Халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жасалған жұмысты жария етуді және сол арқылы болашақта жасалатын жұмыстарға бағыт-бағдар жасауды мақсат еткен аудан әкімі Қанат Әзмұханов Миялы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. «Арман» мәдениет үйінде өткен жиынды ашқан аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали жұртшылыққа кездесудің мақсатын түсіндіріп, аудан әкімі Қанат Әзмұхановқа сөз берді.
Алдымен ауданда жасалған жұмыстарға тоқталған оның айтуынша, аудан бойынша ауыл шаруашылық саласында 557 шаруа қожалығы тіркелген. Соның ішінде асыл тұқымды мал бағумен айналысатын 82 шаруа қожалығы биыл 154 бас асыл тұқымды мал сатып алды. Шаруа қожалықтарына берілген мемлекеттік субсидия 955 043,3 мың теңге. Тоғыз ай ішінде 111 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтсе, осы уақыт ішінде 8540 гектар жер кері қайтарылды. Биыл 65 гектар жерге егін егіліп, одан 435,8 тонна өнім алынды. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласы бойынша өндірілген өнім 10 миллиард 135 миллион теңге құрады. Ауданда жол инфрақұрылымын дамыту үшін ұзындығы 80,6 шақырымды құрайтын тоғыз жоба жүзеге асырылуда. Сағыз, Мұқыр, Миялы ауылдары мен Жантерек елді мекеніндегі ауылішілік және кірме жолдардың құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Қарасай құрылыс», «ГСК РиМ», «ДорСтрой», «Атыраукөлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Бұдан бөлек, Жангелдин, Жасқайрат, Қоныстану ауылдарына тас жол салу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, құрылыстың басталуы келесі жылдың жоспарында тұр. Аудандағы 26 елді мекеннің 17-сі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылса, тоғыз елді мекенде ауыз су құбырының құрылысы жүруде. Бұл жұмыстар жоспар бойынша биыл аяқталуы тиіс. Аудан аумағында 1 619 шақырымды құрайтын электр желісі, 285 дана трансформатор бар. Бүгінгі таңда Тасшағыл, Мұқыр, Қаракөл, Тайсойған ауылдарындағы кірме жолдарды жарықтандыру жұмысы аяқталып, іске қосу жүргізіліп жатса, Қарабау және Жангелдин ауылындағы кірме жолды жарықтандыру жұмысы жүріп жатыр. Өткен жылы Сағыз ауылында бірінші, екінші ауылының электр желілерін ауыстыру құрылысы басталған болатын. Алайда, мердігер мекеме өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамағаны үшін келісім шарт бұзылып, қайтадан мердігер мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жарияланды. Аудан халқын табиғи газбен қамту 98 пайызды құрап отыр. Қазіргі уақытта газ құбыры жүргізілмеген алты елді мекенде газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Жоба пайдалануға берілгеннен кейін аудан 100 пайыз табиғи газбен қамтылады. Азаматтарды тұрғын үй кезегіне тіркеу алты санат бойынша жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы кезек бойынша 84 отбасына тұрғын үй берілсе, биыл жыл аяғына дейін 140 отбасын тұрғын үймен қамту жоспарда бар. Ауылдарды абаттандыру және көгалдандыру бағытында биыл жоспарланған 6100 түп талдың 2390-ы көктемгі тал егу науқанында егілсе, қалғаны күзгі мезгілде егіледі. Бұған қоса, аудан аумағындағы мұнай өндіру мекемелерімен меморандум жасалып, олар да тал егу және қоршау жұмыстарын жүргізетін болады. Аудан есебінде 1843 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Биылғы 9 айда 40 кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 395 миллион 190,0 мың теңгенің несие қаражатын алды. Жыл басынан бері 1742 адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. Оның ішінде 721 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 439 адам ақылы негіздегі қоғамдық жұмысқа тартылды. Ал, 73 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінде оқыса, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 27 кәсіпкер 39 873,0 мың теңге көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болып, халыққа қызмет көрсетуде. Аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндіз болу бөлімшесі және «Қамқорлық» сауықтыру орталығы қызмет көрсетуде. Биыл жаз айында «Қамқорлық» сауықтыру орталығы ашылып, «Самұрық Трастт» акционерлік қоғамның демеушілігімен қажетті құрал жабдықтар, әртүрлі жаттығу құрылғылары және инватакси көлігі алып берілді. Орталықтағы сауықтыру шараларына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, әлеуметтік тапсырыспен «Миялы мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанды. Сонымен бірге облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Миялы ауылынан жаңа ғимарат сатып алынды. Бұл ғимаратта 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту шаралары жүргізіледі. Ауданның білім беру саласында 37 ұйым жұмыс жасайды. Бір жас пен алты жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылу көрсеткіші 86 пайызды құраса, үш жас пен алты 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 100 пайыз. Биыл мектепті бітірген 291 түлектің 110-ы грантпен оқып жатыр. Жасқайрат ауылынан 100 орындық, Тайсойған ауылынан 50 орындық балабақша, Қарабау ауылынан 120 орындық бастауыш мектеп Жамансор елді мекенінен 80 орындық негізгі мектеп пен 30 орындық интернатын салуға жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Құрылыс жұмыстарын бастау 2025 жылдың жоспарына енгізілген. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде Сағыз ауылында бір мектеп салынатын болса, Миялы ауылынан да жаңа мектеп құрылысын салу жоспарда бар. Аудан тұрғындарына бір аудандық аурухана, сегіз дәрігерлік амбулатория бір фельдшерлік-акушерлік және алты медициналық пункт қызмет көрсетеді. Биыл алты дәрігер жұмысқа орналасты. Дегенмен ауданға әлі екі дәрігер (оториноларинголог, жалпы тәжірибе дәрігері) қажет. Қазіргі уақытта Жантерек және Жамансор елді мекенінен медициналық пункт құрылысы, Мұқыр дәрігерлік амбулаториясына жапсаржай салу құрылысы жүріп жатса, Тасшағыл ауылынан жаңадан салынатын дәрігерлік амбулатория құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Он ауылдық округке берілген жедел жәрдем көлігі бүгінгі таңда халық игілігіне қызмет көрсетіп келеді. Өткен жылы Тасшағыл ауылынан 300 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілсе, қазіргі таңда Қарабау ауылында 300 орындық мәдениет үйі салынуда. Ал, Мұқыр ауылында 2017 жылы басталған 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы мердігер мекеменің міндеттемелерін орындамауына байланысты келісім шарт бұзылып, жаңадан анықталған жеңімпаз мердігер мекеме құрылыс жұмысын жаңадан бастады. Сондай-ақ, Миялы ауылынан да 500 орындық мәдениет үйінің құжаттамасы дайындалуда. Аудан спортын дамыту мақсатында Қарабау, Қоныстану, Қаракөл, Тайсойған, Мұқыр ауылдарында спорт кешенінің құрылысы жүріп жатса, Жангелдин ауылында спорт кешенінің құрылысы бойынша тендер ұйымдастырылды. Ал, Жасқайрат және Тасшағыл ауылындағы спорт кешенінің құрылысы аяқталды, жақында пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек 11 спорт алаңы құрылысын салуға мердігер анықталып, бұл бағытта жұмыстар жасалуда.
Мәдени ошақтар бой көтереді
Бұдан әрі Миялы ауылдық округінде жасалған жұмыстар мен тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешілуі жолдарына тоқталған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Миялы ауылында өзекті мәселенің бірі – жазғы уақытта ауыз судың жетіспеушілігі. Бұл ретте, «Қарасу» жерасты су қорындағы 11 ұңғыманы құмнан тазарту жұмыстары жүргізілсе, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының көмегімен үш ұңғыма қазылды. Бұл мәселені нақты шешу мақсатында ұзындығы 73,5 шақырымды құрайтын Тайсойған жер асты су қорынан Миялы ауылына дейін магистралды су құбырының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 26 шықырым жерге су құбыры салынды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының ұсынысына сай, Ойыл өзенінен жаздық су құбырын тарту жұмыстары басталды. Ауыл тұрғындарынан қоғамдық көлік ұйымдастыру, Ойыл өзенінен жазғы су құбырын тарту, бөгет тұрғызу бағытында ұсыныс түскен еді. Қоғамдық көлік туралы ұсынысқа орай мәслихат сессиясымен субсидияға қаржы бөлінгенімен, әзірге кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық болмай тұр. Дегенмен, бұл мәселе аяқсыз қалмай шешіледі. Қазіргі таңда жазғы су құбыры тартылуда, жыл аяғына дейін аяқталады. Ал, бөгет тұрғызу мәселесіне орай айтарым, құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындау қолға алынды. Келесі жылы құрылыс жұмыстары басталып, жыл соңына дейін бөгет тұрғызылады. Бұдан бөлек қазіргі таңда А.Сарбөпе атындағы саябаққа күрделі жөндеу, көшелерге жарықшамдар орнату жұмыстары, орталық саябақ және үш спорт алаңының құрылысы жүріп жатса, көшелерге екі дана бағдаршам және 50 дана бейнекамара орнату жұмыстары қолға алынды. Аудан тұрғындарын мазалап жүрген тағы бір мәселе көктемгі су тасқыны кезінде бүлінген жолдар мен көпірді қалпына келтіру. Қазір «Сағыз-Миялы-Қарабау» тас жолының бойына 14 жерден су өткізгіш (кольцо, скотопрогон) салынып жатса, «Кенен» көпірін қалпына келтірілуде. Бүлінген жолдар тегістеліп, асфальт жабындысын төсеуге дайындалуда. Ал, «Қарасу» сайы бойына салынатын көпірдің құрылысын желтоқсан айына дейін бітіріп, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, - деді.
Хабарламадан соң сөз алған ауыл тұрғыны Сүйеуғали Дүйсәлі мал сою алаңында жұмыс жасайтын адам таптырмайтынын, әлі де үйден мал сою тыйылмай тұрғанын жеткізсе, Максим Ғұмаров, Қанат Қожахметов, Талғат Тасмағанбетовтер, көктемгі су тасқыны кезінде түрлі қоқыстар мен құм басқан мал жайылымын тазарту, жүн-тері өңдеу орнын ашу, арнайы техникаларды жүргізетін, ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау бағытында ауылдан колледж ашу мәселелерін көтерді.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жауап берген аудан басшысы:
– Шындығында қазіргі кезде қол күшімен жұмыс жасайтындар тапшы. Қабылдауға келгендер негізінен вахталық әдіспен жасайтын жұмыс сұрайды. Сондықтан бұл мәселені шешу қиындық тудырып келеді. Ал, үйден мал союды доғару қажет. Өйткені санитарлық талапқа сай емес жерде сойылған малдан түрлі аурулар таралуы мүмкін. Жайылым жерлерді тазалау жұмыстары жүріп жатыр, жыл аяғына дейін тазартады. Жүн-тері өңдеу цехын ашу көптен бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселердің бірі. Цех ашамын деген кәсіпкерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Ал, колледж ашу құптайтын ұсыныс. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіледі, - деді.
Сөйтіп, Миялы ауылы тұрғындарымен аудан басшысының кездесуі тәмамдалды.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ