Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қысқа сақадай саймыз ба?

Енді екі айдан кейін қылышын сүйретіп қыс келеді.

Бұл орайда, «Биылғы қысқа аудандағы әлеуметтік нысандар мен елдімекендер дайын ба, төтенше жағдайдың алдын алуға мекемелер сақадай-сай ма?» деген заңды сауал туары хақ. Соған сай, өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында қысқы маусымға дайындықты пысықтаған жиын өтті.

Оған аудан әкімдігіне қарасты бөлім мен төтенше жағдайларға жауапты мекемелер және мектеп, балабақша басшылары қатысты. Жиынды аудан әкімі Арман Баженов ашып, жүргізіп отырды. Онда алдымен сөз алған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Венера Жұмалиева аудан бойынша жылу беру маусымына дайындық барысы туралы баяндады. – Қазіргі таңда, аудандағы 10 ауылдық округ пен 26 елдімекеннің 97,7 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Ал, көгілдір отын жүргізілмеген 6 елдімекенге газ құбырын тарту үшін жобалық сметалық құжаттамасы жасақталып, республикалық бюджеттен 2020 жылға қаржы сұратылды.

Сондай-ақ, жылу беру маусымына дайындық барысында жеке тұлғаларға «Қазақстан Республикасы газ пайдалану туралы» заңдылығын сақтау мәселесі бойынша арнайы комиссия құрылып, тұрғын үйлерді аралаған болатын. Тексеріс барысында аудан бойынша 5 – жаппа пеш, 6 – қолдан жасалған қазандық және құжаты жоқ 4 монша белгілі болды. Оларға заң аясында тиісті шаралар қолданылды. Жылу беру маусымына дайындық бойынша аудандағы 105 бюджеттік және бюджеттік емес мекемелер мен ұйымдардағы жылу қазандары жоспарға сай тексерілді.

Сонымен қатар, автокөлік жолдарын қыс мезгілінде қардан тазалау, жол жиегіндегі қалың өскен шөптерді шабу үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Жаңа Арна» ЖШС-мен келісімшартқа отырды. Жоспарлы жұмыстар кестеге сай орындалуда. Ал, аудан тұрғындарын қыста көгілдір отынмен, электр желісімен, ауызсумен қамту мәселесі бойынша да тиісті жұмыстар жасалды, – деді ол. Баяндамадан соң жиынды қорытындылаған аудан әкімі Арман Баженов:

– Баршаңызға белгілі қыс салғырттық пен қателікті кешірмейтін қатал сыншы. Сондықтан да орын алуы мүмкін кез-келген жағдайға дайын болуымыз керек. Қазірдің өзінде күн суыта бастады. Ал, қыста ауа-райы қалай болады, қар қандай деңгейде түседі оны білмейміз. Сол себептен қазірден бастап жауапты мекемелер мен округ әкімдері жолды қардан тазалау, әлеуметтік нысандардың қысқы маусымға дайындығы, қар қалың түскен жағдайда алыс елдімекендермен жедел байланыс орнату, қысқы мал азығын жеткілікті түрде даярлау жұмыстарын қолға алу керек. Тек жүйелі жұмыс қана бізді қыстың кез-келген қиындығынан алып шығады, – деп, округ әкімдері мен тиісті бөлім басшыларына тапсырма берді.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT