай өту керектігін айтып, тәжірибе жүзінде көрсетіп, қолдарына жол жүру ережесі жазылған парақшалар таратылды. Аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Бекзат Байжан:
– Бұл іс-шараны өткізудегі басты мақсат – оқушыларға жол ережесін үйрету арқылы, жол-көлік оқиғасының алдын алу. Осы мақсатта біз 1-сынып оқушыларын таңдап алдық. Себебі, олар ата-анасының жанынан жаңа шығып, мектепке барады. Әлі де болса олар жаяу жүргіншілер жолағымен өту, белгіленбеген жерден өтпеу, жолда жүгірмеу сынды қарапайым ережелерді біле бермейді. Сондай-ақ, қазір ауданда көлік саны да күн сайын көбейіп келеді. Осы нәрселерді ескере отырып, акция өткізіп отырмыз, - дейді.
Дулат МӘТЖАН