Бүгін еліміз бойынша тойланған береке мен бірліктің айшықты мерекесі аудан орталығындағы «Жастар» саябағында «Бір шаңырақ астында» деген тақырыппен аталып өтті.
Мерекелік шараны Миялы балалар өнер мектебінің бишілері өзге ұлт өкілдерінің компазициялық биімен ашып, артынша көк аспанға бейбітшіліктің символы саналатын көгершін ұшырылды.
Бұдан соң сахнаға көтерілген аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова:
– Бұл мереке – бейбітшілік пен келісімді, достық пен татулықты ту еткен атаулы күндердің бірі екендігі белгілі. Ел ішіндегі ұлтаралық ынтымақ пен бірлік – мемлекетіміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің берік негізі. Осы ретте, біздің ауданда да тағдырдың жазуымен келіп, осында тұрақтап қалған өзге ұлт өкілдері бар. Аудан халқы олармен достық қарым-қатынас орнатып, ағайындай араласып кетті. Ендеше, мереке құтты болып, әр шаңырақта ырыс пен ынтымақ, елімізде тұрақтылық пен тыныштық болсын, - деді.
Мерекелік құттықтаудан соң «Ақжелең» халықтық-фольклорлық ансамблі «Мереке», «Ыңғайкөк», күйлерін орындаса, «Ойыл аруы» би тобы қазақ биімен шара шырайын кіргізе түсті. Бұдан соң аудан орталығындағы мектептер мен балабақша қызметкерлері әр ұлттың әнін айтып, биін билеумен қатар, солардың ұлттық тағамдарын да дайындап әкеліп, көпшілікке дәм татқызды.
Шара соңында қатысушы мекемелерге аудан әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлығы табыс етіліп, ауыл өнерпаздарынан құралған «Арман» тобы «Егемен елім» әнімен концертті қорытындылады. Айшықты мереке ауданның өзге ауылдық округтерінде мерекелік концерт, спорттық шаралармен жалғасын тапты. Бұл туралы газетіміздің кезекті санынан кеңірек оқи аласыздар.
Дулат БЕРІК
#birlik2025
#ҚХА30жыл
#АНК30лет #APK30years