Қазақстан халқының бірлігі күніне орай аудан бойынша барлық ауылдық округте «Бірлік марафоны» өтті.
Аудан орталығында өткен марафонға барлығы отызға жуық әуесқой спортшы қатысып, жарыс алдында оларға арнайы нөмір жазылған жейделер берілді. Сағат 10:30-да белгі беріліп, желаяқтар жарыс жолына шықты. Бұл марафон Абай көшесіндегі «Арлан» газ құю бекеті мен «Жастар» саябағы аралығын қамтыды. Нәтижесінде аталмыш қашықтықты 8 минутта бағындырған Бекет Жүніс мәре сызығын бірінші болып кессе, Қайрат Махмет екінші, Бүркіт Орынбасаров үшінші орынға ие болды. Әйелдер арасындағы сында Гүлнұр Асхатқызы жеңімпаз атанса, Нұрсәуле Қонысбай мен Ақмарал Құлшықова өзара екінші-үшінші орындарды бөлісті. Жеңімпаз-жүлдегерлерді аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова диплом, медаль, естелік сыйлықтармен марапаттады.
Сол сияқты Жангелдин ауылында өткен марафонда ерлер арасында Марсель Нұрғожин, қыздар арасында Айнел Базарғали қарсылас шақ келтірмесе, Сағыз ауылдық округінде Тұманбай Тағыберді, Ойыл ауылдық округінде Аян Кенжебекұлы, Көздіғара ауылдық округінде Бекнұр Демеуғали, Қызылқоға ауылдық округінде Тайыр Бауыржанұлы, Жамбыл ауылдық округінде Заманбек Әбестер өзгелерден оқ бойы озық келді. Осылайша мерейлі мерекеде аудан халқы алыс қашықтыққа жүгіріп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға қадам басты.
Дулат БЕРІКҰЛЫ