Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Республикалық «Бәйтерек аясы» қоғамдық ұйымы және Құныскерей батырды қадыр тұтатын ел азаматтарының ұйымдастыруымен Миялы ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары мен Қожахметов Құныскерей атындағы» саябақта саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шара өтті.
Онда алдымен саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына құран оқылса, шежіреші Марат Жұмағұлов алдымен шараның өту мәніне тоқталды. Одан соң Құныскерей батырдың немересі Серік, аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев, облыстық мәслихат депутаты Серік Хасанов, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Амангелді Сақтанов және тағы да басқа азаматтар сөз сөйлеп, Құныскерей Қожахметұлының ерлік істерін жас ұрпаққа өнеге етті.
Бұдан кейін, саябақ маңында, жастар арасында дәстүрлі садақ атудан сайыс өтті. Оған Миялы, Жангелдин, Сағыз ауылдық округтерінен барлығы 40 спортшы қатысып, бақ сынады. Нәтижесінде, миялылық Тойлыбек Қабиев жеңімпаз атанса, Ақниет Сарбасбай пен Ербол Асхат екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті.
Бұдан соң, Миялы спорт кешенінде саяси қуғын-сүргін құрбаны, халық жадында қаһармандығымен қалған Құныскерей Қожахметұлын еске алуға арналған қазақ күресінен «Түйе палуан» сайысы болды. Атырау облысының 11 палуаны қатысқан дода да алдымен әнұран ойнатылып, Атырау қалалық мәлихатының депутаты Аманбай Қыздарбаев Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының “Еңбек даңқы” төсбелгісін Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ауданның Құрметті азаматы Мәлік Сүлейменов пен талай палуанды әлемге танытқан мұқырлық жаттықтырушы Марат Әбдуәліге табыстады.
Тартысты бәсекеде І орынды Сұңғат Закаряиев жеңіп алып «Түйе палуан» атанса, ІІ орынды Бекбол Мұқашев, ІІІ орынды Наурызбек Өтеуов иеленді. Сөйтіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шара өз мәресіне жетіп, Құныскерей Қожахметұлының ұрпақтары "Керуен" сауда үйінің асханасында ас берді.
Кәмшат Әбіш.
Суреттерді түсірген автор