Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Теңге жиырма беске толды

Биылғы жылы елдігімізді білдіріп, мемлекетіміздің мәртебесін танытатын басты құралымыздың бірі – Ұлттық валютамыз теңгенің айналымға шыққанына 25 жыл толып отыр.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 15 қараша – Ұлттық валюта және қаржы саласы қызметкерлерінің күні ретінде атап өтіледі. Осынау айшықты мереке қарсаңында аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Елдос Арыстановпен сұхбаттасқан едік.

– Елдос Есбергенұлы, алдымен өзіңіз басқарып отырған аудандық қазынашылық басқармасының атқарып отырған қызметіне тоқталып өтсеңіз.

–Аудандық қазынашылық басқармасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесі», Қаржы министрлігі қазынашылық комитеті төрағасының бұйрығымен қаралған «Құрылымдық және аумақтық қазынашылық бөлімшелердің бюджеттің атқарылуына қазынашылық қызмет көрсету туралы» ережесін басшылыққа алып, қызмет көрсетіп келеді. Қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесінде ақпараттық және басқа да қауіпсіздік шаралары сақталады. Тұтынушылар ұсынған құжаттарды негізсіз қайтаруға жол берілмейді. Және құжаттарды өңдеу, оның орындалысы қатаң бақыланады.

Мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсету жылдамдығын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында көрсетілгендей биылғы жылдан бастап қаржылық құжаттарды өңдеу уақыты алты сағат ішінде орындалып отыр. 2021 жылдан бастап бұл жұмыстар төрт сағат ішінде атқарылуы тиіс. Бұған дейін бұл жұмыстар сегіз сағат ішінде жасалып келген еді.

– Төл теңгеміздің дүниеге келгеніне биыл ширек ғасыр толып отыр. Жас мемлекетке теңгені айналымға енгізу оңай болмағаны белгілі. Бұл жұмыстар ауданда қалай жүрді? 25 жыл ішінде теңгенің қалыптасуы қандай деңгейде?

– Әрине, тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш теңгесінің айналымға шығарылуы оңай болмағаны белгілі. Бұл жұмыстарға тікелей басшылық жасаған Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев теңгені айналымға енгізуде әлемдік тәжірибелерге жете назар аударды. Сол кездерде қызмет еткен аға буын өкілдерінің айтуынша, ақша реформасы өте құпия жүргізілген. Бұған дейін пайдаланып келген кеңестік сомды (рубль) теңгеге ауыстыру 1993 жылдың 13 қарашасында қолға алынып, 15 қарашада жүзеге асты. Ауданда бұл тарихи мәні аса зор, мемлекеттік деңгейдегі жоғары саяси міндетті іске асыру үшін арнайы комиссия құрылып, оны аудандық жоспарлау бөлімінің басшысы Мақсот Мұқанов басқарды. Жедел комиссия құрамына аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі Жеңіс Есенғарин, ұлттық банк басқарушысы Болат Сүйінов енді. Ауданның басқарушы органдары мен комиссия мүшелері уақытпен санаспай еңбек етті. Теңгені айырбастау кезінде мекеме қызметкерлері Мағия Алпанова, Қарылғаш Құспанова, Талғат Өтеғалиев, Шолпан Құспанова, Гүлзада Бағдаровалар іскерлік көрсетті. Олар теңгенің өмірге келуіне белсенді қатыса жүріп, ел экономикасының өркендеуіне және саяси-әлеуметтік өмірдің жаңа белестерге көтерілуіне өз шеберліктерін аямай жұмсады. Ескі ақшаны жаңа теңгеге ауыстыру 1993 жылдың 15 қарашасы күні сағат 8.00-де басталып, 20 қараша күні сағат 20.00-де аяқталған. Ұлттық банк бастапқыда бір теңгені сол кездегі 1000 сомға бағалады. Кейін еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері мен мемлекетаралық қатынастар ескеріліп, бір теңге 500 сомға айырбасталды. Ал, теңге бірінші айналымға шыққанда американдық бір доллардың бағамы 4,75 теңге болған еді.

1993 жылдың қарашасында теңгенің айналысқа шығарылуы біздің жас тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі екені даусыз. Ол еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолындағы түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін қажетті тарихи қадам болды. Төл теңгеміз пайда болғалы жүргізіліп келе жатқан мемлекеттің тізбекті қаржылық саясатының арқасында елімізде нарықтық институттар макроэкономикалық тұрғыдан тұрақталып, біртіндеп қалыптаса бастады. Ширек ғасыр ішінде теңге аяғын нық басты.

– Биылғы жылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілді. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүріп жатыр?

– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның 98-қадамында көрсетілгендей биылғы жылы аудандағы халық саны 2000-нан асатын Миялы, Сағыз, Мұқыр, Ойыл және Тасшағыл ауылдық округтеріне жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілді. Бұл аумақтық бірліктер бюджеттің 4 деңгейімен жұмыс жасап жатыр. Бастапқы кезде қиындықтар болғанымен, қазіргі таңда барлық сұрақтар шешімін тапты. 2020 жылдан бастап барлық ауылдық округтер мемлекеттік бюджеттің 4 деңгейіне енгізілуіне орай, аудандағы қалған бес округті көшіруге дайындық жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте округтердің есеп қызметкерлерін тарта отырып, дөңгелек үстелдерді, түрлі оқу-семинарларды өткізу жұмыстары жүргізілуде.

–Аудандық қазынашылық басқармасының алға қойған міндеттері қандай?

– Қазіргі таңда аудандық қазынашылық басқармасы арқылы бір республикалық, екі облыстық, бес ауылдық окуругке, 40 жергілікті бюджет қаржыландыратын мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетіліп отыр. Оларға Қазақстан Республикасы Бюджет кодексі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құқықтық-нормативтік құжаттарының шеңберінде және жоғарыда аталған қазынашылық қызметінің функционалдық міндеттері-нің негізінде қызмет жасалады. Ме-кеменің алдағы негізгі міндеттері, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспары аясында, мемлекеттік бюджеттің атқарылу сапасын жақсарту және мемлекеттік мекемелердің шоттарына қазынашылық қызмет көрсету сапасын арттыру. Сонымен бірге, бюджеттің атқарылу деңгейін көтере отырып, қызмет көрсету сапасын жақсарту, мемлекеттік мекемелердің төлеуге берілетін шоттарын, азаматтық-құқықтық мәмілелерін тіркеуге арналған өтінімдері мен жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу анықтамаларын өңдеу кезінде алдын ала, ағымдағы және кейінгі бақылауды күшейту, құқық бұзушылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын жүргізу де басты назарда болмақ. Бұл бағытта, аудандық қазынашылық басқармасы мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты және орынды жұмсалуымен ел игілігіне пайдалануына қызмет ете береді.

Бүгінгі төл мерекемізбен барша аудан жұртшылығын, жергілікті қаржыгерлерді құттықтап, жұмыстарына сәттілік тілеймін. Егемен еліміздің өркендеуіне бұдан да жақсы қызмет ете берулеріне тілектеспін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT