Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жадымыздан өшпейтін күн

Бүгін аудандық орталық кітапханасында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары мен ақын, жыршы, әнші, атбегі, саяси қуғын-сүргін құрбаны Зәкария Сағындықұлын еске алуға арналған шара болып өтті.

Шараны орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Майра Өтежанова ұйымдастырып, саяси қуғын-сүргін құрбаны Қазалы Тасжанның ұрпақтары Айман мен Ақтоты шараның басты қонағы болды. Алдымен кітапханашы биыл туғанына 130 жыл болатын саяси қуғын-сүргін құрбаны, ақын, жыршы, әнші, атбегі Зәкария Сағындықұлы туралы оқырмандарға қысқаша мағлұмат берді. Одан соң сөз алған Айман Тасжанова жазықсыз жапа шеккен өз әкесі Қазалы Тасжанның басынан өткізген қиын тағдырын баяндады.

- Қиындық көріп, жазықсыз жапа шеккен жандардың қилы тағдырын жас ұрпаққа жеткізу – біздің басты борышымыз. Өйткені «өлі риза болмай тірі байымас» деген халқымызда сөз бар. Сондықтан да бүгінгі күнді жадымыздан еш шығармауымыз керек, - деген Айман апа оқушыларға тарихты білу керектігін алға тартып, жас ұрпақты көбірек кітап оқуға шақырды. Сондай-ақ, ол жолдасы, ардагер журналист Жолдас Жанқуаттың кітаптарын кітапханаға сыйға тартты.

Ал апасының сөзін қостаған Ақтоты әркез жазықсыз жапа шеккен атасын мақтан тұтатынын тілге тиек етті. Шара барысында, Ы. Шөреков атындағы орта мектеп гимназиясының оқушылары Н.Жексенғали мен Т. Иса Ж.Досмұхамедұлының «Алаш арманы», З.Қыстаубаевтың «Қазақстан трагедиясы» өлеңдерін мәнерлеп оқып берсе, кітапханашы К.Сатаева осы тақырыпқа сай М.Мәжитовтың «Құныскерей», Т.Омарбеков «Зобалаң», «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Б.Сисеновтің «Алаштың ақиықтары» кітаптарымен таныстырып, ондағы алаш қайраткерлерінің ақтаңдақ беттеріне тоқталды.

Кешті кітапхана директорының орынбасары Г.Айсағалиева қорытындылап, келген қонақтарға, оқырмандарға алғыс айтып, естелік сыйлық табыс етті.

Кәмшат ӘБІШ.

Суретті түсірген автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521